6.05.2019, 14:27
Оқылды: 36

БҚО-да Отан қорғаушыларға құрмет көрсетілді

7 мамыр Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылғанына 27 жыл толады. Бүгін осынау айтулы мереке қарсаңында облыс әкімдігінің «Нұр-Сұлтан» мәжіліс залында Отан қорғаушылар күніне арналған салтанатты жиын өтті. Облыс әкімі Алтай Көлгінов мерекелік шараға арнайы шақырылған Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, Қарулы Күштер құрамында қалтқысыз қызмет етіп, ел тыныштығын күзетіп жүрген генералдар мен офицерлерге, сержанттар мен жауынгерлерге облыс жұртшылығы атынан алғыс айтты.

7 mai (4)

-Қазақстан Республикасының Қарулы күштері Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тікелей басшылығымен құрылып, қалыптасты. Тәуелсіздік жылдарында егемен еліміздің ұлттық қауіпсіздік стратегиясы айқындалды. Әскери доктринамыз қабылданып, Қарулы Күштерді дамытудың тұжырымдамасы бекітілді. Осы стратегиялық құжаттарға сәйкес, 2030 жылға қарай әскеріміздің жауынгерлік әлеуетімен Қарулы Күштеріміздің қуаты бір жарым есе өсуге тиіс. Арнаулы операциялар күшінің мүмкіндіктері үш есеге артады.

Тұңғыш Президентіміздің тапсырмасына сай таяу жылдарда қару-жарақ пен техниканың барлық түрінің 70 пайызы, ал жекелеген санаттар бойынша 100 пайызға дейін жаңартылады. Жақында ғана «Қазақстан инжиниринг» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамына тиесілі жергілікті «Зенит» зауытынан құрастырылып шыққан «Нұр-Сұлтан» әскери кемесін суға жібердік. Еліміздің теңіз шекарасы беріктігін сақтайтын тағы бір кеменің Батыс Қазақстан облысында жасалуы біз үшін зор мақтаныш. Оған астанамыз «Нұр-Сұлтан» қаласы атауының берілуі үлкен абырой.

7 mai (1)

Әскери қызмет қауіп-қатерге толы. Әскерилер бұл жолды саналы түрде таңдап, жауапкершілікті сезініп, Отанға қызмет етуді басты борышы санайды. Олар үшін патриотизм мен туған өлкеге деген сүйіспеншілік жәй ғана әдемі сөздер емес, өмірлік ұстанымы. Ұлы Отан соғысы жылдарында 40 жерлесіміз Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Алты батысқазақстандық Даңқ орденінің кавалері атанды. Майданға біздің облыстан аттанған 76 635 жауынгердің екіншісі қайтып оралмады. Қаһармандардың ерлігі мен батырлығы әрдайым біздің жүрегімізде.

7 mai (2)

            Бүгін біздің ортамызда осы жылдың 27 наурызында әскери міндетін орындау кезінде қаза тапқан жерлесіміз, капитан Сырым Мәсәлімнің ата-анасы мен жары отыр. Біз Мәлкей аға мен Нәзия апаға көңіл айтып, Отанына адал, ержүрек азамат тәрбиелегені үшін басымызды иеміз,-деді Алтай Сейдірұлы.             ҚР Президентінің 2019 жылғы 29 сәуірдегі №32 Жарлығымен әскери және қызметтік борышын үлгілі атқарғаны, қиын-қыстау жағдайда көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін Сырым Мәсәлімнің «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалі ата-анасы мен зайыбына табысталды.

         Бірінші және екінші дәрежелі Отан соғысы, «Қызыл Жұлдыз» ордендерінің иегері, Ұлы Отан соғысының ардагері Хамза Сафин майдан даласында ерліктің ерен үлгісін көрсетіп, есімдері аңызға айналған даңқты батысқазақстандықтар туралы әңгімелеп, жас ұрпақты тәрбиелеуде майдангерлердің отансүйгіштігін, антқа адалдығын, қаһармандығын, қайсарлығы мен табандылығын үлгі тұту қажеттігін айтып өтті.

Біздің қоғамда әскерилер мен тәртіп сақшыларына деген құрмет қашан да жоғары. Салтанатты жиында облыс әкімі А. Көлгінов ҚР Қарулы күштерінде, Ұлттық Қауіпсіздік қызметінде, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросында, облыстың ішкі істер, прокуратура құрылымдарында және сот билігінде абыройлы еңбек етіп жүрген бір топ азаматты марапаттады. Сонымен қатар еліміздің қаржы құрылымындағы ұзақ жылғы жемісті еңбегі үшін БҚО бойынша тексеру комиссиясының төрағасы Әлібек Қадырбековке «Қаржы қызметінің үздігі» төсбелгісін табыстады.

Динара Жұмабекқызы,

суретке түсірген Александр Куприенко

zhaikpress.kz

7 mai (5) 7 mai (6) 7 mai (7) 7 mai (8) 7 mai (9) 7 mai (11)

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале