18.09.2019, 22:03
Оқылды: 419

БҚО-да жерді пайдалану қатаң бақылауға алынбақ

Бүгін облыс әкімдігінде өңір басшысы Ғали Есқалиевтің төрағалығымен ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің тиімді пайдалану жайын талқылаған жиын өтті.

IMG-20190918-WA0196

Аталған басқосуда Бәйтерек ауданы аумағындағы мақсатсыз пайдаланылған жерлерді анықтау, оны мемлекет меншігіне қайтарып, конкурс арқылы қолынан іс келетін шаруаларға беру бағытындағы атқарылған жұмыстар мен жоспарлар талқыланды.

- Күні кешегі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халыққа Жолдауында жер ресурстарын тиімсіз пайдалану мәселесінің өте өзекті болып тұрғанына баса назар аударған еді. Соңғы екі жыл ішінде біздің өңірдегі жергілікті атқарушы органдар облыстық прокуратурамен бірлесіп 1805 жер теліміндегі 1,5 мың гектарға жуық мақсатты пайдаланылмай жатқан жерлерді анақтаған болатын. Белгілі болған жер телімдерінің кадастырлық құны 11 млрд. теңгеге жуық. Бұл тек анықталғаны ғана. Бізге беймәлім, игерілмей жатқан бос жерлер де жетерлік. Кеңес заманында біздің облыстағы егістік жерлердің жалпы ауданы 1,5 миллион гектарға жуық болағаны аға буынның есінде шығар. Бүгінгі таңда бұл көрсеткіш 542 мың гектарды ғана құрап отыр. Яғни, егістік жерлердің көлемі үш есеге жуық кеміген. Бүгінде жер иелері одан айырылып қалмаудың неше түрлі амалын ойлап тапқан. Бірі жалған статистикалық мәлімет берсе, екіншісі меншігіндегі алқаптың тек айналасына ғана егін егіп, ортасын бос қалдыруды да әдетке айналдырған. Тіпті, өз беделімен қысым көрсететіндер де кездеседі екен. Бұл жалған деректерді болдырмау үшін геоақпаратты жүйе орнатуды да қолға алудамыз. Аталған жүйе толық қанды іске қосылған жағдайда жерді мақсатсыз пайдаланушылардың қолданатын амалдары толықтай әшкереленетін болады,-деді облыс әкімі.

IMG-20190918-WA0197

Облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Әлия Мұханбетжанованың айтуынша, өңірдің жалпы жер көлемі 15 миллионнан астам гектарды құрайды. Оның 7 миллион гектарға жуығы ауылшаруашылық мақсатында пайдаланылады екен. 2012-2019 жылдар аралығында жергілікті арқарушы органдардың жүргізген тексерісі нәтижесінде 1 миллион 532 мың гектар жердің мақсатты пайдаланылмағандығы анықталған. Аталған жер көлемінің 1,2 миллионға жуығы немесе 73%-ы мемлекет меншігіне қайтарылған. Қалған 300 мың гектардан астам жерді иелері қайта пайдаға асыра бастаған. Мемлекет меншігіне қайтарылған жер көлемінің 715 мың гектары тиімді пайдалану үшін айналымға енгізілген болса, 407 мың гектар жер өз иелерін күтуде.

IMG-20190918-WA0195

-Бәйтерек ауданы бойынша мемлекет меншігіне қайтарылған жерлерді жаңа иелеріне беру үшін өткен жылы екі конкурс өткізілді. Конкурсқа 3,8 мың гектарды құрайтын 14 жер телімі шығарылды. Билығы жылы да бір конкурс өткізілген болса, екіншісі дайындық үстінде. Өткізілген бірінші конкурста 5,7 мың гектарды құрайтын 14 жер телімі шығарылды. Нәтижесінде жер көлемін ұлғайтуға ниетті бес шаруа өздері тапсырыс берген жер телімдеріне қол жеткізді. Екінші байқаудың құжаттары дайындалып, қазан немесе қараша айларында өтеді деп жоспарлануда. Сондай-ақ ауданның берген есебінде жұмыс жасайтын шаруашылық қатарында тіркелгенімен жерді белгіленген мақсатта пайдаланбай отырған кәсіп иелері де бар. Олардың қатарынан бәйтеректік «Насым» және «Турсын и К» шаруа қожалықтарын атар едім,-деді Әлия Биғазықызы.

IMG-20190918-WA0198

Жиында аттары аталған, өз меншігіндегі жерді тиімсіз пайдаланған шаруалар орындарынан тұрғызылып, олардан нақты себептер сұралды.

Өзекті мәселеге арналған басқосуды қорытындылаған облыс басшысы Ғали Есқалиев жергілікті атқарушы органдарға бұл мәселені қатаң бақылауда ұстап, ай сайын есеп беріп отыру керектігін айтты.

Нұрбек ОРАЗАЕВ

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале