18.05.2017, 19:14
Оқылды: 24

Бүгін - xалықаралық музей күні

Батыс Қазақстан облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен облыстық тарихи-өлкетану музейінде халықаралық музейлер күніне орай «Батыс Қазақстан облысының өнер, мәдениет салаларының даму тарихына» арналған залдың салтанатты ашылуы өтті.


Аталмыш шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы БҚО хатшылығының басшысы Ғайса Қапақов, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бас маманы Фараби Жанқадамов, облыстық мәдениет саласы қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Айдар Батырханов қатысып сөз сөйледі. Халықаралық музей күніне орай М.Мәметова атындағы мемориалдық музейінің кіші қызметкері Гүлнар Базарова, облыстық тарихи-өлкетану музейінің экскурсия жүргізушісі Асылжан Мырзаболатова мен аталмыш мекеменің қор сақтаушысы Мұхтар Өтесов облыс әкімі Алтай Көлгіновтің алғыс хатына ие болды. Сондай-ақ табиғат және экология музейінің ғылыми қызметкері Кәкима Әлмұханова мен облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі Гүлзада Бақытова «Еңбек даңқы» төсбелгісімен марапатталды.

Бүгін облыстық музей түнгі екіге дейін келушілер үшін ашық болады. Онда «Достық-бірлік нышаны» атты этно-мәдени орталықтарының мерекелік концертінен кейін Домбыра-Party, ұлттық спорттық ойындар сияқты түрлі қызықты шаралар ұйымдастырылатын болады.

Темірболат ӘНУАРҰЛЫ

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале