26.03.2018, 19:44
Оқылды: 82

БҚО: Төтеншеліктер жоғары дайындық режиміне көшті

  БҚО төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Ақылбек Ахметжанов Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында су тасқынының алдын алу шаралары турасында баяндады.

-Бүгінгі таңда облыс аумағындағы барлық өзеннің беті әлі күнге мұз күйінде тұр. Жайық өзеніндегі мұз қабатының қалыңдығы - 33-40, Шағанда - 7, Деркөл мен кіші өзендерде 60-74 сантиметрді құрайды. Өңіріміздегі республикалық меншіктегі су қоймаларындағы судың көлемі 54 пайыз  мөлшерінде. Аумақтағы республикалық маңызы бар автокөлік жолдары бойында - 459, облыстық және ауданаралық жолдар бойында 1140 су өткізгіш құбырлар орналасқан. Қазір су көп жиналатын жерлердегі құбырларды қардан тазарту жұмыстары жүргізілуде. Төтенше жағдайлардың алдын алуға облыс бойынша қажетті қаражат қарастырылып, материлдық-техникалық жағдайы қамтылды. Мұз жару тобы мен авиавизуальды тексеруге, ғарыштық мониторинг жүргізуге де тиісті дәрежеде қаржы бөлінді. Облыс аумағында 57 әр түрлі деңгейдегі бөгеттер мен гидротехникалық құрылыстар бар. Оның 24-і республикалық, отызы коммуналдық меншікте болса, үшеуі иесіз деп танылған. Өңірдегі су тасқынының алдын алу мақсатында 2017 жылы Сырым ауданының Шолақ-Аңқаты су қоймасы қалпына келтірілді. Облыстық бюджет есебінен Зеленов ауданындағы Деркөл өзеніне гидротехникалық су құйғыш салу бойынша жұмыстар жүргізілді. Облыс орталығы аумағындағы еріген қар суы кедергісіз өтуі үшін Зашаған кенттік округіндегі Болашақ, Балауса және Сарытау шағынаудандарындағы жолдар бойына су өткізгіш құбырлар орнатылды. Күні кеше облыс әкімі Алтай Көлгіновтің төрағалығымен облыстық су тасқынына қарсы штабтың отырысы өткізілді. Сол басқосуда облыс әкімі бүгінгі күннен бастап барлық азаматтық қорғаныс жүйесін жоғары дайындық режиміне көшуді тапсырды. Тасқала, Қазталов аудандарының жолдарын қардан тазалауға облыс орталығынан қосымша арнайы техникалар жіберілді. Жайық, Шаған және Деркөл өзендері маңындағы саяжай аумақтарында 75 бау-бақша серіктестігі орналасқан. Ол жерлерде 13 мыңға жуық тұрғын болса, олардың 4 мыңға жуығы балалар. Облыс бойынша - 48, Орал қаласында 28 уақытша орналастыру пункттері әзірленді. Өзендердегі қауіп төндіретін жерлерде мұз кесу жұмыстары жалғасуда. Бүгінде жалпы ауданы 209 мың шаршы метр мұз кесіліп, 10 136 ойықтар ойылды. Көп жылдық мониторингке сәйкес облыста суға кету қаупі бар деп есептелетін 76 елді мекенде бар болса, ол жерлерде 36 мыңнан астам тұрғын, 9 мыңнан астам үй орналасқан. Қазіргі таңда сол аймақтарда су тасқынының алдын алу үшін барлық жағдай  жасалуда. Дәл бүгін облыс бойынша жағдай тұрақты, - деді Ақылбек  Қосманұлы.

Нұрбек   ОРАЗАЕВ,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале