27.07.2018, 10:59
Оқылды: 37

«Бөкей ордасы мен Жәнібек аудандарына жол салу Елбасының қатаң бақылауында»

Өңірімізге жұмыс сапарымен келген Премьер-министр  Бақытжан Сағынтаев «Орал Тасқала Озинки РФ шекарасы» және «Қазталов Жәнібек Бөкей ордасы» автожолдары құрылысының барысымен танысты.

Қазталов, Жәнібек және Бөкей ордасы аудандары өкілдерімен кездесу кезінде Мем­лекет басшысының облыстың дамуы­на, аутомобиль жолдарының жай-күйіне және елдің өңіраралық, аймақішілік жұмылуына ерекше көңіл бөліп отырғанын атап өтті.

– Елбасы бұл өңірге жұмыс сапары барысында шалғайдағы Бөкей ордасы мен Жәнібек аудандарына жол салу жөнінде тапсырма берген болатын. Президент сол сапардан оралысымен Астана әуежайында сол аудандарға тас жол салу керектігін айтқан болатын. Ертесіне жолға қатысты бірнеше кездесу өтті. Бұл бағыттағы жұмыстарды Елбасы өзінің қатаң бақылауында алып отыр. Бөлінген қаражатты мақсатты пайдаланып, сапалы жол салынуы керек, – деді Бақытжан Әбдірұлы.

Айта кетейік, облыстағы автожолдарды жөндеу үшін 2014-2017 жылдары 24,9 млрд. теңге бө­лінген. Соның нәтижесінде барлығы 453 ша­қырым жол жөнделіп, облыс орталығынан Қаратөбе, Шыңғырлау және Жаңақала аудандарының орталықтарына тас жол түсті. Жергілікті жолдардың жай-күйін түбегейлі жақсарту үшін Елбасы биыл Батыс Қазақстан облысына жасаған сапары аясында қосымша қаражат бөлуді тапсырған болатын. Осылайша, 23,9 млрд. теңге бөлінді, оның 11 млрд. теңгесі Тас­қала ауданына, 1,7 млрд. теңгесі Қазталов ауданына бағытталды. Алдағы үш жылда жер­гілікті бюджеттен қоса қаржыландырумен республикалық бюджеттен 18 млрд. теңге көлемінде трансферттер қарастырылған. Жал­пы көлемі 36 млрд. теңгені құрайды. Нә­ти­жесінде 700 шақырымнан астам автожол жөнделмек. Инвестициялар және даму бірінші вице-министрі Р. Скляр облыс автожолдарының ұзындығы 6496 шақырымды құрайтынын, жыл соңына дейін алты лот бойынша жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу үшін тендер өткізілетінін хабарлады. 2014 жылмен салыстырғанда жергілікті маңыз­дағы автожолдардың жағдайы төрт пайызға жақ­сарған. Жалпы, 2025 жылға қарай жергілікті маңыздағы автожолдардың 75 пайызын жақсарту жос­парланып отыр. Инвестициялар және даму министрлігіне «Қазавтожол» АҚ-мен және облыс әкімдігімен бірлесе отырып, бар­лық жол учаскелерінде жоспарланған жұ­мыстардың сапалы әрі уақтылы орындалуын бақылауда ұстау тапсырылды.

«Орал – Тасқала – Озинки РФ шекарасы» жолы 100 шақырымды құрайды, оның 27 шақырымы былтыр аяқталды. Биыл жөндеу жұмыстарына 9,5 млрд. теңге бөлінді. Облыс әкімінің орынбасары Миржан Сатқановтың айтуын­ша, құрылыс аяқталғаннан кейін осы жолмен тәулігіне 7,5 мың автокөлік өтеді.

Кездесу барысында жергілікті жұртшылық атынан сөйлеген Бөкей ордасы ауданының ардагерлер кеңесінің төрағасы Иманбай Машутов облыста республикалық және жергілікті маңыздағы автожолдарды жөндеудің ауқымды жұмысы басталғанын атап өтті.

– Көптеген жылдар бойы жол азабын көріп жүрген бөкейордалықтар үшін аудан орталығына дейін тас жолдың салынатындығы үлкен қуаныш болды. Осы уақытқа дейін аудан тұрғындарына көктем, күз мезгілдерінде облыс орталығына қатынау өте қиын болатын. Халықтың тұрмыс-тіршілігі үшін өте маңызды түйткілді қолға алғаны үшін Елбасына бөкейордалық ағайын атынан зор алғысымызды жеткізерсіз, – деді И.Машуров.

Бұдан кейін Бақытжан Сағынтаев Орал қаласында мамандандырылған ХҚКО жұмыс залдарын аралап, «бір терезе» қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтерді беру процесін автоматтандыру шараларымен танысты. Орталық осы уақыт ішінде келушілерге 15 мың қызмет көрсетіп үлгерген.

Бақытжан Әбдірұлы облыс орталығында салынып жатқан көп пәтерлі тұрғын үй құрылысымен танысқанда Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары толық көлемде іске асырылып жатқанын атап өтті. 2015-2017 жылдары тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі 159%-ке артты. 2017 жылы басталған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында жалпы сомасы 9 млрд. теңгеге жеті тұрғын үй (1106 пәтер) пайдалануға берілді. Биыл алты ай ішінде 2234 тұрғын үй пайдалануға берілді.

– 2018 жылы құрылыс саласына 13 млрд. теңге бөлінді. Орал қаласында 6400 пәтерлік 43 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр, – деді Мұрат Мұқаев.

Сонымен қатар «7-20-25» жаңа тұрғын үй бағдарламасы аясында және жеке инвестициялар есебінен облыс орталығының төңірегінде жалпы ауданы 425 гектар болатын «Ақжайық» жаңа шағынауданын игеру басталды. Мұнда 150 көп қабатты тұрғын үй салу жоспарланып отыр. Президенттің бес әлеуметтік бастамасы аясында қаладағы оқу орындарының жанынан студенттерге арналған алты жатақхана салу жоспарланған. Осылайша, 1650 студент тұрғынжаймен қамтылмақ. Қазіргі кезде жер телімдері бөлінген, жобалау жұмыстары атқа­рылуда.

Нұрбек  ОРАЗАЕВ,

«Орал  өңірі»

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале