28.07.2017, 16:49
Оқылды: 52

БҚО-да жыл басынан бері 187 дала өрті тіркелген

Жыл басынан бері өңірімізде жалпы аумағы 15807 гектар алқапты шарпыған 187 дала өрті мен 8,7 гектар ағашты отаған 1 орман өрті тіркелді. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда әлдеқайда көп. Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаментінде өткен брифингте айтылды.


Жиынды ашқан БҚО ТЖД бастығының орынбасары Нұрлан Таубековтың айтуынша, өрттің негізгі себептері отты абайсыз пайдалану мен құрғақ шөптерді рұқсатсыз өртеу екен. Сондай-ақ, оған ауылдардардағы ескі техникалардан шыққан ұшқын да «үлесін» қосуда.

-Біздің инспекторларымыз жергілікті ауыл шаруашылық бөлімдерінің қызметкерлерімен бірлесіп трактор және өзге де техникалардың өрт қауіпсіздігіне байланысты тексеру шараларын жүргізеді. Егер ұшқын шығатыны анықталса, олардың далалық жұмыстарға шығуына тыйым салынады. Бұл тыйым ақау жөнделгенше алынбайды. Жалпы ауылдардағы техниканың көбі ескі екені белгілі. Яғни олардан ұшқын шығу қаупі бар. Сол себепті ауыл шаруашылығы техникаларына иелік ететін мекеме-кәсіпорын, шаруашылық басшылары, тұрғындар осы мәселеге де жете назар аударса екен дейміз. Былтыр шөп жақсы шықты. Соған байланысты шаруашылық құрылымдары, жеке адамдар мал азығын молынан жинап алды. Бұл шөптердің біразы әлі күнге күнге дейін тұр. Алқапта қалып қойған шөптер де жоқ емес. Қыстай қардың, көктемде жаңбырдың, жазда күннің астында, желдің өтінде тұрып, олар әдбен кеткені аян. Яғни олар лезде лап ете түседі, отқа оранады. Кей жағдайда мұндай шөптің өз-өзінен жануы ықтимал. Өңірімізде алдағы күндерде қатты ыстық болады деп күтілуде. Термометр көрсеткіші 43 градусқа дейін көтерілмек. Аудан-ауылдарда жоғары өрт қауіптілігі сақталады. Соған байланысты тұрғындардан өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға жете мән беруін сұраймыз,-деді Нұрлан Сейдаханұлы.

Брифингте сөз алған облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Махамбет Ихсанғали өңіріміздегі барлық сегіз орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемелерде өрт бекеттерінің ашылғандығын мәлімдеді. Орман шаруашылығының барлық құрылымдық бөлімшесімен табиғатты қорғау, өрт сөндіру, құқық қорғау құрылымдарымен және шаруа қожалық, ұйым, мекеме-кәсіпорындармен бірлесіп өрттерді сөндіру жоспарлары дайындалды.

Мәди ЫҚЫЛАС

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале