18.07.2019, 18:42
Оқылды: 362

«Crown Батыс» қайта жанданбақ

Қарағандылық «АкОрдаCapital» компаниялар тобы Бәйтерек ауданы Янайкин ауылындағы «Crown Батыс» мал бордақылау алаңына инвестиция кұйып, жақын арада іске қоспақ. Аталған кешенде болған облыс әкімі Ғали Есқалиев компания өкілдерінің ұсынған жобасымен танысты.

IMG_8705

Айта кетейік, 2010 жылы іске қосылған «Crown Батыс» мал бордақылау кешенінің құрылысына 3,6 миллиард теңге жұмсалған болатын. Алайда жылына 9 мыңға жуық мал бордақылап, мыңдаған тонна ет шығаруды мақсат тұтқан ірі жоба аясында салынған алаң төрт жылдан бері жұмысын тоқтатып, қаңырап бос тұрды. Ауыл шаруашылығы мамандарының айтуынша, жобаның ойдағыдай іске аспауының басты себебі - сапасыз менеджмент пен жемшөп қорының жетіспеушілігінде болған.

Өңір басшысы Ғали Есқалиев облыс әкімінің бірінші орынбасарлығына тағайындалған кездегі алғашқы қолға алған игі істердің бірі осы кешенге жан бітіру еді. Осы кезге дейін «ҚазАгро» компаниясы өкілдерімен бірнеше кездесулер өткізіліп, инвесторлармен келіссөздер жүргізілген еді. Сол жұмыстардың нәтижесінде аталған ауқымды жобаға «АкОрдаCapital» қызығушылық танытқан.

IMG_8752

Аталған компания елімізде 2009 жылы құрылған. Тамақ өнімдерін өндірумен шұғылданатын «АкОрдаCapital» компаниялар тобының құрамына еліміздегі «ATE Logistics» ЖШС мен мәскеулік «Альбион» кәсіпорны кіреді. Біздің өңірдегі бөлімше алдағы уақытта «Тұлпар» кәсіпорны деп аталмақ.

- Бұл мал бордақылау орны мен ет комбинатын жандандыру үшін 4 млрд. инвестиция бөлінді. Қаралған қаржыны жыл соңына дейін толықтай игеретін боламыз. Алдағы тамыз айынан бастап кешенді қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі. Қыркүйек айында ет комбинатын іске қосып, бордақылауға қойылатын малдарды сатып алу жұмыстарын бастау жоспарымызда бар. Ет комбинаты жұмыс жасай бастағанда 60 адам тұрақты жұмысқа алынбақ. Кейін кешен толық қуатты жұмысқа кіріскенде 100 адамға дейін жұмыспен қамтылатын болады, - дейді «АкОрдаCapital» компаниясының бас директоры Роман Гуссамов.

IMG_8638

Кәсіпорын басшысының айтуынша, алғашқы бордақылау кезеңіне 2000 бас ірі қара малы қойылмақ. Ал жыл соңына дейін кешендегі семіртілетін мал санын 7000 басқа жеткізуді көздеген. Бұл көрсеткішті келер жылы 9000 бас, ал 2022 жылға қарай 10 000 басқа дейін өсіру межеленген. Бордақыланатын мал жергілікті шаруа қожалықтар мен жеке тұрғындардан қабылданатын болады. Сонымен қатар кешенде сойылатын ірі қара етінің бір бөлігі Қарағандыдағы ет өңдеу комбинатына жөнелтілсе, қалғаны жергілікті тұрғындарға жеңілдетілген бағамен ұсынылмақ. «Тұлпар» деген атауды иемденетін кәсіпорын өндірген ет және ет өнімдері облыс орталығы мен жақын аудандарда арнайы салынатын шағын дүкендер желілеріне саттыққа шығарылатын болады. Сүйегінен ажыратылып, мұздатылған сиыр етін, сондай-ақ Ресейге және еліміздің Нұр-Сұлтан, Алматы, Көкшетау, Қостанай қалаларының нарығына шығару жоспарланған.

Облыс әкімі Ғали Есқалиев кәсіпорын өкілдерімен мал қабылдау, жемшөп дайындау, ет және ет өнімдерін өткізу жайын талқылап, өңірдің инвестициялық ахуалына оң әсерін тигізетін компанияның жұмысына сәттілік тіледі.

Нұрбек Оразаев,

сурет: Темірболат Тоқмамбетов

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале