25.04.2018, 16:28
Оқылды: 247

БҚО жастары «100 жаңа кітапты» оқуды бастап кетті

31183506_1638967356219539_5871850240780271616_oОблыс жастарының қоғамдық белсенділігін арттыру бағытында құрылған «Елім менің» коалициясының кезекті отырысы өтті.

Орал қаласындағы Bastau коворкинг орталығында өткен жиында «Еліме саяхат» тарихи-танымдық экспедициясының алғашқы сапары, «Елім менің» сайтын іске қосу туралы, «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында қазақ тіліне аударылған кітаптармен танысу секілді өзекті мәселелер қаралды.

- Тарихи, рухани маңызы бар жерлерді аралап көру арқылы ата-бабаларымыздың ұлылығын сезініп, өзіміздің кім екенімізді бағамдай аламыз. Осы мақсатта облысымыздың жастары «Еліме саяхат» тарихи-танымдық экспедициясын ұйымдастырғалы отыр. Алғашқы сапарымызды еліміздің оңтүстігіндегі Түркістан, Шымкент шаһарларынан бастамақпыз. Алғашқы баратын жеріміз – Сайрам ауданы. Мұнда Ибрагим ата, Әбділ Әзіз баб, Қарашаш ана кесенелерімен танысу көзделуде. Мұнан кейін Отырар, Бәйдібек аудандарын араламақпыз. Түркістан қаласында Арыстан баб, Қожа Ахмет Яссауи бабаларымыздың кесенелерін зиярат етіп, көрген-білгендерімізді облыс жастарымен бөлісеміз. Сондай-ақ экспедиция барысында видеоблок жүргізіп, тарату үшін арнайы репортаж жасайтын талантты жастар іздестірілуде. Экспедицияға барғысы келетін жастар біздің орталыққа келіп, өздерінің кандидатураларын ұсынуларына болады. Экспедиция кезінде орынсыз «сән-салтанатты» шетке ысырып, саяхатымызды ең қолайлы, қаражат аз кететін жолмен аман-есен өткеру мәселелері қарастырылуда. Шамамен 7 мамырда басталатын алғашқы саяхатқа 15 адамды қатыстыруды жоспарлап отырмыз, - дейді облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың маманы Гүлжанат Қаленова.

31230471_1638967526219522_2302904826381467648_o«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы бойынша жарық көрген 18 кітаптың 3-еуі бүгінгі таңда «Жас Отан» жастар қанатының облыстық филиалына жеткізілген. Жастар аталмыш кітаптарды оқуды бастап та кеткен.

- Мен тақырыбы жағынан өзімнің атқарып жүрген жұмысыма тікелей қатысы бар «МЕДИА ЭТИКА жас мамандардың тәжірибесінен» атты кітапты қолыма алғалы 1-2 күннің ішінде 60 шақты бетін оқып шыққан екенмін. Кітап қызықты оқылады. Аристотель, Сократ, Платон секілді ғұламалардың күнделікті өмірде пайдаға асатын еңбектері келтірілген. Мысалы маған ерекше әсер еткен тұстарының бірі - Платонның «Үңгір аллегориясы». Оның мағынасына тоқталар болсақ, үңгірдегі адамдар алға қарай жүруді ғана біледі екен. Олардың ішінен біреуі үңгірден кері шығып, сырттағы жарық тіршілікті көріп келіп, сол туралы әңгімелесе, іштегі адамдар оған сенбейді. Кей кезде бүгінгі қоғам өмірінен де осыған ұқсас жайттарды аңғару қиын емес, - дейді «Жас Отан» жастар қанаты облыстық филиалының менеджері Зарина Ықсанова.

Ал аталмыш жастар ұйымында қызмет ететін Азамат Мағзом философия ілімінің ежелгі заманнан бүгінге дейінгі дамуын толық қамтитын, төрт бөлімнен тұратын еңбектің «Антика философиясы» атты бірінші томын оқуды бастаған.

- Философия әр адамның таным көкжиегіне байланысты әр түрлі әсер етеді. Еңбектің, білімнің күші қандай? Құдай деген кім? Жан, сана деген не? деген сияқты сұрақтарға жауап іздеп жүрген жастар болса, «Батыс философиясының жаңа тарихы» кітабын оқу арқылы бұл сұрақтарға белгілі бір деңгейде жауап алуға болады деп ойлаймын. Аталмыш кітапта келтірілген, кез келген адамға ой саларлық бір ғана қысқаша оқиғаға тоқталайын. Фалес аспандағы жұлдыздарды зерттеймін деп аспанға тесіле қарағаны сонша, абайсызда құдыққа түсіп кетеді. Сол сәтте сүйкімді әрі қуақы жалшы қыз «Аспанда не бар екенін білгісі келіп есі шығады, ал аяғының астында не бар екенін де көрмейді» деп күлкі еткен екен, - дейді ол.

Жиынды жүргізген «Жас Отан» жастар қанаты облыстық филиалының төрағасы Нұрғали Жолдасқалиев жастар белсенділігімен қолға алынған, рухани жаңғыру аясында болашақта іске қосылатын «Елім менің» сайтының жалпы жобасы туралы баяндап берді.

 

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале