21.01.2021, 17:00
Оқылды: 187

Дауыссыздар

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Совет өкіметі жылдарындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөнінде мемлекеттік комиссия құрылды. Әр өңірде жұмыс тобы құрылып, оның құрамына кірген зерттеушілер мен ғалымдар үшін еліміздің архивтерінде, жабық қорларда жұмыс істеу үшін қажетті жағдай жасалмақ.

C0F2FB92-1F32-4350-996C-A42E71052B18

Даусын алу

Совет өкіметінің жазалау тарихын қарасаңыз, адам құқығын шектеу, аяққа таптаудың неше  түрлі тәсілін қолданғанын байқайсыз. Соның бірі – азаматтың сайлау және сайлану құқығын алып қою. Оларды ел ішінде «даусы жоқтар», «даусы алынғандар» деп атапты. Шынында да архивте сақталған құжаттарға қарасақ, әділетсіздікке көнбей, аудан мен облысқа, тіпті республикаға шағымданған сол жандардың шырылы көп жағдайда ескерусіз қалған. 1918-1936 жылдар аралығында РСФСР (кейінгі СССР – Қ.Қ.) Конституциясының 65-бабы бойынша баю мақсатында кісі еңбегін пайдаланғандар, капиталды өсімге беруден, кәсіпорын мен мүлік табысынан күн көретіндер, жеке саудагерлер мен коммерциялық делдалдар, дін қызметкерлері, бұрынғы полиция, жандарм, күзет қызметкерлері, ақыл-есі ауысқандар мен қамқоршылықта тұрғандар, сондай-ақ сот үкімімен қамауға алынған тұлғалар сайлау және сайлану құқығынан айырылған екен. Бұл үрдіс, әсіресе, сталиндік кезеңде өрши түскен. 1926 жылғы Бүкілодақтық санақ нәтижесіне қарағанда Совет Одағында  сол жылы 1 040 894 адамның сайлау құқығы болмапты. Оның  43,3%-ы – саудагерлер мен делдалдар, 15,2%-ы – дін қызметкерлері, молдалар, монахтар болыпты. «Даусы алынған» азаматтардың кәмелетке толған балалары да сайлау және сайлану құқығын ала  алмаған.

Деректерге қарағанда 1927 жылы СССР-да «даусы жоқ» азаматтардың саны 3 038 739 адамға жеткен.

1937 жылы қабылданған РСФСР Конституциясында сайлау құқығы барлық азаматқа берілетіні жазылғанымен, жұмысқа кірерде толтырылатын міндетті анкета парағында: «Бұрын-соңды дауыс беру құқығы алынған ба, алынса қашан, не себепті?» деген сауал 1961 жылға дейін тұрған екен.

Бұған қоса айтарымыз, «даусы алынғандар» тізіміне енгендер 1930 жылдары бүкіл елді жайпап өткен саяси репрессия кезінде сот пен оққа алдымен ілінгені де шындық.

Төменде оқырман назарына Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік архиві қорында сақталған құжаттардың арасынан алынған үш тағдыр – үш адамның ісін ұсынамыз.

Алаш милициясының бастығы

• Тайпақ ауданы №7 ауыл тұрғыны, 1886 жылы туған Тұрсынғали Есболовтан сайлау комиссиясына арыз:

• «Сайлау туралы нұсқаулықтың 14-бабының І-ІІ тармағына салып, мені сайлау пұрсатымнан айырып отыр.

• Мен анам Ақбөпенің қолында тұрамын. Жымпиты бөлімі сақтандыру кассасы кітапшасының жазбасына сәйкес біздің отбасында алты жан бар. Үй иесі Ақбөпе 70 жаста, менің әйелім Қанжан емшектегі баласымен, ұлым Құрият 12 жаста, оқушы қызым Әмина 5 жаста және мен. 1920 жылдан өкімет қызметінде келемін, қазір қорғаушылар алқасының мүшесімін, денсаулығым 60 пайызға жарамсыз.

• Шаруашылығымызда 26 бас мал бар. Сақтандыру пунктінің №44 хабарламасына сәйкес бұл орта шаруаға және таза еңбекке жатады.

• Ал земство кезінде аудандық милицияның сайланбалы бастығы болғаным, шаруа бастығы (крестянский начальник) мен мировой судьяның ісін жүргізгенім үшін сайлау пұрсатынан айыру да жөнсіз. Өйткені ол тек техникалық лауазымдар болатын.

• Одан кейін мен талай қоғамдық пайдалы іспен айналысып, ауыл мектебін асарлап салуды ұйымдастырдым, тұтынушылар қоғамына ерікті жарна салдым.

• №7 ауыл совет бастығы елді адастырып, қалайда мені сайлау пұрсатымнан айыру үшін кез келген өтірік құжат беруге әзір. Өйткені екеуміздің арамызда мүлікке байланысты сот ісі болған еді. Тұрсынғали Есболов, 1929 жыл, 12 қаңтар».

• Осы арызға қоса бірнеше құжат бірге тіркелген. 1928 жылы 1-2 желтоқсанда өткен Қадырғұл ауылы кедейлерінің №2, №3 жиылыс хаттамалары, 4 желтоқсанда Әзербай ауылы кедейлерінің жиылыс хаттамасы, дәрігерлік анықтама, т.б.

• Алғашқы жиында Жиенәлиев баяндама жасап, жарыссөзде Исмағамбетов, Меңдібаев, Тілеуғожиев сөйлепті. Бәрі де Есболовты қоғамға зияны жоқ екендігін айтқан. Тілеуғожиев: «Ол тұтынушылар қоғамына кіруге мүмкіндігім болмай тұрғанда мен үшін 50 тиын төлеп жіберді. Оның мұндай жақсы істері көп, сондықтан зарарсыз санаймыз» деген. Қалғандары да осыны қостап, «Есболов қоғамға қауіпсіз. Сайлау комиссиясы мәселені тағы бір қарасын, сайлау пұрсатын қайтарсын» деп қаулы еткен. Екінші жиында К.Рамазанов, Д. Ақуов, Домаланов, Мұнайдаров, Бекиров, Тәженбаев және басқалары Есболовтың халықты жақсылыққа бастағанын, мысалы, 1927 жылы ауылдың 6-7 баласы Жымпитыға барып оқи ал-май қалғанда, халықты үгіттеп, ауылдан мектеп салуға бастама көтергенін, нәтижесінде мектеп салынып, балалар білім алып, сауатын ашқанын айтқан. Ал Әзербай ауылындағы кедейлер жиылысында Қалиев деген кісі: «Біз Тұрсынғалидың көмегін көрдік. 1921 жылы ашаршылық кезінде ол ашыққан халыққа өз малының сүтін беріп, талай адамды өлімнен алып қалды. 1923 жылы өз егінінен 200 пұт тарыны тұқымдыққа кедей-кепшікке таратып берді, әлі күнге дейін ақысын сұрамай отыр. Міне, оның көрсеткен көмегі осындай, ал басқаларынан біз мұндай жәр-дем көрмедік» деген.

Осы құжаттардың арасында 1928 жылғы 12 мамырда толтырылған акт те жүр. Онда былай делінген: «Жымпиты сақтандыру пунктінің ғимаратында азамат Тұрсынғали Есболов еңбек қабілетінен айырылғандығы бойынша тексеруден өтті. Есболов арық, даусы әлсіз, тері асты май безі әлсіз жетілген. Сол жақ көзінің қарашығы бұлдыр, сол жақ шынтақ буыны семіп қалған. Оң жақ көзінде әлсіздік бар. Қаулы: Есболовтың еңбек қабілетсіздігі –  60 пайыз». Соңында Жымпиты уездік денсаулық бөлімі төрағасы мен үш дәрігер қол қойған.

Бірақ бұл аралықта Тұрсынғалиды қаралаушылар да қарап жатпаған. Орал губерниялық «Қызыл ту» газетіне Есболовты «әшкерелеген» мақалалар дүркін-дүркін шығып жатты. Ең ауыры «Алашорданың аудандық милиция бастығы болды» деген айып еді.

Біз Тұрсынғали Есболовтың кейінгі тағдыры қалай болғанынан хабарсызбыз. Ол әлде жер аударылып, әлде қуғыннан қашып, Ресей Федерациясын паналағанға ұқсайды. Бірақ бәрібір советтік репрессиядан аман қалмаған. 1941 жылы 27 маусымда Чкалов облысы Павлов ауданы Орынбор астық совхозындағы мектепте оқу ісінің меңгерушісі болып жүрген кезінде тұтқындалып, ату жазасына кесілген.

Кісі еңбегін қанаушы

«Батыс Қазақстан облыстық сайлау комиссиясына Теректі ауданы Бексары ауыл советінің азаматы Хибашев Тамаштан шағым.

Мені Теректі аудандық сайлау комиссиясы сайлау пұрсатынан айырып отыр. 1929 жылдан бастап Бексары ауылындағы Чапаев атындағы ауыл шаруашылық ар-телінің мүшесімін. Тапсырманы үздік орындап, еңбек озаты атандым. Колхоздың ең қиын жұмысында жүрдім. Осы жылы денсаулығым нашарлап, ауырғаны-ма қарамастан, 262 еңбек күн жинадым. Алайда ауылдық сайлау комиссиясы мені кісі еңбегін қанаушы ретінде сайлау пұрсатымнан айырды.

Дұрысында 1927 жылы көктемде жер жырту кезінде Сапаров Зақаш атты кедеймен бірге жұмыстас болдым. Ол қазір де колхозда істейді. Мен оны жалдаған жоқпын, бірге істедік. Менің бір атым, бір түйем болды, оның бір аты болды, біз біріктік. Мен оны жалдамадым, екеуміз бір соқаны пайдаландық.

Мені сайлау пұрсатымнан заңсыз айырғаны жөнінде аудандық сайлау комиссиясына үш мәрте шағым жаздым, соңғысына ғана жауап қатты.

Жасым 51-де, отбасымда бес адам бар. Төртеуі – бала» деп жазады Тамаш Қибашұлы 1935 жылы 21 ақпанда.

«Теректі ауданы Барбастау ауыл кеңесі қалқоз Құрамыстың ішіндегі Қибашұлы Тамаштан.

Осы арызымды беріп, мына төмендегі қалдерді көрсетемін. Мен Қибашұлы Тамаш 1926 жылдан бастап 1929 жылға дейін артел болып құралып жұмыс жасадық. Сондағы бар малым бір пар өгіз, бір ат, үш бұзаулы сиырым болды. 1929 жылдан бастап қалқозға мүше болып кіріп, осы малды ортаға салдым. Ешбірін соймадым. 1930-1931 жылдары «ударник» деген билет алдым. Тоқтаусыз жұмыс жасадым. Бірге жүрген жолдастарым осы халімді ыспаттайды. Осы уақытта бір кісілердің өтірік арызы бойынша мені жеке салыққа тартып отыр. Осы арызымды жақсылап тексерсеңіз екен».

Бейшара шаруа «Көрсеткен сөздерімді ыспаттайды» деп, «Құрамыс» колхозында бірге жүрген З.Сапарұлы, Қ.Ахметұлы, М.Арыстанұлы, А. Қожақметұлы, Д.Мұқанұлы, М.Есмайылұлы, Ж.Мұқашұлы, Қ.Бүркітұлы, К.Нұрышұлы, Б.Арыстанұлы, Т. Сатыбалдыұлы, Ғ.Керешұлы, Қ.Нұрышұлы, Қыдыр Өтегенұлы – барлығы 14 адамды куәге тартқан. Аталған адамдар бірі арабша, бірі латынша, бірі орысша қол қойған.

Құжаттарға қарағанда Бексары ауыл кеңесі мен «Құрамыс» колхоз басқармасы «Сен даусың алынған кісісің» деп Тамаш Қибашұлының колхозда жасаған еңбек күнін, тиісті табысын да бермей кеткен.

Тағы бір құжатта Тамаш Қибашұлы өз әкесінің 1930 жылы сот астында болып, үш жылға жер аударылғанын, сол мерзімді күнін өткізіп, кейін Оралға кетіп, биыл дүниеден өткенін жазыпты. «Мақсатым – азаматтық құқымды алу» деген шаруаның шағымы ақыры қанағаттандырылмағанға ұқсайды. Өйткені Теректі аудандық атқару комитетінің президиум отырысы Тамаш Қибашұлының сайлау құқын қайтару туралы шағымын 1935 жылы 8 қаңтарда және 1935 жылы 9 мамырда екі мәрте қарап, екеуінде де арызды қанағаттандырудан бас тартқан.

Саудагердің әйелі

Шыңғырлау ауданы Қарашығанақ кеңесінің қарауындағы азаматша Есжан келіні Нағима күйеуі Есжанұлы Макардың саудагерлікпен айналысып, кісі еңбегін қанағаны үшін 1934 жылы 6 қаңтарда сайлау құқынан айырылған.

«Жасым 50-де. Бұған дейін ешқашан даусым алынған емес еді. Енді Қарашығанақ ауыл кеңесі менің даусымды алып, колхоздан шығарып жіберді. Мен Есжанов Макардан 1926 жылы жесір қалдым, өз еңбегіммен күнелттім. 1929 жылы Буденный атындағы колхоз құрылған күнде қолымда бар бір ат, бір сиырды қосып, колхозға кірдім. Осылайша 1934 жылға дейін колхозда еңбек еттім. 1934 жылы мені «Бай-құлақтың отбасы» деп даусымды алды, колхоздан қуды, сиырымды тартып алды.

Ауыл кеңес мені «1931 жылдан сайлау пұрсаты алынған» депті. Онысы өтірік, мен 1934 жылға дейін колхозда еңбек еттім.

Облыстық сайлау комиссиясынан менің сайлау пұрсатымды қайтаруды сұраймын» деп жазады Нағима 1934 жылы 20 қазанда облыстық сайлау комиссиясына жазған арызында. Бұл, сірә, «даусы жоқ» әйелдің алғашқы арызы емес сияқты.

Бұл жолы облыстық сайлау комиссиясы жесір міскіннің көз жасына аяушылықпен қарапты. Жылдан аса сабылыстан кейін 1935 жылдың 29 наурызы күні Батыс Қазақстан облыстық атқару комитеті Президиумының отырысында мынадай қаулы қабылданыпты:

«Батыс Қазақстан облыстық сайкомінің (сайлау комиссиясының – Қ.Қ.) 16 наурыздағы №16 хаттамасының 18-пункітінен көшірме.

Тыңдалды: Азаматша Нағима Есжан келінінің Шыңғырлау ауаткомімен «саудагер және кісі күшін пайдаланушы Макар Есжанұлының әйелі» деп алынған сайлау дауысы жайлы шағымы (баяндамашы Айтбайұлы).

Қаулы: Ері Макар Есжанұлының 1928 жылы өлгендігін, өз басының сауда істеп, кісі күшін пайдаланбағандығын және 1929 жылдан колхозда мүше екендігін қатерге алып, Нағима Есжан келінінің сайлау даусын өзіне қайыруға.

Облсайком ағасы Шепкоплас.

Облатком нұсқаушысы Айтбайұлы».

P.S.

Архив қорларында мұндай жүздеген, мыңдаған істер тарихтың шаңы басып, қараусыз жатыр. Ол істердің көбі араб жазуында болғандықтан, көпшілік қолы жетімсіз болып тұр. Егер «Орал өңірі» газетінің оқырмандары қаласа, мұндай істермен таныстыруды болашақта да жалғастырамыз.

Қазбек Құттымұратұлы,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале