30.01.2018, 16:36
Оқылды: 54

БҚО-ның сыртқы тауар айналымы 4792,2 млн. АҚШ долларын құрады

Өткен жылы мемлекеттік бюджетке 249 млрд. теңге түсім түсті, оның ішінде 175 млрд. теңге республикалық бюджетке, 74 млрд. теңге жергілікті бюджетке түсіп, жоспар 100 пайыз орындалды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі өткізген брифингте облыстық мемлекеттік кірістер департаменті өкілдері айтты.

2016 жылғы салық түсімдері көрсеткіштерімен салыстырғанда 2017 жылғы салық түсімдері республикалық бюджетке 10 млрд. теңгеге, жергілікті бюджетке 3,5 млрд. теңгеге артық түсті. Өткен жылы бюджетке қосымша 12 млрд. теңге салық түсімдері анықталып, өндіріліп алынды. Оның ішінде 10,5 млрд. теңге жүргізілген камералдық бақылау және әкімшіліктендіру нәтижесінде 1,5 млрд. теңге салық тексерістері арқылы анықталып өндірілді.

-Ұлттық қорға 2017 жылы 178 млрд. теңге салық түсімдері жоспарланса, нақты түсім көлемі 266 млрд. теңгені құрады (107 пайыз), ол 2016 жылмен салыстырғанда 146 млрд. теңгеге артық (2016 жылғы түсім 120 млрд. теңге).
Сонымен қатар 760 млн. теңге салық берешектері өндірілді.
2018 жылдың 1 қаңтарындағы мәліметке сәйкес, салық берешектері 3,6 млрд. теңгені құрап, жыл басымен салыстырғанда 17,3 пайызға азайды.

Салық берешектері бар салық төлеушілердің саны жыл басымен салыстырғанда 25 мыңға немесе 28,2 пайызға төмендеді, - деді аталмыш департаменттің басшысының орынбасары Бауыржан Қайдаров.Оның айтуынша, кірістер департаментінде мемлекеттік қызметтердің 28 түрі көрсетіледі. Оның ішінде 25 қызмет түрі автоматтандырылған, оның 19-ы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясында баламалы түрде көрсетіледі.

Басқосуда 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап заңды күшіне енген ҚР Салық кодексіндегі жаңалықтар туралы кеңінен айтылды. Жаңа Салық кодексінің негізгі мақсаты – салық уақытылы төлейтін тұлғалардың мүддесін қорғауға бағытталған. Яғни, бұдан былай барлық түсініксіз тұстар салық төлеушінің пайдасына шешілетін болады.

Салық төлеуші салық органының түсіндірмесіне сай әрекет кеткен уақытта, белгілі бір позициялардың өзгеріп кеткеніне қарамастан айыппұлдар мен өсімпұлдардан босатылады.

Брифингте аталмыш департамент басшысының кеден саласы бойынша орынбасары Нұрболат Абдуловтың айтуынша, кедендік түсімдер бойынша 2017 жылға болжам 19730,6 млн. тенге болса, нақты түсім 19924,4 млн. теңгені құрап, жоспар 101 пайызға орындалды.

Облыстың сыртқа тауар айналымы 4792,2 млн. АҚШ долларын құрады, оның ішінде 93,6 пайызы (4483,5 млн. АҚШ доллары) экспорт, 6,4 пайызы (308,7 млн. АҚШ доллары) импорт. 2016 жылмен салыстырғанда тауар айналымы экспорт есебінен 28,1 пайызға артты (1 114,4 млн. теңге). Экспорт көлемінің негізгі бөлігін, яғни барлық экспорттың 98,9 пайызын мұнай өнімдері мен оларды өңдеу тауарлары құрайды.

Аталмыш департамент басшысының экономикалық тергеулер саласы бойынша орынбасары Темірлан Шонаевтың айтуынша, экономикалық тергеулер қызметі бойынша 2017 жылы өндірісте 245 қылмыстық іс болды, 230 құқық бұзушылық тіркелді. 193 құқық бұзушылық бойынша өндіріс аяқталды.
Аяқталған қылмыстық істер бойынша келтірілген шығын көлемі 1 млрд. теңгеге жуық, оның ішінде тәркілеуді қоса алғанда 517 млн. теңгесі өндірілді.

Экономикалық тергеулер қызметінің жұмысы мемлекет пен бизнеске экономикалық шығын келтіретін қылмыстық іс әрекеттерге тосқауыл қою мен олардың алдын алуға бағытталған.

Гүлбаршын Әжгереева

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале