5.09.2019, 17:54
Оқылды: 209

Дәуренбек Тәжімбетов: «Басты жоспарым «Ақжайықпен» Премьер Лигаға шығу»

Қазақ футболының жанкүйерлеріне жақсы таныс Дәуренбек Тәжімбетов осы күні «Ақжайық» сапында доп теуіп жүр. Клуб баспасөз қызметіне берген сұхбатында Оралдағы өмірі мен алдағы жоспарлары және қазақ футболы туралы сыр шертті.

 IMG_1196

-Елімізде көптеген клубтарда доп тептіңіз. Көп бапкердің тәлімін көрдіңіз. Барлық бапкерлердің ішінде кімді ерекше бағалайсыз?

- Көптеген бапкерлердің алдын көрдім. Барлығының орны екекше. Әр бапкерден үйренгенім көп. Десе де Виктор Кумыков, Сергей Гороховодацский және Саулюс Ширмялис сынды бапкерлерді ерекше бағалаймын. Олардың футболшымен түсінісуі және жеке адами қасиеттері де ерекше.

IMG_0902

-Биылғы маусымдағы ең үздік матчыңыз қай ойын?

-Биылғы маусымда еске алып жүрер қызықты ойындар көп болды. Өзім үшін «Шахтер-Болатқа» қарсы матч ерекше. 0-2 есебімен жеңіліп жатып, 3-2 етіп жеңіп кеттік. Сол ойында екі гол соғып, таразы басын теңестіргем. Матч аяқталар тұста Арман Смаилов жеңіс голын соқты. Ондай матчтар ұмытылмайды.

IMG_5281

-Мансабыңызды аяқтаған соң бапкерлікке ауысасыз ба? Әлде мүлдем басқа салаға кетесіз бе?

-Оны ойлау әлі ерте. Мүмкін бапкер болармын. Футболда алдын ала бірдеңені кесіп айту қиын. Сондықтан ол жағын көп ойламаймын. Қазіргі сәттегі басты жоспарым «Ақжайық» клубымен Премьер Лигаға шығу. Бұл менің ғана емес, бапкеріміз Артур Авакянц және барша команданың мақсаты.

-Сіздің ең басты жанкүйеріңіз?

-Ең басты жанкүйерім тілеуімді тілеп, үйде отырған анам мен құдай қосқан қосағым.

IMG_5463

-Көп футболшының лақап аты болады. Сіздікі кім?

-Мені командадағылар Даур немесе Тажик деп атайды.

-Биыл бірінші лигада 4 команда (Каспий, Алтай, Қызылжар, Ақжайық) ерекше қарқын алды. Ең бастысы қай клуб?

-Биыл берілетін екі жолдамаға таласып жатқан төрт клубтың шайқасы кей сәттерде Премьер Лига ойындарынан да қызығырақ. «Каспий», «Алтай», «Қызылжар» болсын тарихы бар, мақсаттары айқын, құрамы мықты клубтар. Бірақ «Ақжайық» олардан еш кем емес. Тіпті артық. Мұнда ойыншыларға барлық жағдай қарастырылған.

-Алда ұлттық құрама ойындары келеді. Кипр және Ресей құрамаларымен ойында қанша ұпай ала аламыз?

-Екі матч та сырт алаңда өтеді. Ұпай таратқалы жүрген құрама жоқ. Екі ойын да қиынға соғады. Әсіресе Ресей мықты. Кипрден үш ұпай алуға болады деп ойлаймын.

-Соңғы кездегі басты жаңалық Еуропа Лигасының жеребесі. Бәрінің айтатыны - Манчестер Юнайтедтің Астанаға келетіні. Сіз үшін де бұл үлкен жаңалық па?

-Әрине бұл үлкен жаңалық. Манчестер Юнайтедтай клубтың «Астана Аренада» доп тебуі тарихи оқиға. Егер «Астана» ұпай алса, Қазақ елі үшін үлкен абырой болар еді.

-Сұхбатыңызға рахмет!

Түгелбай Бисен

«Ақжайық» футбол клубының

 баспасөз қызметі

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале