26.04.2019, 16:45
Оқылды: 27

Оралда «Аңыз болған абысындардың» премьерасы өтті

Х.Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы, ақын Дариға Мұштанованың «Аңыз болған абысындар» шығармасы сахналанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ab1

         Туынды соғыс жылдарындағы ауылдағы абысындардың ауыр өмірін, олардың елдің береке-бірлігін, өз ұрпағын аман сақтаудағы жанкешті еңбегін суреттейді.

         Спектакльді театр актрисасы, бұдан бұрын Фариза ақын жөнінде «Аялап өтем...» атты қойылымды сахналаған Нұргүл Жұбатова қойды.

         Суретшісі - Мұрат Мәмбетов, балетмейстері - Қарлығаш Қадырбекова. Сазбен көркемдеген Ержан Қажымов.

11

         Нақты өмірден алынған үш ана, үш абысынның рөлін театрдың белді әртістері сомдады. Олардың үлкені, тылда ерен еңбек етумен бірге шаңырақтың да ұйытқысы бола білген Сақыпжамалды белгілі актриса, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әсел Мәмбетова алып шықты. Сақыпты Жанаргүл Құрманғалиева сомдаса, Ділдәні Айнұр Вахитова, бір қолын беріп, соғыстан аман келген оның жұбайы Айсаны Теміржан Матаев бейнеледі.

         Қатты сырқаттанған Сақыпты аман алып қалу үшін Сақыпжамал мен Ділдә сонау Астраханға дейін сапар шегіп, қызыл балықты алып келеді. Содан Сақыптың беті бері қарайды.

         Сақыпжамалда атұстар болмағаннан кейін Айса егер жары ұл туса, жеңгесінің бауырына салатынын мәлім етеді. Құдай жомартқа береді деген, сөйтсе, әйелі егіз ұл табады.  Міне, бұл қазақтың мейірім, пейілінің кеңдігін, бауырмалдығын паш етеді.

         «Қырдағы ел қуанып, ойдағы ел ойланатын туынды болды деп есептеймін. Елбасымыз айтатын «Рухани жаңғыру» дегеніміз, міне, осы. Залда ине шаншар орынның болмауы сөз түсінетін, оны қадір тұтатын халықтың келгендігін білдіреді. Біздер Дариғаны сонау айтыс ақыны кезінен бері жақсы білеміз. Бүгін, міне, өзін жазушылық қырынан танытып отыр. Бала өсіріп, ұрпақ тәрбиелей жүріп, мұндай әдемі дүниені  жазу оңай емес. Дариға сонымен қатар өзінің уақытын аямайтын, өзгенің бақытын аялайтын ұстаз. Ұстаз да, ақын да, жазушы да адам тәрбиелейді. Ендеше, осы жолдағы еңбегі жанып, еселене берсін деймін», деді Алматыдан арнайы келген белгілі қаламгер әрі баспагер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары Мереке Құлкенов.

ab

         БҚО Мәдениет басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиев «Аңыз болған абысындардың» басқа қала, аудандарда да қойылатынын, театрдың тұрақты репертуарына енгізілетінін жеткізді.

         Театрда өткен Дариға Мұштанованың «Күн-көңіл көктем» атты шығармашылық кешінде сондай-ақ ақынның өлеңдері оқылып, оның сөздеріне шырқалған әндер шырқалды. «Сіз білім саласында талмай еңбек етіп, білікті де іскер басшы болдыңыз. Қазақстан білім беру саласының құрметті қызметкері, «Ерен еңбегі үшін» медалі мен Ы.Алтынсарин белгісінің иегері атандыңыз. Жүрегіңізден өлең төгіліп, оқырманды сүйсінткен «Аңыз болған абысындар» атты прозалық шығармаңыз дүниеге келді. «Ақынның орны - қаламы қандай биікке көтеріп шығарса, сол жерде» деген бар. Ал сөз түсінер ағайынын жыр әлеміне жетелеп, ұлттың тұтастығы мен бірлігі төңірегінде толымды ойлар арнасына тоғыстырар сіздей дала перзентіне ел құрметі әрдайым жоғары», - деді облыс әкімінің орынбасары Миржан Сатқанов.

Mushtanova (1)

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале