19.10.2019, 0:02
Оқылды: 106

БҚО "Музейлер шеруі" эстафетасын Ақтөбе облысына табыстады

«Музейлер шеруі» республикалық акциясы аясында облыстық тарихи-өлкетану музейі алаңында құрылған сахнада «Көне дүние күмбірі» атты концерт өтті.

IMG-20191018-WA0116-800x533

– Қайырлы кеш, қала тұрғындары мен қонақтары! Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен «Музейлер шеруі» республикалық акциясы ұйымдастырылуда. Акция аясында мәдени шаралар эстафетасын көршілес жатқан Атырау облысынан қабылдап алдық. Еліміздің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен жүзеге асып жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы және «Ұлы даланың жеті қыры» жобасының негізгі мақсаты – тарихи мұраларымызды түгендеу, өткенімізді саралау, болашақ еншісіне аманаттау. Тарихымыз терең, келешегіміздің кемел екенін танытуда музейлердің орны ерекше, – деді шараның ашылу сәтінде Батыс Қазақстан облысы басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиев.

IMG-20191018-WA0130-800x533

Сахнада Батыс Қазақ облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Мирболат Ерсаев «Музей түні» эстафетасын Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Мейрам Дүйсенғалиға табыстады.

IMG-20191018-WA0132-800x533
– «Музейлер шеруі» шарлар легі Батыс өңірінен бастау алуда. Концерттен кейін соңғы үш жылда археологиялық қазбалар нәтижесінде табылған жәдігерлер көпшілік назарына тұңғыш рет ұсынылады. Облысымызға құнды экспонаттар ала келген Сарайшық мемлекеттік тарихи-мәдени музей қорығының және Атырау облысы Махамбет ауданының тарихи-өлкетану музейінің көрмелерін тамашалай аласыздар, – деді Мирболат Бижанұлы. Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Мейрам Дүйсенғали эстафета жолдамасын салтантты түрде табыстаған ұжымға сәттілік тіледі.
– Ақ Жайық өзенінің екі қанатына орналасқан Орал қаласына, қасиетті өлкеге аяқ басқаныма қуаныштымын. Атырау мен Оралға берік байланыс орнатқан Ақ Жайықтың орны бөлек болса, күні кеше ескерткіші ашылған батыр бабаларымыз Исатай-Махамбет, қаһарман Хиуаз бен күйші Дина сынды тұлғаларымыздың ортақ болып келуі – қос өңірдің тарихи сабақтастығының дәлелі. Атырау өңірінен алып келген жәдігерлер көне тарихтан сыр шертеді. Бабаларымыздың қасиетті бұйымдары – өткеніміздің куәсі, – деді шараға арнайы қатысқан Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Рашида Харипова.

IMG-20191018-WA0128-800x533
«Көне дүние күмбірі» атты концертінде күміс көмей, жез таңдай әншілер Еркін Өтегенов, Асыланбек Қуаналиев, Дархан Құлбабаев, Жаскелең Ғайсағалиев ән шырқаса, «ККК» би студиясы, «Салтанат» би ансамблі хореографиялық композициялар орындады. Концерт БҚО тарихи-өлкетану музейінің әнұраны «Ғасырлар үнімен» тәмамдалды.
«Музей түнін» тамашалауға келген жұртшылық «Қыш құмыралар құпиясы», Сарайшық музей қорығының «Ортағасырлық Сарайшық – Қазақ елінің астанасы», Атырау облысы Махамбет ауданының «Ұлы дала тарихы – ұрпаққа аманат» көрмелерінің жәдігерлеріне қызығушылық танытты. Экспозициялық залдарда этно-фольклорлық ансамбль ән-күй әуендерін төгілтіп, көрермен Алтын ханшайым, Исатай мен Махамбет, Троя арулары кейпіне енген әртістермен бірге суретке түсті.

Нұртай Текебаев

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале