11.07.2020, 1:03
Оқылды: 864

БҚО-ға меценаттар 160 оттегі концетраторын сыйлады

Көпшілікті жіпсіз байлаған карантин кезінде кәсіпкерлер де халыққа көмек қолын созып, белсенді қимылдай бастады. Ақ Жайық меценаттарының арқасында облыстық көп бейінді аурухана базасына «Armed 7F-5L», «Armed 8F-5» және LF-H-10A оттегі концентраторларының 160 данасы жеткізілді. Оттегі сыйлайтын аппараттар қаладағы және аудандардағы ауруханаларға да таратылмақ.

IMG-20200710-WA0243

Таяуда облыс әкімі Ғали Есқалиев демеушілер тарапынан зор көмек болатынын хабарлаған еді. Міне, соның дәлеліндей өңірімізге жеткізілген медициналық жабдықтардың жалпы құны 130 миллион теңге көлемінде. «Armed 7F-5L», «Armed 8F-5» үлгілері минутына 5 литрге дейін оттегі қоспасын шығара алады. Бұл өкпе ауруын емдеудің тиімді әдісіне көшуге мүмкіндік береді. Бір концетратор екі науқасты оттегімен қамтамасыз етеді. Яғни 136 оттегі концентраторы бір уақытта 272 адамның жан сақтауына көмектеспек.
24 дана LF-H-10A құрылғысының пайдасы зор. Бұл концентратор минутына 10 литр оттегі қоспасын өндіреді және өпкені жасанды желдететін аппаратқа қосып, тәулік бойы пайдалануға болады. LF-H-10A концентраторы өте сезімтал. Науқастың халі нашарласа, кішкентай шамдары бірден хабар береді. Қан қысымы көтерілсе, автоматты түрде тоқтан айырылып қалады. Су жаңа жабдықтар жан сақтау бөлімінде қосымша емдеу орындарын ашуға мүмкіндік береді.

IMG-20200710-WA0248

Концентраторларға жоғары қысымды оттегі баллондарын қосудың қажеті болмағандықтан, оларды қолдану қауіпсіз екеніне көз жеткізуге болады. Бұл концентраторлар он жыл бойы кәдеге аспақ және ішкі сүзгісін жыл сайын жуып-шайып тұрса, жеткілікті. Науқастар өмірін ұзартуға септесетін бұл құрылғыларды алуға ірі меценаттар – «Желаев астық өнімдері комбинаты» АҚ директоры Эдуард Федорченко, «Uniserv» ЖШС бақылау кеңесінің төрағасы Нұрғазы Сәтбаев, «Галактика» ойын-сауық кешенінің иесі Юрий Ткалун мол қаржы бөлген.

IMG-20200710-WA0244

– «Желаев астық өнімдері комбинатының» акционерлері ақылдаса келе, коронавирусқа қарсы күрес үшін 100 миллион теңге бөлуді ұйғардық. Акционерлік қоғам аясында қазақстандық және ресейлік кәсіпкерлер игі бастаманы қаржыландыруға бір ауыздан келісті. Карантин кезінде біздің кәсіпорын жұмысын тоқтатқан жоқ. Биыл да астық алқабынан жақсы өнім алуға үміттіміз. Індет кезінде облыс кәсіпкерлері халықты медициналық құрал-жабдықпен қамтамасыз етуге өз үлестерін қосатынына сенемін, – деді Эдуард Федорченко.

Нұртай ТЕКЕБАЙ

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале