9.01.2018, 18:36
Оқылды: 54

БҚО-дағы ХҚКО былтыр 1,3 миллионнан аса қызмет көрсеткен

Бүгін БҚО бойынша «Халыққа қызмет көрсету орталығы» департаментінің директоры Марат Бассаров,  БҚО бойынша «Әлеуметтік төлемдерді ведомствоаралық есептеу орталығы» департаментінің директоры Асқар Кожумов, БҚО бойынша «Жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру» департаментінің директоры Нұрбек Қанаев 2017 жылы атқарған  жұмыстарын қорытындылап, биылғы жылдағы жұмыс жоспарларымен бөлісті.

          «Халыққа қызмет көрсету орталығы» департаментінің директоры Марат Бассаровтың айтуынша, «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясы Қазақстанның реестрінде тіркелген барлық мемлекеттік қызмет түрлерінің  83%-дан астамын көрсетуде.

Тұтастай алғанда 2017 жылы облыста «Халыққа қызмет көрсету орталығы» департаменті арқылы 1,3 миллионнан аса мемлекеттік қызмет көрсетілген, соның 946 мыңы электронды форматта.

Жылжымалы халыққа қызмет көрсету орталықтары шалғайдағы елді мекендердің тұрғындарына 31 546 мемлекеттік қызмет, сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі жандардың үйлеріне барып, оларға 2693 мемлекеттік қызмет көрсеткен.

-Біз қазіргі қолданыстағы мемлекеттік қызмет түрлері мен үрдістерін ұдайы талдап, автоматтандыруға жататын қызмет түрлерін анықтаймыз. Сонымен қатар типтік үлгідегі фронт-кеңселердің дизайнын жасаймыз. 2017 жылдың 4 тоқсанында қаладағы екі бөлімнің және Теректі, Тасқала, Зеленов аудандарындағы бөлімдердің трансформациясы жүзеге асырылды, - деді Марат Бассаров.

Сырым және Бөкей ордасы аудандарында фронт-кеңсе арқылы қолға алынған азаматтық хал-актілерін тіркеу бойынша қызмет көрсету жобасы азаматтарға туу туралы куәлікті бұрынғыдай 2 жұмыс күні ішінде емес, 3 сағаттың ішінде алуға мүмкіндік беруде.

Сонымен қатар, ХҚКО «Қазпошта» АҚ-мен бірлесіп, барлық елді мекендердегі пошта тораптары арқылы құжаттарды қабылдау және дайын құжаттарды беру жобасын бастады. Оның көмегімен ауыл тұрғындары 66 мемлекеттік қызмет түрін алуда.

Қазақстандықтар тарапынан ең көп сұраныс, қызығушылық тудырған пилоттық жоба бұл – перинатальдық орталықтарда дүниеге келген нәрестелерге композиттік қызмет көрсету болып табылады. Яғни, осы жоба аясында босанған әйелдер енді перзентханадан шықпай-ақ сәбидің туу туралы куәлігін алуға, сәбиге берілетін бір реттік жәрдемақыға құжат толтыруға, сәби бір жасқа келгенше берілетін жәрдемақыға құжат толтыруға және сәбиді балабақша кезегіне қоюға мүмкіндік берілуде. 2017  жылы облыстағы перинатальдық орталықтарда сәбидің дүниеге келуіне орай 6072 композиттік қызмет көрсетілген.

Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандар, ҰОС-ның ардагерлері «Азаматтарға арналған үкімет» жобасы аясында 1414 нөміріне хабарласу арқылы ХҚКО орталығының мобильді тобын үйге шақырта алады.

ХҚКО-да мүмкіндігі шектеулі азаматтарға кедергісіз орта қалыптастыру, оларға барынша қолайлы қызмет көрсету мақсатында биылғы жылы «Есту және сөйлеу қабілеттері бұзылған тұлғаларға онлайн-сурдоаударма» сервисін іске қосқан болатын.

Брифингте сөз алған БҚО бойынша «Әлеуметтік төлемдерді ведомствоаралық есептеу орталығы» департаментінің директоры Асқар Кожумов мекеме көрсететін қызмет түрлері көлемінің тұрақтылығын атап өтті.

-Бізден мемлекеттік қызмет түрлерін алатын азаматтардың жалпы саны өзгерген жоқ, бұрынғы деңгейде қалып отыр. Нақты айтқанда, ай сайын біз 145 мыңға жуық адамға қызмет көрсетеміз. Олар ай сайын біз арқылы 260 төлем түрлерін алады (зейнетақы, түрлі жәрдемақылар). 2017 жылы жасалған барлық төлемдердің жалпы сомасы облыс бойынша 82 млрд. теңгеден асты. Ағымдағы қаңтар айынан бастап зейнетақы мөлшері өскенін білесіздер. Соған сәйкес, 2018 жылы төлемдердің жалпы сомасы да көбейетін болады», - деп сөзін түйіндеді Асқар Темірболатұлы.

БҚО «Жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру» департаментінің директоры Нұрбек Қанаевтың айтуынша, мекеменің Орал қаласында және 12 ауданда өз бөлімшесі бар. Оларда 200-ден аса мамандар жұмыс жасауда.  2017 жылы  аталмыш департамент сәйкестендіру құжатын, мемлекеттік жер актілерін, техникалық төлқұжаттар, жер телімдерін бағалау актілерін беру, жерге орналастыру секілді 30 мыңнан аса мемлекеттік қызмет түрлерін көрсеткен. Одан бөлек мекеме топырақты зерттеумен, геоботаникалық жұмыстармен, яғни  жерлердің сапалық сипаттамасы, жер телімдерінің кадастрлық құнын белгілеуге әсер ететін жайылымдардағы шөптің шығымдылығын зерттеумен айналысуда.

                                                                                                                                   Гүлсезім БИЯШЕВА,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале