12.04.2019, 10:40
Оқылды: 118

«Бұлтты» бейнебақылау қылмысқа тосқауыл

Орал қаласындағы кейбір көп қабатты тұрғын үйлердің кіреберіс  есіктерінің  маңдайшаларында  бақылау камералары  орнатылған. Подъезге  кірген  сәтте  есікке  қарсы  беттен тағы  бір  камера  «мен мұндалайды».

Ал бұл камералар қайдан келді?

         GPON желісі арқылы іске қосылған «бұлтты» бейнебақылау деп аталатын бұл камераларды «Қазақтелеком» АҚ орнатуда. Аталған мекеменің www.telecom.kz сайтында қоғаммен байланыс қызметінің жазуынша, өткен жылы елімізде «бұлтты» бейнебақылау желісі өріс жайып, GPON қалалық оптикалық инфрақұрылым базасында 19 мыңға жуық IP-камера іске қосылған. БҚО телекоммуникациялар дирекциясы «Қазақтелеком» АҚ филиалынан алынған мәліметке қарағанда, облысымызда «бұлтты» камераларды орналастыру үш кезеңмен жүзеге асуда. 2017 жылы басталған бірінші кезеңде қаладағы көп қабатты он үйдің подъездеріне 20 камера қойылған екен. Былтыр екінші кезеңде 176 үйдің 478 подъезінде 956 камера іске қосылған. Бүгінде Оралдағы Сарытау шағынауданындағы №50 мектепте осындай  22 камера жұмыс істеп тұр. Қазір қала бойынша екі жүзден астам үйде, яғни 500 подъезд бен бір мектепті қосқанда 1000 камера бар. Мұндай камераларды Оралдағы Солтүстік-Шығыс-2, Қонаев, Жаңа орда, Жеңіс, Астана, Құрылысшы шағынаудандарындағы үйлер мен Н. Назарбаев, Еуразия, Әбілхайыр хан даңғылдарындағы, Жәңгір хан, Мөңкеұлы, Әйтиев, Гагарин секілді тағы басқа бірнеше көшедегі  үйлерден  көруге  болады.

camera

         Қазір облыс орталығындағы көп қабатты үйлерге «бұлтты» бейнебақылау камераларын қою жұмыстары тоқтап тұр. Енді бұл жұмыстар Ақсай қаласында жалғасуда. Ақсайда өткен жылдың соңында көп қабатты үйлерге бейнебақылау камераларын орналастыру басталған екен. Кенішті қаладағы 19 үйдің 70 подъезіне камера қою жұмыстары жүруде. Сонымен қатар Ақсайдың №4 мектебінде 6 камера іске қосылған. Қазір мұндағы №2, 3, 4, 5, 6, 7, 8, 9 балабақшаларға және №3, 6, 7 мектептерге де «бұлтты» бейнебақылау қою жалғасуда. Бұл қалаға жалпы 450-ден астам камера қою жоспарланған.

Камера неге керек?

         Бұл инновациялық қызмет түрі көп пәтерлі тұрғын үйлер тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуді және тұрмыс сапасын арттыруды көздейді. Бір сөзбен айтқанда, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы мақсатының бір парасы осындай. Кіреберістерге арналған камера сыртқы есіктің маңдайшасында және подъездің бірінші қабатында орналастырылған. Бейнебақылау камерасындағы деректер тек сол кіреберістен кіретін тұрғындарға қолжетімді. Көп пәтерлі тұрғын үйлердің  кіреберісін үнемі бақылап отыратын «бұлтты» камераларға  тұрғындар мобильдік құрылғылар арқылы онлайн режімде  қол жеткізе алады. Ол үшін KT CAM желісінің мобильдік сілтемесін App Store и Google Play сайттарынан тегін жүктеп алуға болады. Тұрғындар  сол арқылы соңғы жеті тәуліктің мұрағаттық бейнежазбаларын  қарай алады.

– Бұл камераның қызметін үнемі пайдаланғысы келетін тұрғын біздің мекемеге өтініш жазады. Бейнебақылау қызметіне қосылған соң, абонентке төлем төлейтін дербес шот ашылады. Ай сайынғы қызметтің құны 350 теңге.  Кез келген мобильді құрылғыдан камерадағы жазбаны көру үшін  пароль, логин беріледі. Камера орнатылмаған үйдің тұрғындары да «бұлтты» бақылауға қосылғысы келсе, «Қазақтелекомға» ұжымдасып хат жазады. Содан кейін ол үйге камера орнату мүмкіндігі қарастырылатын болады. Ал аталған камераларға жазылған жазбаларды учаскелік полиция инспекторлары сұраныстар жолдау арқылы ала алады. Жалпы, тұрғындардың бұл камераларға деген қызығушылығы подъезд немесе аулада бір оқиға орын алғанда ғана оянады десе болады. Өйткені кейбір подъездерде камера болғанмен, тұтынушылары жоқ. Бірақ камера 24 сағат жұмыс істейді. Жалпы, бақылау құрылғылары ауыстырылады, техникалық ақаулар болғанда істен шығуы мүмкін. Сондықтан да тұрғындар камераның істен шыққанын көрсе, уақыт өткізбей бізге хабарлауы керек. Одан басқа жазбалар мұрағатта сақталмай қалады, – деген еді бізге берген соңғы сұхбатында аталмыш дирекцияның бөлім басшысы болған Марат Ихсанов. Соңғы деп отырғанымыз, ол кісі таяуда дүниеден өтті… Былтыр  камера орнатудың екінші кезеңінде  шамамен 38 млн. теңге жұмсалыпты. Ал 2017 жылы орнатылған камера саны көп болғандықтан, 50 млн. теңгедей қаржы кеткен.

Жалпы, тұрғындардың қауіпсіздігін қадағалайтын камера қызметінің маңызы зор. Мәселен, есік алдындағы көлікті тонап, не бірнәрсесін бүлдіріп кеткен бұзақыны анықтауды  «бұлтты» бейнебақылау камерасының жазбасы пайдаланылады екен. Ал Оралдағы Құрманғазы көшесі, 165-мекенжайындағы жатақхананың Зүбайда есімді тұрғыны бақылау камераларының әр қабатта болғанын дұрыс деп есептейді. «Бұл дәліздердегі тазалық пен тәртіптің сақталуына себеп болар еді», – дейді ол. «Надежда-1» жеке пәтер иелері кооперативінің төрағасы Алтынбек Уахиттің айтуынша, тұрғындар тарапынан камераға деген сұраныс жоқ. Бірақ олар ұрлық, құқықбұзушылық орын алған жағдайда ғана камераны іздейді екен.

– Біз  ЖПИК атынан камераны үйлердің әр қабатына  қойғымыз келеді. Алайда бұл қаражатқа байланысты шешілетін мәселе.

Жалпы, бақылау камерасы болған жақсы. Әр қабаттағы баспалдақ алаңында камера тұрса, ешкім қоқыс шашып, ластамас еді. ЖПИК-ке қарасты үш үйдің екеуінің подъезіне  былтыр жаз мезгілінде камера қойылды, – дейді Алтынбек Сәкенұлы.

Қылмыстың төмендеуіне сеп болуда

 Облыстық полиция департаментінің берген мәліметінше, Орал және Ақсай қалаларындағы көшелер мен қоғамдық орындарда  барлығы 584 бейнебақылау камерасы жұмыс істейді. Соның ішінде Орал қалалық полиция басқармасының жедел басқару орталығына қосылған 106 камера бар. Ал  «Қауіпсіз аула» жүйесі бойынша Орал қаласының полиция басқармасының учаскелік полиция пункттеріне қосылған 346 бейнекамера және аудандық полиция бөлімдерінің кезекші бөлімдеріне қосылған 132 камера жұмыс істеп тұр. Соның ішінде Ақсай қаласында 20 бейнебақылау камерасы бар. Айта кету керек, өткен  жылы облыстағы қоғамдық орындар мен көшелерде орнатылған бейнебақылау камераларының көмегімен 100-ге жуық қылмыс ашылған екен. Сондай-ақ құрылғының көмегімен 16 мыңнан астам әкімшілік құқықбұзушылықтың жолы кесілген.

Ал өткен бір ай ішінде 8 қылмыс ашылып, 1059 әкімшілік құқықбұзушылықтың  алдын алған.

Еліміздегі кейбір мектептерде әлімжеттік деректері орын алуда. Осындай келеңсіз оқиғалардың алдын алу үшін мектептердегі бейнекамералардың санын арттыру қаншалықты маңызды екені белгілі. Полиция департаментінің мәліметінше, облыс аумағында бейнебақылауға түсірілген және оларды әлеуметтік желіге таратқан қатыгез топтық төбелес, ұрыпсоғу деректері тіркелмеген. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін әрі олардың арасындағы қылмыстың алдын алу мақсатында облыстағы 381 жалпы орта білім беру мектебінің 234-іне 4 мыңнан астам бейнебақылау камерасы орнатылған екен. Яғни 4045-тің 1363-і сыртқы және 2682-сі ішкі бейнебақылау камералары болып отыр. Соның нәтижесі болса керек, былтыр 2017 жылмен  салыстырғанда облыс аумағында  жасөспірімдер арасындағы қылмыс жиырма  пайызға жуық төмендеген.

Ясипа Рабаева,

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале