22.08.2018, 17:20
Оқылды: 36

БҚО-да жол апаты азайғанмен, қаза болғандар саны артқан

IMG_1984Бұл туралы БҚО әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұловтың төрағалығымен өткен облыс әкімдігі жанындағы құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысында айтылды.


 

Жиында құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша 2017-2019 жылдарға арналған кешенді жоспардың орындалу барысы пысықталды. «Өзіңнен баста!» жобасын іске асыру бойынша облыстық ІІД жергілікті полиция қызметі және жергілікті атқарушы органдардың өзара іс-қимылы жөніндегі мәлімдемелері тыңдалып, 2018 жылғы алты ай қорытындысы бойынша бөтеннің мүлкін ұрлау, соның ішінде мал ұрлығының алдын алу бойынша қабылданған шаралар мен кәмелетке толмағандардың жазғы демалысын ұйымдастыру жәйттері жан-жақты әңгімеленді. Сондай-ақ облыс аумағында жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша қабылданған шаралар туралы бүгінгі таңдағы өзекті мәселелер қаралды.

– Соңғы уақытта полиция қызметіне жалпы қоғам, сондай-ақ мемлекет басшылығы тарапынан үлкен мән берілуде. Өйткені елімізде қалыптасып отырған қылмыстық ахуал соған итермелейді. Құқық қорғау қашан да алғашқы кезекте тұратын қоғамдық қызмет. Бүгінгі отырысқа облысымыздағы барлық ауданның әкімдері селекторлық режимде қатысып отыр. Осындай кеңестерде құқық қорғау саласына қатысты қоғам тарапынан көтерілетін бірде-бір мәселе назардан тыс қалмауы тиіс. Сондықтан бұл жиынның маңызы аса жоғары екенін естеріңізге сала кетейін, – деді облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Абдоллаұлы жиынға кіріспе сөзінде.

Облыстық жергілікті полиция қызметінің басшысы Манарбек Ғабдуллиннің баяндауынша, елімізде құқық бұзушылықтың алдын алудың 2017-2019 жылдарға арналған кешенді жоспары қоғамдық қауіпсіздікті арттыру бойынша тапсырмаларды іске асыруға бағытталған. 2018 жылғы алты айдың қорытындысы бойынша қабылданған шаралардың нәтижесінде қоғамдық орындарда, көшелерде құқықтық тәртіпті және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, отбасы-тұрмыстық қарым-қатынастар саласындағы, мас күйде жасалатын құқықбұзушылықтардың, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша жоспарланған нысанды индикаторлардың орындалуына қол жеткізілген.

Облыстағы жол-көлік оқиғаларының саны 20,5 пайызға, олардың салдарынан жарақат алғандар санының 27,2 пайызға төмендегенімен, қаза болғандар саны 61,5 пайызға өскен.

– Жол-көлік оқиғалары салдарынан қаза болғандар санының өсуінің негізгі себептері республикалық және облыстық маңызы бар жолдардағы қозғалыстың көбеюі болса, мұндай оқиғалардың бірден-бір басты себебі – жол қозғалысына қатысушылардың жеке тәртіпсіздігі және жол жүру ережелеріне салғырт қарауы салдарынан орын алады. Жол-көлік оқиғаларының салдарынан қаза тапқандар санының өсуіне Ақжайық, Зеленов, Сырым, Қазталов, Тасқала, Шыңғырлау, және Орал қаласы тарапынан жол беріліп отыр. Бүгінгі таңда бұл бағыттағы жұмыстар жергілікті полиция қызметі басшылығының қатаң бақылауында тұрған мәселелердің бірі, – деді Манарбек Серікқалиұлы.

Жиын барысында өңірдегі тиісті басқармаларға құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстарды жоғары деңгейде өткізу қажеттігі жөнінде тапсырмалар берілді.

Нұртас Сафуллин

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале