22.01.2021, 16:05
Оқылды: 370

Дамудың бес жылдық жоспары бекітілді

Бүгін Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының кезектен тыс 2-ші сессиясы оздырылып, онда 2021-2025 жылдарға жасалған Батыс Қазақстан облысының аумағын дамыту бағдарламасы бекітілді. Өңірдің ертеңі үшін маңызы зор басқосуға облыс әкімі Ғали Есқалиев қатысты.

IMG-20210122-WA0026 (1)

Жаңа құрамда жасақталған халық қалаулылары алдында сөз алған облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Тлепберген Каюпов бес жылғы жоспармен таныстырды.

Бас қаржыгердің мәлімдеуінше, аталған бағдарлама – өңір экономикасының өсуі, инфрақұрылымды дамыту, әлеуметтік саланы дамыту, қоғамдық қауіпсіздік деп аталатын төрт бағыттан тұрады. Сондай-ақ жасақталған бағдарламада 15 мақсат пен 28 нысаналы индикаторға қол жеткізу көзделген. Енді басқарма басшысының баяндамасын негізге алып, жоғарда аталған жоспарланған төрт бағыттың әр қайсысына жеке-жеке тоқталып, жігін тарқатып көрелік.

Өңірде 177 инвестжоба жүзеге асырылмақ

Жоспарланған кезеңде жалпы өңірлік өнім өсімі экономиканың нақты секторындағы өндіріс көлемінің орта есеппен 6%-ке ұлғаю есебінен қамтамасыз етілетін болады.

Шағын және орта бизнес жобаларын қоса алғанда, экономиканың шикізаттық емес секторында 177 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Олардың қатарына мұнайды терең өңдеу және метанол өндіру зауытын салу, индустриялық аймақты дамыту, үш сауда және көлік-логистикалық орталығын, үш жылыжай кешені мен кірпіш зауытын салу секілді ауқымды жобалар енбек. Аталған жобалар шамамен 6 000 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді деп жоспарланған.

IMG-20210122-WA0022

Облыстың өнеркәсіп кәсіпорындарының шығындарын өтеу бойынша мемлекеттік қолдау шараларын көрсету, жаңа технологияларды енгізе отырып, жұмыс істеп тұрған өндірістерді жаңғырту жөніндегі жобаларды іске асыру, бірегей мұнай-газ жабдығының әлемдік өндірушілерімен бірлесіп, кемінде үш өндірісті оқшаулау жалғастырылады.

Сонымен қатар облыс экономикасын дамытуға жыл сайын негізгі капиталға 500 млрд. теңгеден астам инвестиция салу жоспарланып отыр.

Агроөнеркәсіптік кешенде 20 инвестициялық жобаны іске асыру көзделуде. Аталған жобалардың қатарында 7 000 тоннаға дейін сүт өндіретін 600 бас ірі қара малына арналған сүт кешенін, жалпы ауданы 73 га үш жылыжай кешенін, 4 000 тоннаға шақталған көкөніс қоймасын, 7 000 тоннаға дейін сақтау көлемімен көкөністерді қайта өңдеу және сақтау кешенін, барлық аудандарда жалпы қуаттылығы 42 мың бас ірі қара малына және 44 мың ұсақ малға есептелген 15 бордақылау алаңын салу бар.

Ал 2025 жылға қарай 220 млн. АҚШ доллар сомасында ауыл шаруашылығы өнімдерін экспортқа шығару, ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін 1,3 есеге, суармалы учаскелер алаңын 29 мың гектарға ұлғайту жоспарлануда.

IMG-20210122-WA0033

Сондай-ақ кәсіпкерлікті дамыту аясында жылына 270-тен астам жобаны мемлекеттік қолдаумен қамту, жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға 5 мыңнан астам шағын несие, 3 мың грант беру межеге алынған.

2025 жылы жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің санын 46 мыңға дейін, жұмыспен қамтылғандар санын 120 мың адамға дейін, өнім шығаруды 1,5 трлн. теңге дейін ұлғайту қарастырылуда.

Шалғай аудандарға сапалы жол салу жалғасады

Тұрғындарды толғандыратын тұрғын үй мәселесін шешу мақсатында 2025 жылға қарай 2,5 млн. шаршы метрден астам тұрғын үй салу көзделуде. Бюджет қаражаты есебінен 63 көппәтерлі тұрғын үйді және ауылда 333 тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда.

Сонымен қатар ауыл халқын сапалы сумен қамтамасыз етудің 100% деңгейіне қол жеткізу үшін 135 ауылда сумен жабдықтау желілерін салу және қайта жаңғырту қарастырылуда.

Бүгінде облыстағы өткір инфрақұрылымдық проблемалардың бірі жол сапасының төмендігі болып отыр. Осы мәселені шешу мақсатында 1,5 мың шақырымнан астам жолдың сапасын жақсарту қолға алынбақ.

IMG-20210122-WA0036

Атап айтқанда, «Барбастау-Ақжайық-Индер», «Бөрлі-Ақсай-Жымпиты», «Чапаев-Жаңақала-Сайқын» бағыттарындағы жолдарды жөндеу жобаларын қайта жаңғырту, сондай-ақ кей жолдарды күрделі және орташа жөндеу бойынша жобаларды іске асыру жоспарлануда.

Алдағы жылдары жалпы ұзындығы 245 шақырымды құрайтын республикалық маңызы бар «Казталов-Жәнібек-РФ шекарасы» және «Өнеге-Бисен-Сайқын» автомобиль жолдарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Нәтижесінде, Казталов, Жәнібек және Бөкей ордасы аудандарының орталықтары облыс орталығымен асфальтталған жолымен қосылатын болады.

Жалпы, көлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы жалғасын тауып, жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының сапа деңгейін 65%-ке дейін жеткізу көзделуде.

Қоршаған ортаның сапасын жақсарту мақсатында облыстың 148 елді мекенінде жасыл аймақтар құру, мемлекеттік орман қоры аумағының орман жамылған алаңдарын 150 гектарға ұлғайту, Орал, Ақсай қалаларында және Казталов ауданының Казталов, Жалпақтал ауылдарында сұрыптау желілері бар қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарын салу жоспарға енген.

Орал, Ақсай қалаларынан 19 мектеп бой көтермек

Өңір тұрғындарын жұмыспен қамтуды арттыру үшін өндірістерді іске қосу және кеңейту, мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде жобаларды жүзеге асыру, сонымен қатар шағын және орта бизнесті дамыту есебінен жыл сайын 13 мың жұмыс орнын құру көзделуде.

Сондай-ақ алдағы бес жыл ішінде «Жастар практикасымен» 8 000-нан астам адамды қамту, төрт мыңға жуық әлеуметтік жұмыс орындарын құруға жәрдемдесу, бес мыңнан астам шағын несие беру, жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға үш мыңнан астам грант беру жоспарланған.

Елдегі COVID-19 пандемиясы өңірдегі денсаулық сақтау жүйесіне үлкен сынақ болғаны рас. Алдағы уақытта облыстағы салалық мамандардың тапшылығын азайту жәнеауруларды ерте диагностикалау мақсатында да кешенді істер атқарылмақ.

IMG-20210122-WA0034

Сондықтан орта мерзімді кезеңде саладағы негізгі басымдық денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытуға және нығайтуға бағытталатын болады. Онлайн-медицина, диагностика мен емдеудің жаңа жоғары технологиялық жабдықпен жарықтандыруды одан әрі дамыту көзделген.

Тұрғындар үшін денсаулық сақтау объектілерінің қолжетімділігін арттыру мақсатында бес емхана, ауылдық елді мекендерде дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік-акушерлік пункт, медпункт секілді модульді 47 медициналық ұйым салу, 62 денсаулық сақтау нысандарын күрделі жөндеу жүргізу қарастырылуда.

Дәрігерлердің тапшылығын төмендету үшін ауылдық елді мекендерге жұмыс істеу және тұру үшін келген денсаулық сақтау саласындағы жас мамандарды әлеуметтік қолдаумен қамтамасыз ету, медициналық жоғары оқу орындарымен Меморандумдар жасасу, жергілікті бюджет қаражаты есебінен студенттерді оқытуға гранттар бөлу бойынша жұмыстар өз жалғасын таппақ.

IMG-20210122-WA0035

Білім беруде білім сапасын арттыру мақсатында заманауи дистанционды технологияны енгізу, мектеп асханаларын жөндеу және ауыстыру, Орал, Ақсай қалаларындағы апатты жағдайда тұрған және үш ауысыммен оқитын білім ошақтарын жою мақсатында 19 жалпы білім беретін мектеп салу жоспарлануда.

Ал тұрғындарды спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуін жақсарту үшін 15 спорт нысанын салу көзделген.

Цифрландыру шаралары дами түспек

Қоғамдық қауіпсіздік бағыты бойынша негізгі мақсат – жол қозғалысына қатысушы азаматтардың санын төмендету, сондай-ақ төтенше жағдайлар кезінде олардың өмірі мен денсаулығын қорғау деңгейін арттыру болып табылады.

Осы бағытта «Smart Uralsk» және «Smart Aqsai» жобасы одан әрі дамытып, төтенше жағдайларға қарсы іс-қимыл инфрақұрылымының қамтамасыз етілу деңгейін 98%-ке дейін жеткізу жоспарланған.

IMG-20210122-WA0032

Бұған дейін облыстық қоғамдық кеңесте және мәслихаттың тұрақты комиссиясында талқыланған бағдарламаны халық қалаулылары да бірауыздан қолдады.

- Бүгін біз бірлесе отырып алдағы бес жылға бағыт-бағдар беретін негізгі жұмыс жоспарымызды бекіттік. Аталған бағдарламаның өңір экономикасының өсуі, инфрақұрылымды дамыту, әлеуметтік саланы дамыту, қоғамдық қауіпсіздік деп бөлінуінің өзі бізге айқын бағыт беріп тұр. Халықтың тұрмыстық жағдайын жақсарта түсу, кәсіпкерлікті дамыту, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, салық түсімдерін арттыру біздің басты мақсатымыз болып қала бермек. Бес жылға бағыт беретін жоспарды бір ауыздан қолдағандарыңыз үшін алғыс айтамын, -  деді сессия жұмысын қорытындылаған облыс әкімі Ғали Есқалиев.

Нұрбек Оразаев,

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале