25.09.2018, 17:10
Оқылды: 76

БҚО-ның этномәдени бірлестік өкілдері Ресей елшісімен кездесті

Өңірімізге жұмыс сапарымен келген Ресей Федерациясының Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Алексей Бородавкин Орал қаласындағы Достық үйінде Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы этномәдени бірлестіктер жетекшілерімен кездесті.

IMG_2757

Биыл ақпан айында Қазақстандағы елшілік қызметіне кіріскен Алексей Бородавкиннің Ақжайық өңіріне алғаш рет келуі. Қазақстан мен Ресей арасындағы екіжақты және интеграциялық өзара іс-қимыл, өңіраралық ынтымақтастық және мәдени-гуманитарлық салалардағы серіктестікті кеңейту мәселелері талқыланған кездесу барысында сөз алған елші тарих тамырластырған қос елдің жақын әріптес әрі тату көрші ретінде байланыстарының болашағы зор екенін атап айтты.

Еуразия құрлығының төрінде орналасқан Батыс Қазақстан облысының Ресейдің бес бірдей облысымен шектесетіні мәлім. Сол себепті де инвестициялық және іскерлік әріптестікпен қатар көршілес облыстар арасындағы мәдени байланыстар өте берік әрі жан-жақты дамыған. Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғайса Қапақов достық пен өзара түсіністік дәстүрлерін берік ұстанған ассамблеяның түрлі саладағы өңіраралық ынтымақтастықтың беки түсуіне атсалысып, мәнді шаралардың ұйытқысы болып жүргенін ерекше атап өтті.

«Дос жүрегін шекара бөле алмайды» атты дәстүрлі фестивальдің ұрпақтар сабақтас­ты­ғын­дай рухани, мәдени байланыстың қанат жаюына ықпал етудегі рөліне тоқталған төраға орынбасары Вера Шохина Ресей елшісін қырық  жылдан аса уақыт Ақжайық елімен,  қазақ жазушыларымен достық қарым-қатынаста болған белгілі орыс жазушысы, М.Шолоховтың Зеленов ауданының Дариян ауылында орналасқан мемориалдық музейін тамашалауға шақырды.  БҚО Қазақстан халқы Ассамблеясының жастар қанатының жетекшісі, «Яик» казак фольклорлық-этнографиялық бірлестігінің төрағасы Игорь Спиридонов «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысы аясында қолға алынған ортақ жобалар туралы әңгімелеп, екі елдің жастар ұйымдары арасындағы өзара қарым-қатынасты күшейту мен тәжірибе алмасу, сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыру мәселеріне қатысты ойларын ортаға салды.

Динара ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

zhaikpress.kz

IMG_2746 IMG_2766

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале