27.07.2017, 15:47
Оқылды: 77

Бөкей Ордасындағы тарихи-музей кешені жаңғыра түспек

Бұл жөнінде музей кешенінің директоры Ғайса Махимов мəлімдеді.


Айта кетейік, "Жайық Пресс" ЖШС делегациясы қос басылымның 100 жылдығына орай ұйымдастырылған экспедицияны ойдағыдай тəмамдады.

Экспедиция аясында медиахолдинг ұжымы аудандық тарихи-музей кешенін аралады. Ғайса Темірболатұлының айтуынша, осыдан 55 жыл бұрын қоғамдық негізде қызметін бастаған аудандық музей 2002 жылы ірі мəдени-тарихи кешенге айналды. Музей бастауында 55 жəдігер болса, бүгінде оның саны 17 мыңнан асқан. Кешеннің теңгерімінде 13 ғимарат бар. Əсіресе, келушілер Хан сарайының шығыс бөлігінде сақталған қару-жарақ палатасы, халық ағарту жəне қазақ баспасөзінің музейлері, қазына үйі ғимаратында ұсынылған жəдігерлер мен құнды құжаттарға ерекше қызығушылық танытады. Кешен қызметкерлері Хан ордасы ауылының маңындағы қорымда орналасқан тарихи тұлғалардың кесенелерін күтімге алған.

- Елбасының "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" мақаласында айтылғандай, өлкетану бағытындағы жұмыстар дамыту мақсатында, музей кешенін əлі де жаңғырта түсу жоспарлануда. Яғни, кешен аумағында əкімшілік жəне шаруашылық ғимараттарын салу, көрмелер павильонын жасақтау, субұрқақ пен демалыс алаңын пайдалануға беру, тарихи тұлғаларға арналған ескерткіштер аллеясы мен амфитеатр құрылысын қолға алу кешеннің даму жоспарына енген. Сонымен қатар аудандық тарихи-этнографиялық қорық жасалып, оның аумағында велосипед жолы, халықаралық көрме алаңы, аттракциондар, қарағайлы саябақ, қонақ үй, ұлттық этноауыл кешені, спорттық демалыс алаңы орналасатын болады. Бұл жобалар - облыс жəне аудан басшылығының назарында, - деді Ғ. Махимов.

Экспедиция мүшелері қазақ баспасөзі музейіндегі жəдігерлермен танысты. Музейде тұңғыш баспаханаға қатысты деректер, өңірдегі қазақ басылымдарының бастауында тұрған тұлғалардың фотосуреттері, баспахананың құрал-жабдықтары, аудандық "Орда жұлдызы" газетінің тарихынан сыр шертер мəліметтер топтастырылған. Делегация кейін Хан тоғайына саяхаттады.

 zhaikpress.kz

Суретті түсірген Айбатыр Нұраш

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале