10.08.2020, 11:14
Оқылды: 88

БҚО-да жол жағдайы жіті назарда

Облыс әкімі Ғали Есқалиевтың төрағалығымен Орал қаласында салынып жатқан жолдар мен құрылысы аяқталмай, шаһардың көркін алып тұрған ғимараттардың мәселелері талқыланған жиын өтті.

C9A1FE61-E46E-4860-95E3-EE1A62E2B8C4

   Онлайн режімде ұйымдастырылған басқосуда облыстық жолаушылар  көлігі және автомобильдер жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бауыржан Айтмағамбетов баяндама жасап, құрылыс жұмыстарын баяу жүргізіп жатқан мердігерлерді атады.

- Қазір Орал қаласы бойынша 41 жоба бойынша жол жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Соның ішінде «ШамШин», «КазСтройГарант», «Разак», «Ануш - Құрылыс» ЖШС-ларының мердігерлігімен салынып жатқан жолдардың құрылысы баяу. Өйткені олар әрқайсысы бірнеше жол құрылысының тендерін ұтып алғандықтан, үлгере алмауда. Құсайынов көшесіндегі жол құрылысының бес пайызы ғана орындалды. Қазір жер өңдеу жұмыстары жүріп жатыр. Аутокөлік қозғалысының қиындауына байланысты тұрғындардан шағымдар келіп түсуде. Сондай-ақ М.Дулатов, Қ.Жұмалиев көшелерінде де жұмыстар баяу. Себебі бұл көшелердегі жол салатын мердігерлер қаржыландырылмады. Сондай-ақ құрылыс жұмыстары мүлдем басталмаған көшелер бар. Айта кетсек, Лазо, Есламғалиұлы, Вагонная, Шыңғырлау, Меңдешев, Шевцов көшелері. Мердігерлерге жұмыстарын ширату туралы нұсқаулықтар берілді,- деді Бауыржан Есқайырұлы.

7111CFC4-7DF9-44CA-9B58-B118429F311C

Жиын барысында Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков шаһардағы салынып жатқан жолдардың жағдайымен таныстырып, жыл соңына дейін 63 шақырым жол, яғни 55 көше жөндеуден өтетінін жеткізді.

– Былтыр қала бойынша 22 шақырым жол жөнделсе, биыл үш есе артық жол жөнделмек. Кейбір мердігерлер жұмыс кестесі бойынша артта қалып отыр. Оның кейбіреуінің құрылыс жұмысы біздің тарапымыздан толық қаржыландырмаудың салдарынан өнбей жатырса, ал қаржыландырылған кей мердігерлердің жұмысы да өте баяу екендігіне көз жеткізіп отырмыз.  Жұмыстың бұл қарқыны ешкімді  қанағаттандырмайды. Егер мердігерлер көше жолдарын өздері белгіленген мерзімде, сапалы етіп орындай алмаса, қосалқы мердігерлерді тартсын. Өйткені күзгі жаңбырлар басталғанда, сапалы жол салынбайды. Қалада екі-үш жыл бұрын салынған жолдардың кейбіреуі шұрық-тесігі шыққан. Соның ішінде Еуразия көшесі бойынша Мұз сарайының маңы, Ружейников, Гагарин көшелерін атауға болады. Бірде-бір мердігер өзінің кепілдік міндеттемелерінен жалтармауы тиіс. Сондықтан жол сапасының кемшілігін мердігерлердің түзетуін бақылаңыз және жолдың сапасын тексеретін мониторингтік топтар салынып жатқан жолдарды бақылауға алсын,- деді шаһар басшысына қадағалауды тапсырған облыс әкімі Ғали Нәжімеденұлы.

B1EE5758-BDE5-4ACD-8F3B-3D38E5645336

Кеңесте талқыланған келесі мәселе – құрылысы аяқталмаған және пайдаланылмай тұрған ғимараттарды жалға беру және олардың қоршаған ортаға деген қауіпсіздігі болатын. Облыстық мемлекеттік-сәулет құрылыс бақылау басқармасының басшысы Бауыржан Сейітқалидың айтуынша, қалада құрылысы аяқталмаған 28 ғимарат бар. Аталмыш ғимараттар болашақта шаһардың инвестициялық порталына енгізіліп, жалға алатын немесе сатып алатын инвесторларға ұсынылмақ. Ал қауіпсіздігіне келер болсақ, ғимараттарға бөгде адамның кіруіне тыйым салынған және күзетші күзетуде. Сондықтан тұрғындарға, әсіресе ойын балалары үшін қауіпсіз.

 Гүлсезім Бияшева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале