10.01.2020, 20:51
Оқылды: 352

БҚО-ға ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі келді

Бүгін облысқа келген ҚР Денсаулық сақтау вице-миниистрі Олжас Әбішов қаладағы бірқатар денсаулық сақтау мекемесінің жұмысымен танысып, көп бейінді қалалық ауруханада сала мамандарымен кездесті.

IMG-20200110-WA0118-800x600

Сапардың басты мақсаты – 2017 жылдан бастап қолға алынған міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша атқарылған жұмыстарды пысықтау және 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап толыққанды іске қосылған жүйенің алғашқы аяқ алысын саралау.
Ең алдымен облыс орталығындағы №4 емхана мен облыстық тері-венерологиялық диспансерінде болып, МӘМС бойынша қолға алынған жұмыстармен танысқан вице-министр Олжас Әбішов емдеу мекемелерінің техникалық жабдықталуына жоғары баға берді.

20200110_204541-800x579
Ал қалалық көпбейінді ауруханада медицина қызметкерлерімен және сала ардагерлерімен кездескен вице-министр МӘМС жүйесі аясында өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұрғындардың мәртебесін анықтау, жаңа жүйенің артықшылықтары мен тиімділігі туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту, МӘМС шеңберінде көрсетілетін медициналық қызметтер және тегін дәрі-дәрмекпен қамту мәселелеріне егжей-тегжейлі тоқталды.
-Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің емделушілер үшін тиімді екенін ұғынықты тілде түсіндіру керек. Шын мәнінде, бұған дейін ақылы көрсетіліп келген көптеген медициналық қызмет аталмыш жүйе аясында қолжетімді болды. Тегін дәрі-дәрмектің көлемі де ұлғайды. ҚР денсаулық сақтау министрі бүгін ғана №666 бұйрыққа қол қойды. Оған сәйкес науқастарға тегін ұсынылатын дәрі-дәрмек түрі 286-ға ұлғайды.
МӘМС жүйесін енгізуге дайындық кезең-кезеңімен жүзеге асып, халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жан-жақты жүргізілгеніне қарамастан, оның артықшылығын түсінбейтіндер әлі де бар. Әрбір қазақстандық, әсіресе, ауылдағы ағайын бұл жүйенің қалай жұмыс істейтінін, қандай медициналық көмекті қайдан алатынын білуі тиіс.
Осы орайда мәртебесі анықталмаған адамдар үшін бұрын көрсетіліп келген кейбір медициналық қызмет түрлері көрсетілмейді. Ал ай сайын медициналық сақтандыру бойынша төлем жасап отырған емделушілер үшін керісінше қосымша мүмкіндіктер ашылады. Алдағы екі-үш айда түсініспеушіліктер туындамас үшін, жергілікті жердегі жұмысты күшейту керек, - деді Олжас Амангелдіұлы.
Біріншіден, МӘМС аясында ҚР аумағында емделуші өзі таңдаған кез келген емханадан, соның ішінде жеке емхананы қоса алғанда, медициналық көмек ала алады. Бұл жағдайда, емхананың шығынын медициналық сақтандыру қоры толығымен өтейді. Екіншіден, медициналық сақтандыру төлемін жасаған емделуші ТМККК және МӘМС пакеттері шеңберінде қарастырылған медициналық көмекке жұмсалатын қосымша төлемдердің барлық түрінен босатылады. Үшіншіден, елдің кез келген дәріханасында ұсынылатын дәрілік заттардың құрамы бойынша кеңейтілген және жақсартылған тізбесі толық қолжетімді болады.
Төртіншіден, МӘМС қатысушысы қорға аударылған жарналары туралы және медициналық ұйымдарда көрсетілетін қызметтер туралы ай сайын ақпарат ала алады. Бесіншіден, азаматтарға сапасыз қызмет көрсетілсе немесе МӘМС қатысушысы ретінде құқықтары бұзылған жағдайда Қор сақтандырылған азамат ретінде емделушінің құқықтары және мүдделерін қорғайды.
Әрбір азамат медициналық қызмет алу барысында өзінің құқығын білуі үшін немесе қандай да бір медициналық мекемеге арыз-шағымы болса, 1406 нөміріне хабарласса болады.
Жиынға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Бибігүл Қонысбаева өңірде 13 мыңға жуық тұрғынның мәртебесі әлі анықталмай отырғанын мәлімдеді. Бибігүл Тишанқызының айтуынша, Орал қаласында тұрғылықты мекен жайы бойынша тіркеуде тұрмайтын, жалдамалы пәтерлер мен саяжайларды мекендеген жерлестеріміздің міндетті медициналық сақтандыру жүйесі бойынша қай санатқа жататынын анықтау қиынға соғып отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар үздіксіз жүргізілуде.
Денсаулық сақтау вице-министрінің облысқа екі күндік жұмыс сапары аясында Орал қаласындағы №6 емхана мен облыстық инфекциялық ауруханаға бару және бірқатар кездесу өткізу жоспарланған.

Динара Жұмабекқызы
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале