12.08.2019, 16:53
Оқылды: 401

БҚО-да жыл соңына дейін жаңа инвестициялық жобалар жасалады

Бұл жайлы бүгін еліміздің барлық даму институттарын біріктіретін «Бәйтерек» холдингі мен оның еншілес компанияларының өкілдері облыс әкімдігінде өңір кәсіпкерлерімен кездесуінде айтылды. Басқосуда «Қазақстан – 2050» стратегиясында қойылған мақсаттарға жету және мемлекеттік саясатты жүзеге асыру, сол арқылы ел экономикасының тұрақты дамуына жәрдемдесу жолдары талқыланды.

IMG_2014

Жиынға өңір басшысы Ғали Есқалиев, бірқатар басқарма басшылары, мемлекеттік бағдарламалардың қаржы операторлары, екінші деңгейдегі банктердің басшылары және облыс кәсіпкерлері қатысты.

-Қазақстанның 30 дамыған елдер қатарына кіру стратегияларының бірі – бизнес аясын кеңейту және ол үшін барынша жақсы жағдай жасау. «Бәйтерек» холдингі «Нұрлы жер», «Нұрлы жол», Индустриалдық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы, «Бизнестің Жол картасы – 2020» секілді мемлекеттік бағдарламалардың түйінді операторы. Мәселен, «Қазақстан Даму банкі» арқылы облысымызда 59 млрд. теңге жеңілдік несиелері берілді. «Евро-5» бензинін шығаруға бағытталған «Конденсат» компаниясы мұнай өнімдерін өңдеу қуаттылығын жаңғырту жобасын іске асыруда. Орал трансформатор зауыты еліміз бойынша панельдік трансформаторларды шығаруды қолға алып, бүгінде екінші зауыт ғимаратын салуды жоспарлап отыр. Айта кету керек, трансформатор зауытының 95% өнімі экспортталады. Сонымен қатар мемлекеттік қолдау арқылы жиһаз шығаратын «Квант» компаниясы өз өрісін кеңейтіп, екінші фабрикасын іске қосуға ниеттенуде. Соңғы үш жылда облысымыздағы «Орал трансформаторлық зауыты», «КазАрмапром» ЖШС, «Орал» құс фабрикасы, «Рахат Орал» ЖШС, «Орал сауда-өнеркәсіптік компаниясы» секілді ірі кәсіпорындарға «KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясы арқылы 12,2 млрд. теңге қолдау көрсетілді. «QazTechVentures» АҚ-ның қолдауымен «Стекло-Сервис» ЖШС, «Орал полиэтилен құбырлары зауыты» ЖШС және «Орал трансформатор зауыты» ЖШС компаниялары жұмыс істеп тұрған өндірісті технологиялық дамытуға жалпы сомасы 886,5 млн. теңгеге инновациялық гранттар алды. Сол қолдаулардың көмегімен аталған кәсіпорындарда өндіріс аумағы жаңғыртылып, технологиялық процесс жақсарды. Ал «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында облыс әкімдігі «Даму» қорымен бірлесіп шағын және орта бизнесті қолдау жұмыстарын белсенді жүргізуде. Соңғы үш жыл ішінде пайыздық мөлшерлемені субсидиялау бойынша 298 жоба қолдау тапты. Сондай-ақ 2,1 млрд. теңге кепілдік беру сомасына 176 жобаға қол қойылып,  112 млн. теңгеге 64 мемлекеттік грант берілді. Дегенмен біздер осы қаржы институттарымен ынтымақтастықты дамыту бағытындағы жұмыстарды әлі де болса жандандыра түсуіміз керек. Олардың тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау шаралары арқылы өңір әлеуетін одан әрі арттыру жолдарын қарастыратын боламыз, - деді облыс әкімі Ғали Есқалиев.

Басқосуда сөз алған «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Рустам Қарағойшин аталған холдингтің жұмысымен таныстырып, алдағы жоспарларымен бөлісті.

IMG_2055

Айта кетейік, «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі 2013 жылы құрылған. Негізгі міндеті – жеке меншік құқы бар, сонымен қатар ұлттық даму институттары, ұлттық компаниялар, басқа заңды тұлғалар сеніп басқаруға берген акциялар пакетін басқару. Бүгінде холдинг өзінің аясына 11 еншілес ұйымды біріктірген. Холдинг өз қызметін бастаған уақыттан бері 366 мың жұмыс орны ашылған. Сонымен қатар 1,3 триллион теңгенің өнімі шет мемлекеттерге шығарылған болса, салықтық түсім 4,4 триллион теңгені құраған.

-Кәсіпкерліктің даму белсенділігі жағынан қарайтын болсақ, Батыс Қазақстан облысы еліміздің өңірлері бойынша алдыңғы үштікке кіреді. Бір қуантарлығы, бұл өңірдің кәсіпкерлері заң шеңберінен шықпай, белгіленген салықтарды уақтылы төлеп отыруды дағды еткен. Яғни кәсіпкерліктің мәдениеті өте жақсы жолға қойылған. Сонымен қатар бұл өңірде өнім өңдеу, машина жасау мен металлургия, ауыл шаруашылығы саласын дамытуға әлеуеті зор. Әсіресе, құс етін өндіру қарқын алып келеді. Осы бағыттағы жұмыстардың алға өрлеуі үшін болашақта да бірлесіп жұмыс жасайтын боламыз, - деді Рустам Қарағойшин.

Жиында сөз алған «Қазақстан Даму Банкі» АҚ басқарма төрағасы Абай Сарқұлов банктердің несие беру жүйесі, «Даму» АҚ басқарма төрағасы Гаухар Бөрібаева шағын және орта бизнесті қолдау, «Kazakhstan Project Preparation Fund» ЖШС басқарма төрағасы Әділ Өтембаев жобаларды қолдау мен қаржыландыру, кеңестер беру, «Қазақстан тұрғын үй құрылыс банкі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Нұрлан Ақшанов елдегі тұрғын үй бағдарламалары туралы жан-жақты түсіндіріп өтті.

-Бүгін біздің өңірде берері мол кездесу өтті. Күні бүгінге дейін «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі өңіріміздегі ірі кәсіпорындарға әрдайым қолдау көрсетсе, «Даму» қоры облыс көлеміндегі шағын және орта бизнес саласын қаржылық жағынан демеп келеді. Жыл соңына дейін жаңа инвестициялық жобаларды анықтап, даму институттары тарапынан қолдауға ұсынуымыз керек, - деді Ғали Есқалиев жиыннан соң БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.

Түстен кейін өңір кәсіпкерлері даму институттарының басшыларымен өндіріс орындарында жеке кездесіп, толғандырған сауалдары бойынша кеңес алды.

Нұрбек Оразаев,

сурет: Эльвира Меңдіғали

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале