28.01.2018, 17:46
Оқылды: 28

БҚО тоғызқұмалақ федерациясының кубогы сарапқа салынды

IMG-20180128-WA0010Қазіргі уақытта "Рухани жаңғыру" аясында облыста ұлттық ойындарды дамытуға көңіл бөлінуде.

Қаңтардың 26-28 күндері Орал қаласындағы Оқушылар сарайында тоғызқұмалақтан облыстық жарыс өтті. Оған БҚАТУ мен Орал қаласынан жəне аудандардан келген 10 команда қатысты. Жарыста БҚО тоғызқұмалақ федерациясының кубогы сарапқа салынды. Тартымды да қызықты өткен ойында Орал қаласының командасы кубокты (58 ұпай) ұтып алды. Яғни, 170 тоғызқұмалақшы қатысқан жарыстағы жекелей сында ересектерден оралдық Жарасхан Сағынбаев пен Аида Карина, жастардан Дархан Əнуарбеков пен Ділназ Ерниязова, жасөспірімдерден Нұршат Жеңісқали мен Самира Оразмұханбет ешкімге дес бермеді.
Жалпыкомандалық есепте Бөрлі (56,5) мен Жаңақала (53,5) ауданының ойыншылары алдыңғы қатардан көрінді.
- Жеңімпаз-жүлдегерлерге облыстық спорт басқармасы мен федерация атынан кубок, медаль, дипломдар берілді. Демеушілер көмегімен қаржылай жəне бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Тоғызқұмалақ - тапқырлықты, шапшаң ойлауды, есепке жүйрік болуды талап ететін ойын. Рухани жаңғыру аясында ұлттық ойындарымызды насихаттап, оған балалардың қызығушылығын оятуға əр отбасы атсалысса, құба-құп, - деді облыстық тоғызқұмалақ федерациясының атқарушы директоры Дəулет Əбдікəрімов.

Нұртай Текебаев

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале