9.08.2018, 12:31
Оқылды: 93

Дизель отыны тағы қымбаттады

Қазір жиын-терім науқанының нағыз қызған шағы. Жаздың әр күнін қысқа азық қылған шаруалар қызу еңбекке кірісіп те кетті. Алайда облыста дизель отынына бағаның қымбаттығы жұмысқа қолбайлау болып тұр. Маусым айында 4,71 пайызға, шілдеде 6,25 пайызға өскен дизель отынының бағасы тамыз айында тағы 1,42 пайызға қымбаттаған. Маусым айында дизель отынының бір литрінің нарықтағы бағасы орташа есеппен 159 теңгені құраса, қазір 187-195 теңге аралығында сатылуда.

дизель отыны

Бүгін өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылар құқықтарын қорғау комитетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Нұрбол Ислямовтың мәлімдеуінше, бағаның қымбаттауына көтерме сатып алу бағасының өсуі мен еліміздегі дизель отынын өндіруші зауыттардың аталған отынды жеткіліксіз өндіруі ықпал етіп отыр. Облыстың сұйық отынға деген ай сайынғы қажеттігі өткен жылы шамамен 20-30 мың литрді құраса, биылғы сұраныс та осы деңгейде. Жанармай бекеттеріне дизель отынына тапшылық жоқ, тек баға ырыққа көнбей тұр. Департамент мамандары сұйық отын бағасының қымбаттау себептерін зерттеп жатыр. Жанармай жеткізушілерге монополияға қарсы заңнама нормаларын бұзуға жол бермеу туралы ескерту хаттар жолданған.

 Облыста АИ-92 және АИ-95 маркалі бензиндердің бағасы тұрақты, тіпті кейбір жанармай бекеттерінде арзандаған. Нақтырақ айтсақ, АИ-92-нің бір литрінің бағасы 158,18 теңгеден 151,64 теңгеге дейін түскен. Ал АИ-95 маркалі жанармай 176,64 –тен 174,73 теңгеге дейін арзандаған.

Динара ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале