6.11.2019, 16:19
Оқылды: 333

БҚО-ға шетелдік дипломаттар келді

Бүгін облысқа Нидерланд Корольдігінің, Ұлыбритания мен Америка Құрама Штаттарының дипломаттары мен елшілері келді.

 akimat posol (5)

Делегация құрамында Ұлыбританияның ҚР-дағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Майкл Гиффорд, Америка Құрама Штаттарының ҚР-дағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Уильям Мозер, сондай-ақ Нидерланд Корольдігінің ҚР-дағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Андре Карстенс бар. Облыстың өнеркәсіптік, инвестициялық және туристік әлеуетімен танысуға келген делегацияның өңірімізге сапарын «Қарашығанақ» мұнай-газ конденсаты кен орнының бірлескен операторы «Shell Қазақстан» компаниясы ұйымдастырды. Ал делегацияны Қазақстандағы Shell концернінің төрағасы Оливье Лазар мырза бастап жүрді.

akimat posol (13)

Облыс әкімінің орынбасары Серік Егізбаевпен кездесу барысында тараптар АҚШ, Ұлыбритания және Нидерланды елдерімен Батыс Қазақстан облысы арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту, аймақтың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру мәселелерін талқылады. Серік Рахметоллаұлы бүгінде үш елдің де Қазақстанның халықаралық аренадағы ең маңызды серіктестері екендігін және елдер арасындағы қарым-қатынас көптеген жыл бойы достық пен іскерлік рухында дамып келе жатқанын айта келе, облыс басшылығының ынтымақтастыққа жаңа серпін беруге ашық және дайын екенін атап өтті. Сондай-ақ өңірде ауыл шаруашылығы және экотурзимді дамыту саласында зор әлеует бар екеніне тоқталды.

akimat posol (1)

 - Біз Қазақстанмен әрдайым нығайып келе жатқан тығыз экономикалық ынтымақтастық орнаттық. Американдық бизнес Қазақстанға инвестиция салуға әлі де қызығушылық танытып отыр. Сондықтан мен сапар барысында инвестициялық мүмкіндіктер туралы жан-жақты мағлұмат аламын деп үміттенемін. Осы сапар аясында АҚШ елшілігінің қолдауымен Орал қаласында ашылған американдық бұрыштың жұмысымен танысуды жоспарлап отырмын. Облыс тұрғындарына ағылшын тілін үйрету, американдық әдебиет туралы кеңестер беру, зерттеушілерге қолжетімді деректер қорын ұсыну сияқты көптеген қызметтер ұсынатын аталмыш американдық бұрыштар Қазақстанның көптеген қалаларында жұмыс істейді. Аз қамтылған отбасылардың балаларына ағылшын тілін үйрету жобасы бойынша да ұсыныстарымыз бар,-деді АҚШ елшісі Уильям Мозер.

akimat posol (6)

Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы тауар айналымы 2,7 млрд. ағылшын фунт-стерлингін құрағанын, соңғы үш жылда 31 бірлескен кәсіпорын құрылғанын, сонымен қатар жергілікті мазмұнды арттыруға баса көңіл бөлінетінін атап өткен Ұлыбритания елшісі Майкл Гиффорд облыс кәсіпкерлерімен бірге жұмыс жасауға болатын бірнеше бағытты атап көрсетті. Олардың қатарында ауыл шаруашылығы, мұнай-газ секторы, қаржы және білім салалары бар.

 Нидерланды – Қазақстан экономикасындағы ең ірі шетелдік инвестор екенін атап өткен Нидерланд Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Андре Карстенс тиімділігі жоғары ауыл шаруашылығын дамыту бойынша БҚО-ның тартымды аймақ екенін айтты. «Біздің технология бойынша көкөніс және гүл өсіруге арналған заманауи жылыжайлар салу туралы айтып отырмын. Көкөніс түрлерін жергілікті нарықты айтпағанда, сіздің облыс арқылы Ресейге шығаруға мүмкіндік мол.

akimat posol (10)

Біз қызығушылық танытып отырған тағы бір сектор – су қорларын басқару. Бұл бағытта біздің өте мол тәжірибеміз бар. Жалпы су қорларын тиімді пайдалану, кәріздік жүйелер, ауыз су – әріптестік үшін әлеуеті мол салалар, - деген Андре Карстенс қазіргі таңда облыста жылына 40 мың тонна өнім алуға мүмкіндік беретін жалпы аумағы 52 гектар жылыжай жобасы қолға алынғанына тоқтала кетті.

Қазақстандағы Shell концернінің төрағасы Оливье Лазар Шелл компаниясының ширек ғасырдан бері энергетика саласын дамытудағы еліміздегі басты серіктесі екенін, Қарашығанақ жобасының бірлескен операторы ретінде компанияның облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына алдағы уақытта да үлес қоса беретінін жеткізді.

Сапар барысында дипломаттар облыстағы жергілікті және шетелдік бизнес өкілдерімен бірқатар кездесу өткізуді, «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.» компаниясының өндірістік қызметімен, Қарашығанақ кен орнын өндіруді кеңейту жобаларының жүзеге асырылуымен танысуды және кәсіпорын жұмысшыларымен кездесуді жоспарлап отыр.

Динара Жұмабекқызы

суретке түсірген Мейірбек Тажкуранов

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале