19.02.2019, 16:23
Оқылды: 92

БҚО тұрғыны алып аққала соқты (сурет, видео)

Теректі ауданының орталығы Федоров ауылының тұрғыны Ерлан Рысқалиев биіктігі 8 метрлік аққала соқты. Бұл жөнінде аудандық балалар шығармашылығы үйінің басшысы Геннадий Креймер редакциямызға арнайы келіп хабарлады. Алып аққаланы көру үшін Ерланның үйін бетке алдық. 

IMG_0012

- Жақында ресейлік «Сливки шоу» арнасы #slivkishow, #100кзаснеговика хэштегімен байқау ұйымдастырған болатын. Сайыстың шартында ұйымдастырушылардың Қазақстан бойынша ең биік 100 аққаланы анықтайтыны, аққала тұрғызғанда ешқандай техника қолданбай, түрлі тәсілдерді, сондай-ақ уақытты тиімді пайдалану қажеттігі жазылған. Содан отбасымызбен сайысқа қатысуға бел будық. Өздеріңіз көріп отырғандай, 7 күннің ішінде ойымдағы аққаланы соқтым. Оңай болды деп айта алмаймын. 8 метрге баспалдақпен шығып, су құю, жан-жағын ағашпен тегістеу сынды жұмыстар көп күшті талап етті. Байқауға қатысып жатқанымды естіп, қолдаған достарым Арман Серіков пен Жасұлан Онбаевқа алғысым шексіз. Қолымнан келетініне сендіріп, демеу болған жұбайым Заринаға да ризамын, - деді Ерлан Мақсотұлы.

Отағасының еңбегін бір апта бойы ұялы телефонына түсірген Зарина Дышекова: «Біз бұл бейнені «Алмазик ТВ» арнасын көретін балаларға арнап түсірдік. Балғындарға мақсатқа жету жолында ештеңеден тайынбай, алға ұмтылуды, төзімді болуды үйреткіміз келді» дейді. Сайыс қорытындысы келесі аптада шығады. Жеңімпазға 100 000 рубль ақшалай сыйлық берілетін көрінеді.

Аягөз Айтқалиева,
Теректі ауданы

© zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале