15.12.2017, 18:04
Оқылды: 101

«DANAqaz» журналының 5 жылдығы аталып өтіледі

DanaАқ жайықтың №1 журналының 5 жылдығына арналған шаралар 21 желтоқсан сағат 18:00-де Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында өтеді.

Тағылымды шарада жыршы-термеші, республикалық, халықаралық жыр-терме байқауларының жүлдегері Фархат Оразов биыл туғанына 275 жылдығы тойланған Сырым Датұлы туралы «Сырым батыр» жырын жырлап береді.

Жыр жырланбас бұрын сағат 17.30-да «DANAqaz» журналында «Құлпытас сырын ашайық!» айдарын ашу арқылы қолға алынған құлпытастарды зерттеу жұмыстарының нәтижесі ретінде табылған хан, батыр, би, әулие-әнбелер құлпытастарының көрмесі өтеді.

Айта кетейік, басылымның 1 жылдығына арналған кешке белгілі семейлік жыршы Дүйсенғазы Нығметжанов келген болатын. Ол халықтың сұрауы бойынша «Қобыланды батыр», «Алпамыс батыр», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» (Ш.Әбеновтің нұсқасы) жырларынан үзінді орындап берді. Ал Шәкәрімнің «Қалқаман-Мамырын» түгел жырлады. «DANAqaz» журналының бас редакторы Қазыбек Құттымұратұлының айтуынша, жыр кешін өткізу туралы ұсыныс жасаған - журналист Нұртас Сафуллин.

- Семейден жыршы шақырып, жыр кешін бастан-аяқ ұйымдастырған Нұртас Сафуллин. Ертеңгі жыр кеші де Нұртастың идеясы. Нұртас - Құдай бере салған азамат қой. Жап-жас басынан өмірлік бағдарын айқын анықтап алып, алтыннан қымбат жастық шақты кейбіреулердей бос ойын-күлкіге ысырап етпей, мықты өткізіп келе жатқан жігіт. Аман болса, көкірегі қазына ел ағасы болады, - дейді Қ.Қабжан.

Оның айтуынша, басылым авторларына қояр негізгі талаптың бірі - бұрын еш жерде жарияланбаған материал болуы қажет. Осының нәтижесінде журнал жарияланымдарының 70-80 пайызы - түпнұсқа, баспа бетін алғаш көрген материал екен.

- Өткен бес жылдың ішінде шыққан материалдарды санап тауысу қиын ғой. Тұрақты авторларымыздың арасында Тұяқбай Рысбеков, Әбілсейіт Мұқтар, Дәметкен Сүлейменова, Бақтылы Боранбаева, Жаңабек Жақсығалиев, Сағымбай Жұмағұлов, Аққали Ахмет, Жәнібек Исмурзин, Мүсілім Әмзе, Альфия Байболсынова секілді кәсіби ғалымдар да, Қайыржан Хасанов, Жәнібек Әбілпейісов, Нұртас Сафуллин, Мұратбек Жахатов, Қайреден Жұмашев т.б. сынды өлкетанушылар да бар. Бізге студенттер де көп көмектесті. Мысалы, Алматыда оқыған Шерхан Талап, Асылан Тілеген, Жандарбек Жұмағұловтар, Аида Зайнуллина бірнеше сұқбат, материал ұйымдастырды. Астанадан әріптесіміз Артур Мағзомов, студент Ләззат Мақаш жазды. Қуанар Мұсағалиева, Айбек Нәби көп көмектесті, Жанайдар Жұмағұлов жазып тұратын. Оралдан Меңдібек Лұқпанов, Зафура Мамут, Аяжан Садырбекова, Зейнұр Нығметжан, Жазира Бисекеновалар бар. Бәрін айтып тауысу мүмкін емес. Осындай қолғанат, көмекшілердің күшімен шығып келе жатыр ғой журнал. Әйтпесе штатында бір тілшісі жоқ журнал бес жыл бойы қалай шығады?

Тағы бір айтатын жәйт - біздің достарымыздың арасында Айболат Құрымбаев, тарих магистрі, Бөкей ордасы тарихының білгірі. Бұл жігіт біздің журналдың ауқымын кеңейтіп, оқушылар арасында, мұғалімдер арасында байқау ұйымдастырып, танымалдығын арттырып жүр. Айболат біздің құлпытас зерттеу жобамыздың да белді маманы. Өте жауапты, білімді. Түрлі экспедициялар ұйымдастырушы.

Біздің журналдың абыройын көтерген жанның бірі - Жәнібек Исмурзин. Мықты ғалым, тиянақты ізденуші. Бізден бір тиын қаламақы алмаса да, журналдың тапсырысымен қаншама мақала жазды, қаншама ақпаратпен бөлісті. Есенгелді Жанмырзаұлы туралы сериялы мақаласы (6 нөмірге шықты) неге тұрады? Біз Үкі бидің кім екенін, тіпті әкесінің атын да білмейтінбіз. Оның өмірі мен қоғамдық қызметі туралы көлемді мақаласы екі санға шықты. Бұл мақалалар тек сол тұлға емес, оның өмір сүрген кезеңіндегі қоғамның бүкіл тыныс-тіршілігін кешенді түрде көрсетеді. Менің ойымша, Жәнібек - бүгінгі таңда Қазақстанның батыс өлкесінің, Кіші жүздің 18-19 ғасырлардағы тарихын ең жетік білетін маман. Міне, осындай авторлармен мақтанамыз, - дейді Қ.Құттымұратұлы.

Айдана Хамидуллина

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале