7.08.2019, 19:07
Оқылды: 203

БҚО-да жылыту маусымына дайындық пысықталды

 Бүгін облыс әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалығымен өткен селекторлық жиында қысқы жылыту маусымына дайындық барысы пысықталды.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің, коммуналдық кәсіпорындардың, білім беру, денсаулық сақтау басқармаларының басшылары және барлық аудан әкімдері қала мен даладағы жағдайды баяндап, шешімін күткен мәселелерді ортаға салды.

selektor (1)

-Облыс аумағында болған қатты дауыл бірқатар мемлекеттік мекемелер мен жеке кәсіпкерлердің мүлкіне зиян келтірді. Ең алдымен зардап шеккен әлеуметтік нысандарды қайта қалпына келтіруіміз керек. Санаулы күндерден соң жаңа оқу жылы басталады. Кезекті жылыту маусымының қайта басталуына да аз уақыт қалды. Қолға алынған іс-шараларды анықтап, орын алған күрделі мәселелерді бірлесе шешу үшін жиналып отырмыз,-деді өңір басшысы Ғали Есқалиев.

Облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Мұхамбетқалиевтің мәлімдеуінше, 2019-2020 жылдардағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары бекітілген жоспар мен кестеге сәйкес жүргізілуде.

-Ұзындығы 4,3 магистральды және орамішілік жылу желілеріне жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда 3,6 шақырым немесе 83,7 пайызға орындалды. Орал қаласының жылумен жабдықтау желілерін қайта жаңарту бойынша «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында ұзындығы 1,5 шақырымды құрайтын 2 өтпелі жобаны іске асыру қайта басталды. «Батыс су арнасы» ЖШС ұзындығы 4,7 шақырым су құбыры және 1,4 шақырым кәріз желілерін жөндеуде,-деді Қайрат Мұхамбетқалиев.

Алдағы жылыту маусымында облыстағы әлеуметтік нысандардың көмірге қажеттілігі – 3,1 мың тоннаны, ал сұйық отынға қажеттілігі 0,4 мың тоннаны құрайды. Білім беру нысандарының қазіргі дайындығы -  56,7 пайыз. Мәдениет нысандары – 70 пайызға,  денсаулық сақтау мекемелері – 73 пайызға дайын. Алайда Бөкей ордасы, Жаңақала және Тасқала аудандарының мәдениет бөлімдері, Қазталов ауданының білім беру бөлімі, Теректі ауданының денсаулық сақтау бөлімі көмір жеткізу бойынша, ал Бәйтерек және Қазталов аудандарының білім бөлімдері сұйық отын жеткізу бойынша келісімшарт жасауда жайбасарлық танытып отырғаны айтылды.

Ғали Есқалиев аудан әкімдері мен тиісті басқарма басшыларына, сонымен қатар, коммуналдық кәсіпорын жетекшілеріне жылыту маусымына дайындықты жеделдетуді тапсырды. Облыс аумағындағы барлық әлеуметтік нысандардың жылыту қазандығын тексеруден өткізіп, қажетті отынмен қамтылуын қадағалау қажеттігін баса айтты. Шаһардағы көп қабатты үйлерге жылу түгел және уақытында берілуі үшін, әсіресе, басқарушысы жоқ баспаналардың тұрғындарымен кездесіп, бірлесе жұмыстануды міндеттеді.

Динара Жұмабекқызы,

Суретке түсірген Эльвира Меңдіғали

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале