19.01.2018, 20:20
Оқылды: 146

БҚО-дан «Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандары» жинағына 40 нысан енген

Астанада өткен «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» II республикалық форумына қатысып келген облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиев «Жайық Пресс» медиахолдингіне келіп, ҚР Мәдениет және спорт министрінің алғыс хатын табыстады. Министрдің марапатына мекеменің бас директоры Жантас Сафуллин мен  «DANAqaz» республикалық тарихи-танымдық журналының бас редакторы Қазыбек Құттымұратұлы ие болды.

«Киелі Қазақстан» жобасы аясында жасалған жұмыстар сараланған форумда жалпыұлттық және аймақтық маңызы бар тариxи нысандарға арналған екі жинақ таныстырылды. Шараға БҚО өңірінен де делегаттар қатысты.

Форум барысында «Киелі Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Берік Әбдіғалиұлы тариxи нысандарды іріктеу жұмысының қалай жүргізілгенін айтты. Жалпы жинаққа еліміздің аймақтарынан ұсынылған тізімнің 90 пайызы енген. Ғалымның айтуынша, іріктеу кезінде тариxи нысанның арxеологиялық құндылығы мен арxитектуралық әсемділігіне емес, аңызына, халықтың қабылдауына маңыз берілген.

«Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары» жинағы үш тілде жарық көрді. Таралымы - 1000 дана. Кітапқа ерекше бағаланатын табиғи мұра ескерткіштері, археологиялық ескерткіштер, діни және ғибадат орындары т.б енген.  Аймақтық нысандарға арналған жинақтың да таралымы сондай. Бірақ аталған кітап қазақ және орыс тілдерінде басылды. Қазір қос кітаптың электрондық нұсқасы дайындалуда. Сонымен қатар аталған жерлер бойынша көпфункционалды 3D туры бар карта жасақталуда екен. Ұялы қосымша арқылы жасайтын карта әлемдегі кез келген адамға осы жерлердің жолын, дерек-аңызын айтып береді.

«Киелі Қазақстан» жобасы аясында біздің өңірде де комиссия құрылып, бірқатар зерттеу жұмыстары жүргізілді.

- Былтырғы жыл жобалау, жоспарлау кезеңі болғандықтан, түсіндіру бағытындағы жұмыстарға маңыз берілді. Алайда соның өзінде нақты іс-шаралар басталып кетті. Биыл жоспардан іске көшетін жыл болып есептеледі. Өңірде киелі жерлердің географиясын жасақтау бір жерге тоғыстырылмаған. Әркім қолынан келгенше кітап шығарды, әр адам тұжырымын еш негізсіз айтып жүрді. Бір жүйе жоқ болатын. Осы мақсатта ғалым, өлкетанушылардың басын қосқан комиссия бекітіліп, нақты ғылыми-зерттеу жұмыстары жасалды. Байқағанымыз, бізде тізімге ұсына алатын қасиетті нысандар жетерлік екен. Алайда барлығын ұсына берсек, шын мәніндегі киесі ашылмауы мүмкін. Зерттеу жұмыстарына ескерткіштерді қорғау инспекциясы, облыстық музей, аудандағы қарапайым азаматтар үлес қосты. Осымен киелі жерлерді анықтау жұмысы аяқталып отырған жоқ. Толықтыру, іздестіру жұмысы жалғаса береді. Киелі жерлер елдің бірлігін арттырады деп сенеміз. Оны елді біріктіретін, ұлтты ұйыстыратын жоба деп есептейміз. Бұл жерде тек қазақтың нысандары ғана емес, өзге ұлттың нысандары да бар. Өйткені бұл - біздің тариxымыз. Ол бәрімізді біріктіруі керек», - дейді облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиев.

- Жалпыұлттық және аймақтық киелі жерлердің тізімі екі бөлек кітап ретінде жарыққа шығуының мәні бар. Іріктеу кезінде әр өңір өте көп нысан ұсынып,  республикаға таңдау жасау оңай болмады. Сол себепті жинақ жекелеген өңірге маңызды және республикаға ортақ нысандар деп екіге бөлінді.

«Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандарына» Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша 52 нысан енген. Бұл ең жоғары көрсеткіш. Бұдан кейін Қарағанды облысы (43 нысан), Алматы облысы (41 нысан), біздің облыс (40 нысан) тұр. Яғни, Батыс Қазақстан облысы төртінші орында екен. Бұл бізді қуантады. Біз соңғы бес жылда құлпытастарды зерттеумен айналысып келеміз. Бұл бағытта жинаққа ғылыми зерттеу нәтижелерінде табылған 13 тұлға енгізілген. Олардың қатарында Жарман хазірет, Дәуқара батыр, Байбарақ батыр, Тайлақ Мәметайұлы, Үкі би, Айшуақ хан, Науша батыр, Жетпіс палуан, Сүгір жырау бар. Байқасам, осы тұлғалармен деңгейлес біраз ата-бабаларымыз қалып қойған. Мәселен, Есім хан, Мəулімберді т.б. бар. Алайда Берік Әбдіғалиұлы зерттеу жұмыстарының тоқтамайтынын, қолдау болатынын айтып отыр. Құлпытастарды зерттеу бағытында жұмыстанған батысқазақстандық азаматтарға алғыс білдіремін.

«Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары» туралы айтар болсам, жинаққа біз тұрақты зерттеп жүрген Ғ.Қараш бабамыздың зираты енген. Бұл тұлғаларымыз осыған дейін ескерусіз келді. Жоба арқасында тұлғамызды республикаға таныта алатындай жағдайға қол жеткізіп отырмыз. Бұл жобаның бас-қасындағы азаматтар әділетті жұмыс істеуде деп есептеймін. Кітапқа маңызы жоғары Сегізсай қорғандар кешені енбеген екен. Болашақта ескерілетініне сенеміз. Жалпы жинаққа 191 нысан енсе, соның 6-уы біздің облыстан екен. Болашақта әлі де түгенделіп жинақ болып шығатынына, яғни тізімге талай лайықтылар енетініне сенемін, - дейді «Жайық Пресс» медиахолдингінің бас директоры Жантас Набиоллаұлы.

Форум аясында батысқазақстандық Айболат Құрымбаев, Жәнібек Әбілпейісов, Кәрім Өтеғұлов, Тыныштық Өтешқалиев «Үздік өлкетанушы» төсбелгісімен марапатталды. Ал Қазыбек Құттымұратұлы, Жантас Сафуллин, Фараби Жанқадамов, Гүлназ Айтқалиева, Мирболат Ерсаев, Асылханым Жаркемалиева, Талғат Жүсіпқалиев Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрінің Құрмет грамоталарымен және алғыс хаттарымен марапатталды.

Айта кетейік, «Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары» қатарына облыстан ортағасырлық «Жайық» қалашығы, «Бөкей Ордасы» тарихи-музей кешені, Тақсай қорған кешені, Жұмағазы хазірет, Ғұмар Қараш зираты, Жымпитыдағы Алашорда музейі енді.

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале