23.04.2020, 4:38
Оқылды: 344

Бюджетке 8,4 млрд теңге түспейтіндігі болжанған немесе бизнес үшін жасалған салықтық жеңілдіктер

Мемлекет  басшысы  Қасым-Жомарт  Кемелұлы  Тоқаев  еліміздегі  төтенше  жағдайға  және  мемлекеттің  дағдарысқа қарсы  іс-шараларына  байланысты  мәлімдемесінде  шағын және  орта  бизнес  өкілдерін  биылғы 1  қазанға  дейін  еңбекақы  төлеу қорынан  ұсталатын  салықтан  босатуды тапсырды. Жалпы, еліміздегі төтенше жағдай кезінде бизнес субъектілерінебірқатар  мемлекеттік  қолдау  көрсетілмек. Бұдан бұрын елімізде 2018 жылдың қорытындысы бойынша салық төлеушілер 4,5 трлн теңге шамасында салық төлемінен босатылды. Енді өткен жылдың қорытындысы бойынша да сондай жеңілдіктер жасалған. 

Биылдан бастап арнайы салық режімі бойынша есеп айырысатын микро және шағын кәсіпкерлік субъектілері үш жылға салық төлеуден босатылды.  Биыл Үкіметтің 20 наурыздағы №126 қаулысымен бірқатар салық жеңілдігі қарастырылған. Онда жалпыға бірдей белгіленген салық салу тәртібімен жұмыс істейтін кәсіпкерлер өздерінің қызметтерінен түсетін кірістерінен төленетін жеке табыс салығын төлеуден жыл аяғына, яғни 31 желтоқсанға дейін босатылды, – деді БҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы Жанат Шайхиева.

Басқарма басшысының ұсынған мәліметіне сүйенсек, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің ауыл шаруашылығы жерлеріне жер салығы ставкаларына «0» түзету коэффициенті белгіленді. Осылайша, шаруалар жер салығынан босатылады. Сонымен қатар ірі қара малы мен асыл тұқымды балапандарды әкелу импорты бойынша қосымша құн салығы (ҚҚС) төленбейді.  Сонымен қатар заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер ірі сауда нысандары, сауда ойын-сауық орталықтары, кинозалдар, театрлар, көрмелер мен дене шынықтыру-сауықтыру және спорт ғимараттары бойынша 2020 жылдың соңына дейін мүлік салығынан босатылған.

Індетке байланысты еліміздегі төтенше жағдай жариялануына орай қызметі ТЖ кезеңіне шектелген ауыл шаруашылығы өндірушілері мен кәсіпкерлер үшін (сауда орындары субъектілері, кинозал иелері және т. б.) салық есептілігін тапсыру мерзімі ІІІ тоқсанға ауыстырылды. Сонымен қатар бұл кәсіпкерлер үшін биылғы тамыз айының 15-іне дейін салықтар және мерзімінде орындалмаған басқа да міндеттемелер бойынша өсімпұл есептеу тоқтатылады. Сондай-ақ еліміздегі төтенше жағдай режіміне орай салық құрылымдары адами қарым-қатынасты азайтуға көңіл бөлуде. Заңды және жеке тұлғалардың декларация тапсыру мерзімі төтенше жағдайдың уақытына сәйкес келгендіктен, оны 30 күнтізбелік күнге кейінге шегеру туралы шешім қабылданған.

Салық кодексінде төтенше жағдай кезінде салықтық төлем қарызы кейінге шегерілсе, оған өсімпұл есептелмейді. Алайда ондай жеңілдікті алу үшін азаматтарға кепілзат немесе банктік кепілдік қажет.  Осыған орай төтенше жағдай кезінде салықтық міндеттемелер бойынша қарыз бен өсімпұлды кейінге шегеруді оңтайландыратын тетіктер қарастырылуда. Жауапты мамандар төтенше жағдай кезінде камералды бақылау қорытындысы бойынша хабарламалар жіберу тоқтатылатынын мәлімдеді. Нысандарға барып, кедендік және салықтық тексерістер жүргізу азайтылмақ. Әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселесі төтенше жағдай мерзімі аяқталғаннан кейін қарастырылады. Бұдан өзге қолдау көрсету шаралары қолға алынбақ.

– Төтенше жағдай кезеңінде салықты мәжбүрлеп өндіру тоқтатылды. Мемлекет басшысының тапсырмасына орай шағын және орта бизнес өкілдері биылғы 1 қазанға дейін еңбекақы төлеу қорынан ұсталатын салықтан босатылды. Сонымен қатар әлеуметтік төлемдерден 6 айға, яғни 2020 жылғы 1 қазанға дейін босату қарастырылған. Бұл шара туристік қызмет, қоғамдық тамақтану, қонақүй бизнесі салаларын, ірі сауда нысандарын, сауда ойын-сауық орталықтарын, кинозалдар, театрларды, көрмелер мен дене шынықтыру-сауықтыру және спорт ғимараттарын, көлік қызметтерін, консультациялық қызметтер мен ақпараттық технологияларды, тамақ өнімдерін өткізу мен дәріханаларды қоспағанда сауда субъектілерін қамтиды, – деді басқарма басшысы.

Салықтық әкімшілендіру бөлігінде 2020 жылдың 1 маусымына дейін шағын және орта бизнес субъектілері үшін барлық салық пен бюджетке төленетін міндетті төлемдерді және әлеуметтік жарналарды төлеуді кейінге қалдыру шарасы енгізілген.

Шағын және орта кәсіпкерлік бойынша корпоративтік табыс салығы биылдан бастап жергілікті бюджет бүйірін толтырады. Ал ірі кәсіпкерлік субъектілерінен түсетін табыс салығы республикалық бюджетке түседі. Сондықтан жергілікті бюджеттің даму динамикасы оң бағытта. Өйткені жергілікті бюджетке әлеуметтік және жеке табыс салық төлемдері түседі. Бірақ жылдың аяғына қарай салық түсімдерінің сәл-пәл өзгерісі байқалуы мүмкін. Мамандардың болжамына сай биыл жыл соңында мүлік салығы түсімінен 1,3 млрд теңге шамасында, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінен 30 млн теңге шамасында және жеке кәсіпкерлердің төлейтін жеке табыс салығы түсімі бойынша 700 млн теңге қаржы бюджетке түспейді. Осыларды ескерсек, сонда 2 млрд теңге шамасында бюджет қоржыны толмайды деп болжанған. Жалпы қабылданған шараларға орай алдын ала жасалған есептеулер бойынша биыл барлық салық пен төлемдердің бюджетке түсімі шамамен 8,4 млрд теңгеге кем болмақ, яғни осындай шамада қаржы бюджетке түспейді. Алайда қазіргі қиын-қыстау кезеңде адамдардың денсаулығын сақтау бәрінен де маңызды.

Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале