24.05.2019, 15:37
Оқылды: 132

«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығына байқау жарияланды

Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығына байқау жариялады.

daryn

«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы - ғылым, шығармашылық, қоғамдық қызмет салаларында жемiстi еңбегімен көзге түскен, сондай-ақ жоғары спорттық жетістіктері үшін дарынды жастарды мемлекет тарапынан қолдау мақсатында жыл сайын ұйымдастырылады.

Байқау - әдебиет, ғылым, дизайн және бейнелеу өнері, журналистика, классикалық музыка, қоғамдық қызмет, спорт, театр және кино, эстрада, халық шығармашылығы номинациялары бойынша өтеді.

Сыйлық алуға халықаралық және республикалық конкурстардың, фестивальдар мен түрлі шаралардың лауреаттары, республикалық және халықаралық деңгейлердегі спорттық жарыстардың жүлдегерлері мен жеңімпаздары, сондай-ақ қызметі инновациялық болатын және тиісті сала мен тұтастай қоғамды дамытуға ықпал еткен Қазақстан Республикасының 29 жасқа дейінгі азаматы үміткер.

«Дарын» жастар сыйлығын алуға кандидатураларды ұсынуды мемлекеттiк органдар, қоғамдық бiрлестiктердің өкілдері жүргiзедi.

Барлық жеңімпаздарға Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен «2019 жылғы Дарын мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты» атағы беріледі. Диплом, төсбелгі және ақшалай сыйлықпен марапатталады.

Толық ақпаратты Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ресми сайтынан алуға болады (qogam.gov.kz).

Естеріңізге сала кетейік, «Дарын» жастар сыйлығы Мемлекет басшысының бастамасымен 1992 жылы тағайындалған болатын. Әр жылдары Бақтияр Артаев, Серік Сәпиев, Илья Ильин, Денис Тен, Димаш Құдайбергенов, Мария Мудряк, «Муз АРТ» тобы, Қалқаман Сарин және басқа да азаматтар аталған сыйлықты иеленген болатын.

2017 жылдан бастап «Дарын» сыйлығы жыл сайын беріледі.

Үміткердің құжаттарын 2019 жылдың 10 тамызына дейін ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Жастар және отбасы істері комитеті мекенжайына жібере аласыз.

Біздің мекенжай Нұр-Сұлтан қаласы Мәнгілік ел көшесі, 8, Министрліктер үйі (15-кіре беріс, 549 кабинет). Байланыс телефоны: 8 7172 74-05-25, 8 7172 74-18-43. Электрондық пошта: [email protected].

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале