17.04.2018, 18:10
Оқылды: 27

БҚО департаменті басшысының түнгі клубтағы видеосына қатысты тексеру басталды

Батыс Қазақстан облысы бойынша табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаментінің басшысы Мұрат Оспановқа қатысты қызметтік тексеру жүргізілуде. Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің БҚО бойынша департаментінің басшысы, әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Болат Исақов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, Youtube арнасында 12 сәуір күні М.Оспановтың қатысуымен видео жарияланған.

Видеода белгісіз біреулердің М.Оспановты түнгі клубтың залынан көтеріп, холға шығарғаны, оның кейін барып есін жиғаны түсіп қалған. Бұған байланысты департамент басшысы мас күйінде болмағандығын және тәртіп бұзбағандығын, тек есінен айырылып, құлап қалғандығын айтып, мәлімдеме жасаған болатын.

«Кеше аталған дерек бойынша тәртіптік іс қозғау және қызметтік тексеру жүргізу туралы бұйрыққа қол қойылды. Оспановтың өзі түсінік берді. Сондай-ақ оның денсаулығының жай-күйі туралы анықтама да бар. Қазіргі кезде осының бәрі зерттелуде. «Эльдивино» түнгі клубында болған сол оқиғаны көргендер болса, бізге хабарласуын өтінер едік. Бұл іс тексеру біткеннен кейін әдеп жөніндегі кеңес отырысында міндетті түрде қаралатын болады», деді Б.Исақов.

Айта кетейік, биылғы бірінші тоқсанда әдеп жөніндегі кеңес отырысында 6 тәртіптік іс қаралған. Соның қорытындысы бойынша 4 мемлекеттік қызметшіні тәртіптік жазаға тарту ұсынылды.

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале