21.04.2017, 12:13
Оқылды: 57

Депутаттар латын әліпбиіне көшуді қолдады

Nurotan  «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының мәжіліс залында Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласын талқылауға арналған жиын өтті. Бұған облыстық мәслихат депутаттары мен мекеме басшылары және БАҚ өкілдері қатысты. Жиынды облыстық мәслихаттағы «Нұр Отан» партиясы депутаттық фракциясының жетекшісі Серік Сүлеймен жүргізіп, жиналғандарды күн тәртібімен таныстырды.


  Жиында сөйлеген педагогика ғылымдарының докторы, профессор, облыстық мәслихат депутаты Асхат Иманғалиев Елбасы мақаласында айтылған мәселелердің маңызына тоқталды.

   -Латын әліпбиіне көшу-заман талабы. Бұл бізге бөтен емес. Бұрын соғысқа дейінгі жылдарда біздің ата-әжелеріміз осы әліпбиді пайдаланған. Елбасымыз латын әліпбиіне көшуді бұдан бұрынғы жылдарда да айтқан, бірақ бұл бағытта ештеңе істелмеді. Ал биыл латын әліпбиіне көшіруді нақты қолға алды. Өйткені бүгінгідей үш тілді бірдей меңгеруге ұмтылып жатқан тұста латын әліпбиіне көшу өте қажет. Көп тілді үйрену бізге заман көшінен қалмау үшін, жаңа технологияны меңгеру үшін қажет. Өзге тілдерді үйрене отырып, ана тіліміздің, мемлекеттік тілдің мәртебесін сақтап қалу –біздің парызымыз. Біздің унисерситеттің кітапханасында бір миллионнан астам кітап бар. Өкінішке орай, соның тек 30-40 пайызы ғана қазақ тілінде. Унисверситет студенттерінің 70 пайызы мемлекеттік тілде оқиды десек, бұл, әрине, аздық етеді. Болашақта біз кітапхана қорында қазақ тіліндегі кітаптарды, оқулықтарды көбейтуге тырысамыз. Қорыта айтқанда, біз Елбасының рухани жаңғыру бағытында айтқан ой-пікірлерін қолдап,  латын әліпбиіне көшу бойынша берген тапсырмасын орындауға дайынбыз, -  деді М.Өтемісов  атындағы БҚМУ ректоры Асхат Иманғалиев өз сөзінде.

  Оның бұл пікірін осы жиынға қатысып отырған «Болашақ»  қауымдастығының төрайымы Салтанат Тұманбаева да қостады. Ол «болашақтықтардың» Елбасының бұл бастамасын қуана қолдайтынын және қауымдастық мүшелерінің жастар ұйымымен бірігіп, «Туған елге тағзым» атты бағдарламаны жүзеге асыруды қолға алғанын жеткізді.

   Оның сөзін жалғастырған облыстық мәслихат депутаты Амангелді Таспихов латын әліпбиіне түркі елдерінің бәрі ауысып болғанын айтып, біздің де латын әліпбиін тездетіп меңгергеніміз жөн деді.

Айша ӨТЕБӘЛІ

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале