6.02.2020, 15:05
Оқылды: 176

БҚО қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы пара алғаны әшкереленді

Ақпанның 4-і күні жасырын тергеу әрекетінің нәтижесінде Батыс Қазақстан облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы Марат Есеновтің пара алғаны әшкереленді. Бұл жайында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің БҚО бойыншадепартаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрдәулет Самет хабарлады.

Департамент бастығы өзіне тікелей бағынышты аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімдегі қызметкерге лауазымын жоғарылату және мансаптық өсу жолында қолдау білдіретінін айтқан. Яғни облыстық департаменттің жұмылдыру ресурстарын есепке алу және тағайындау бөлімінің бастығы етіп тағайындайтыны жөнінде уәде беріп, 200 мың теңге пара алған. Бірақ оңай жолмен шен-шекпен алуға келіспеген қызметкердің шағым түсіруіне байланысты сыбайлас жемқорққа қарсы қызмет сотқа дейінгі тергеуді бастады.

para

Ақпанның 3-4-і күндері келісілген соманың 100 мың теңгесі қолма-қол берілсе, қалған қаржы каспий голд картасына аударылды. Қылмысты ерте әшкерелеуге көмектескен қызметкер енді заңнама талаптарына сәйкес сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізетін уәкілетті құрылым тарапынан сыйақымен марапатталмақ.

 Қазіргі уақытта қылмыстық-процестік кодекстің 128-бабына сәйкес облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы Орал қалалық полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторында қамауға алынған.

Былтыр облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментте сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және қылмыстық жауапкершілігі жөнінде түсінік жұмысын жүргізіп, жыл бойына осы бағытта 18 іс-шара өткізген. Бірақ қорғаныс саласындағы дүмді шендінің өзі де түсіндіру шараларында айтылған ескертуді қаперіне де алмаған секілді.

2018-2019 жылдары облыста төрт әскери қызметшіге қатысты іс қозғалып, сыбайлас жемқорлық қылмысын жасағаны үшін төртеуі де сотталды. Оның үшеуі – Ұлттық ұлан қызметкерлері болса, біреуі – Бөкей ордасы аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімде қызмет еткен майор.

Нұртай Текебаев

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале