28.04.2017, 12:19
Оқылды: 31

Оралда «Достық-Дружба» фестивалі өтті

Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығының амфитеатрында «Достық-Дружба» фестивалі өтті. Қазақстан халқы бірлігі күніне орай ұйымдастырылған шараға Орал қаласының орта мектептеріндегі достық клубтарының мүшелері қатысты.


-Орал қаласындағы мектептерде біраздан бері достық клубтары жұмыс істеп келеді. Олар балаларды толерантты, бауырмал болуға, достықтың мән-мағынасын тереңірек түсінуге, салт-дәстүрлерді білуге тәрбиелеп, жарқын болашаққа деген сенімдерін арттыруға өз үлестерін қосуда. Біздің клубтарымыз республикамыздағы үздіктер қатарында деп мақтанышпен айта аламыз. Биыл осы достық клубтарына арнап алғаш рет фестиваль ұйымдастырып отырмыз. Бұл шара олардың жаңа деңгейге көтеріп, тың белестерді бағындыруға жол ашады деп ойлаймыз. Осы фестивальдің ашылуымен және келе жатқан Қазақстан халқы бірлігі күнімен құттықтаймын,-деді шара барысында БҚО ҚХА төрағасының орынбасары Ғайса Қапақов.

Ресей Федерациясының Орал қаласындағы вице-консулы Юрий Пономарев қазақстандық өнерпаз өрендерге қашанда риза болып жүретіндігін жеткізді. «Қазақстанда өзге ұлт өкілдерінің де мәдениетін, салт-дәстүрін кеңірек насихаттауға жағдай жасалған. Бүгінгі шарада соған тағы да куә болудамыз,-деді ол.- «Көршің жақсы болса – тынысың» деген қанатты сөз бар. Тату көршілігіміздің арқасында екі елдің тұрғындары қоян-қолтық араласуда. Қазақстандық балалар, жастар, ересектер Ресейде өтетін түрлі сайыстарға қатысып, жеңімпаз болып оралып жатса, ресейліктер де Қазақ еліндегі додалардан топжарып жүр. Міне, біздің осындай достығымыз алдағы уақытта да жан-жақты дамуына тілектеспін».

Өз кезегінде сөз алған Орал қалалық білім бөлімінің басшысы Жансұлу Төремұратова достық клубтары облыс орталығындағы барлық орта мектепте ашылғандығын мәлімдеді. Бүгінгі шара осы клубтарда атқарып жатқан жұмыстарды ата-аналарға, жалпы жұртшылыққа көрсетуді мақсат етіп отыр. Достық клубтары Елбасы Жолдауында айтылған адами капиталды дамыту бағытында іс-шараларды да қолға алуда.

Содан соң Достық пен этносаралық келісімді, мәдениет пен салт-дәстүрлерді, бірлік пен татулықты насихаттауға қосқан үлесі үшін көптеген қала мектептеріндегі достық клубтары БҚО ҚХА-ның дипломдарымен марапатталды. Ресейдің Балаково қаласында өтетін балалар шығармашылығын насихаттауға арналған «Формат 64» атты халықаралық байқауға 38 оралдық өрен екінші мәрте қатысып, жақсы нәтиже көрсетті. Соған орай Орал қаласының мектептен тыс орталығының тәрбиеленушілеріне РФ-ның Орал қаласындағы консулдығының дипломдары табысталды.

«Көктем өрнектері» атты композициямен ашылған шара барысында достық клубтарының мүшелері елімізде мекендейтін ұлт пен ұлыстардың әндерін шырқап, билерін билеп, өз өнерлерімен жиналған жұртшылыққа қуаныш сыйлады.

Мәди ЫҚЫЛАС

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале