3.05.2019, 15:36
Оқылды: 146

«Егер Бөкей көшпесе...»

Бөкей хан – Қазақ елі тарихында өшпес із қалдырған зор тұлға. Ол өз заманына сай татарша сауаты бар, білімді адам болған. Сонымен қоса Орск медресесін бітіргендігі, Санкт-Петербургте жоғары офицерлер дайындайтын мектепте оқып, патша армиясының полковнигі атағын алған деген деректер кездеседі. Бөкейдің арғы бабалары Қазақ хандығының негізін қалаған Жәнібек хан болса, бергі аталары Кіші жүз ханы Әбілқайыр хан. Әбілқайырдың Нұралысынан туған. Оның туған жылы тарихшы- зерттеушілердің айтуынша, шамамен 1747, 1748 жылдар деп көрсетілген.

 bokeiordasy

         Бөкей Нұралыұлы – қазақ тарихындағы соңғы хандық Бөкей хандығының негізін қалаушы. Қазақтардың ежелгі атамекені болған Еділ мен Жайық аралығы – сонау жылдардан таласқа толы, жеті жұрт қонып, жеті көш

көшкен киелі өлке. Тарихнамаға көз жүгіртсек, б.з.д. VIII-III ғ.ғ. иран тілдес скиф сарматтар мен алаңдар, б.з. IV-XIII ғ.ғ. түркі тілдес ғұндар, авар, хазар, оғыз, қыпшақтар, XIII-XV ғ.ғ. моңғол хандары орда тікті, кейін ноғай мырзалары мен қазақ хандары қанат жайды, XV-XVII ғ.ғ. түркімен, қарақалпақ, башқұрт халқы жайлады. Осы аталған үш халықтың бір бөлігін Кубаньға, екінші жартысын Арал теңізі маңына ығыстырып, XVII ғасырдың 30-жылдары қалмақтар кеп орнықты. Алайда қалмақтар қазақтардың әлсін- әлсін жасаған шапқыншылықтарына байланысты 1771 жылы Жоңғарияға қоныс аударғаннан кейін, ол даланы ешкім тұрақты мекеніне айналдырмады. ХІХ ғасырдың басында Бөкей сұлтан Еділ мен Жайық аралығын иелену мүмкіндігі пайда болғанын есепке алып, өзінің күш-жігерімен, табандылығымен І Павел патшадан Нарын даласынан қазақтар үшін дара басқарылатын аймақ қалыптастыруға рұқсат алуға қол жеткізді. Бөкей сұлтан Кіші жүз ханы Айшуақтың хандық кеңесінің төрағасы бола жүріп, көксеген арманын жүзеге асырып, елімен, мал-жанымен Жайықтың арғы бетіне көшеді. Патша жарлығында Бөкей қарамағы болып Еділ-Жайық арасындағы дала, яғни солтүстікте Қара, Сары өзендерден, оңтүстікте Каспий жағалауына дейінгі жайлау көрсетілді. 1801 жылға дейін талас-тартыспен тек қыс мезгілінде пайдаланса, енді жыл бойы жайлайтын болды.

         Бөкейге осы жаққа Ішкі ордаға көшерде болашаққа үміті бар, ынтазар, белсенді адамдар ілесті. Исатай мен Махамбет батырларымыздың әкелері Тайман мен Құлмәлі Бөкеймен замандас әрі артына ерген сенімді серіктері болды. Сонымен қоса академик С.Зиманов «Букеевское ханство» деген еңбегінде: «Бөкеймен алғаш келгендердің ұйытқысы, негізінен, Сырым батыр қозғалысына қатысқан байбақты руының адамдары мен Кіші жүзден шыққан 5000 шаңырақ кедей болды. Халқының қамын жеген Сырым батырдың өзінен бастап оның барлық серігі елдің жаңа қонысқа аударыла көшуіне үгітші, ұйымдастырушы болды. Бөкей сұлтан бұл ойын іске асыруда ең алдымен Сырымның қолдауына сүйенді» деген.

         Бөкей сұлтан өз хандығының аумағын заңдастырып, шекарасын кеңейтіп, бар-жоғы 13-15 жылда жаңа қоныстанған қос өзен аралығындағы 7 миллион 72 мың десятина кең жазықты барған сайын кеңейтіп, 5 миллионнан астам мал өсірді. Бастапқыда 5 мың түтіні бар 77 болыс санын 25 мың шаңырақты қамтыған 149 болысқа жеткізді. Орынбор шекаралық комиссиясының титуляр кеңесшісі А.Кузнецовтың Орынбор әскери губернаторы П.Эссенге жазған рапортында: «Бір отбасындағы Бөкей мен Шығай Нұралиевтердің 1801 жылы Ішкі ордадан Жайықтың бергі бетіне өткенде 5 түйесі, 30-ға тарта қойы, 17-ге жетер-жетпес жылқысы ғана болды» деп жазған.

         Хандық салтанат құрған уақытта жергілікті қазақтар үшін айтарлықтай оң өзгерістер жүзеге асырылды. Олар егіншілікті меңгеріп, көшпелі тұрмыстан отырықшылыққа бейімделді. Бөкей ордасы Ресей мен Қазақ жеріндегі сауданың маңызды орталығына айналды. Еуропалық үрдістер енгізіле бастаған басқару жүйесі жетілдірілді. Бөкей хан нағыз саясаткер, дипломант ретінде артынан ерген халқына өркениетке жол ашты, көшбасшы болды. Бөкей хандығының сол кезеңдегі даму үрдісін белгілі ғалым-этнограф Салық Бабажанов «Ішкі орда халқы өздерінің мәдени өмірлерінің және де ақыл-ой қабілеттерінің дамуы жағынан Бөкей ханға алғыс айтуға міндетті. Бөкей қазақтарды дала төсінен астрахандықтардың жеріне көшіріп әкеліп, қала-қыстақ ғұрпын қабылдады» деген болатын өз жазбаларында.

         «Ханда қырық адамның ақылы бар» демекші, Бөкей күллі Кіші жүзді билеуден бас тартып, осынау бос жатқан қазақтардың ежелгі атамекені болған аумақты қайтарып, сақтап, өз ордасын көтерді. Сонымен қоса патшалық Ресейдің құрамында болса да, жергілікті халықтың ұлттық белгілері сақталып, жерге иелік заңдық мәртебесіне ие болды. Мұнай мен балықтың отаны Атырау өңірі, Еділ мен Жайық өзендерінің алқабы, Нарын құмының құнарлылығын, байлығын, ерекшелігін білді. Жерлес ақын Ғ.Сейтақтың:

«Егер Бөкей көшпесе,

Жүрер едік біз қайда?

Шекараны өзге жұрт

Басқа жерден сызбай ма?!

Егер Бөкей көшпесе,

Еділ-Жайық бетке алып,

Құмнан аспай қалың жұрт,

Қалар ма еді тоқталып?!

Егер Бөкей таппаса

Ақ патшаның көңілін,

Болжап білер кім бар-ды

Келер ұрпақ өмірін?! – деген өлең жолдары еріксіз тілге оралады.

         «Жақсының аты өлмейді» демекші, бүгінде ауданымыз оның есімімен аталуда. Қазақ жерінің аумағын кеңейтіп, қол астындағы халықтың тұрмыстық жағдайын жақсартқан, өзі билік жүргізген уақытта халқына шекер шайнатып, бал ішкізген Бөкейдің есімін ел тарихында мәңгі қалдыру – кейінгі ұрпақ үшін қасиетті парыз.

Гүлмира Елемесова,

облыстық Хан ордасы

музей-қорығының қызметкері,

Бөкей ордасы ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале