17.01.2018, 16:10
Оқылды: 23

БҚО-да жылыту маусымы басталғалы өрттен 2 адам қаза тапты

Бүгін облыстық төтенше жағдайлар департаментінде өткен брифингте төтеншеліктер өңірде өрт оқиғаларының жиілеп кеткенін айтты.

Биылғы жылыту маусымы басталғалы бері облыста 137 (99-ы тұрғын үйлерде) өрт тіркеліп, тілсіз жаудың кесірінен 2 адам қаза болып, 5 адамды күйік шалған. Өткен жылы Орал қаласында 267 өрт оқиғасы тіркеліп (179 жеке секторда), 6 адам көз жұмып, 14 адам зардап шеккен.

Қате аяқ астынан демекші, 2018 жылдың 16 қаңтарында түнгі сағат 12-де Зеленов ауданына қарасты Краноармейский ауылында тұрғын үйдегі табиғи газбен жылытатын пеш істен шығып, соның салдарынан 1980 жылы туған әйел мен 2017 жылы туған нәресте газбен уланып, ауруханаға жеткізілген.

Мамандар тұрғын жайлардағы өрттің шығуына тұрғындардың қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтамауы себеп болып отырғанын айтады. Қыс маусымында жылыту пештерін тез тұтанатын бұйымдарға жақын пайдалану, киім, аяқ киім немесе өзге де заттарды пештің үстіне кептіру, бір мезетте бірнеше электр құрылғысын пайдалануы салдарынан болатын электр желілерінің қысқаша тұйықталуы сияқты жайттардың соңы қайғылы аяқталуы мүмкін. Сондықтан, әрбір жанның өзінің және отбасының денсаулығы мен өмірі алдындағы жауапкершілікті сезініп, сақтықта қорлық жоқ екенін үнемі қаперде ұстағаны абзал дейді мамандар.

Динара ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале