5.04.2018, 9:25
Оқылды: 270

Егіндікөл ауылының дербес сайтының таныстырылымы өтті

egindikol sait (3)Көзі қарақты оқырман Ақордадан бастап, министрлік, əртүрлі деңгейдегі əкімдіктер, басқа да мемлекеттік құрылымдардың, ақпарат құралдарының, тіпті жекелеген адамдардың да дербес сайты бар екенін біледі. Ал жеке өзінің сайты бар ауылды естіп пе едіңіз? Иə, бар екен. Оған egindikol.kz сайтының таныстырылымында куə болдық.


Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданы, Егіндікөл ауылының сайтын таныстыру рəсімін идея авторы, осы істің басы-қасында жүрген  Жантас Сафуллин жүргізді.

egindikol sait (2)- Əр адам өзінің тамырын, туған ауылының, өскен өлкесінің тарихын, текті тұлғаларын біліп қана қоймай, өз өңірінің дамуына үлес қосатындай жанашыры бола білу керек деп есептеймін. Бұл туралы Елбасымыздың "Рухани жаңғыру" бағдарламасында да айтылған.

"Туған ауылымның болашағы үшін маңызды қандай іс атқара аламын?" деген сұрағыма жауап тапқандай боп осы істі қолға алдым. Егіндікөл ауылының тамаша сұлу табиғаты, тамыры терең тарихы бар. Біздің заманымыздан бұрынғы V ғасырдан бүгінгі күнге дейін, яғни 2500 жылдай үздіксіз ата-бабамыздың іздері сайрап жатқан, ар жағында да құтты мекен болғаны күмәнсіз қасиетті қоныс. Бұлақ, көл, өзен, өркеш-өркеш құм, шағыл, ну орман, терең сайлар, шөбі шүйгін жазық дала. Осының бəрі бір ауылдың маңында болуы қандай керемет?!

Сайттың мақсаты - ауылымыздың қайта түлеп, дамуы үшін заманауи смарт құралдардың көмегімен рухани және материалды көмек беру, Егіндікөлге қатысты маңызды ақпараттарды жинақтау, кітап, фото, видео, ән, клип тәрізді сапалы контент жасау, осы ауылда туып-өскендердің арасында байланыс орнатып, ауылға қолдау білдіруге қажетті тетіктер жасау, тамыры терең тарихы туралы материалдармен танысу, əрі қарай, зерттеу, насихаттау жұмыстарын жүргізу, ауылдың күнделікті тіршілігіндегі маңызды шаралармен таныстыру. Осы бағытта 2013 жылдан бері жұмыстанып келе жатырмын. Алғашқы нәтижелер еgindikol.kz сайтында орналастырылды. Енді осы істі əрі қарай дамытып, жалғастырып əкету барша егіндікөлдіктердің ортақ жұмысы болады деп үміттенемін, - деді Жантас Набиоллаұлы кіріспе сөзінде.

egindikol sait (1)Келесі кезекте Ж.Сафуллин қатысушылар назарын жаңадан жасақталған сайтқа аударып, құрылымымен таныстырды.

Сайт бес негізгі бөлімнен тұрады. "Егіндікөл ауылы" деп аталатын бірінші бөлімге жоба туралы, тарихы, табиғаты, мекемелер, тұлғалар айдарлары топтастырылған.

"Жоба туралы" айдарында "Мақсаты", "Сайттың құрылымы", "Ауылға көмек" батырмалары бар.

"Тарихы" айдарының "Ауыл тарихы" батырмасын бассаңыз, Егіндікөл ауылының орналасқан жері, қалыптасу кезеңдері туралы мəліметтерді, Жантас Сафуллиннің "Сарматтар мекені" мақаласы мен Нұртас Сафуллиннің "Егіндікөл тарихы" кітабының электрондық нұсқасын, "Тарихи орындар" айдарында ауыл тарихынан сыр шертетін көне суреттерді көре аласыз.

"Табиғаты" айдарында сайт оқырмандарының назарына төңіректегі Аққұм, Есенаман тауы, Құныскерей үңгірі, т.б табиғаты тамаша көрікті орындардың сапалы фотосуреттері мен бейнероликтер ұсынылған.

"Мекемелер", "Тұлғалар" айдарлары, аты айтып тұрғандай, ауылдағы жұмыс істеп тұрған ұйымдар мен мекемелер жəне елге еңбегі сіңген жандар туралы ақпараттармен толықтырылмақ.

egindikol saitЕкінші бөлім "Ауыл тынысы" деп аталады. Бұнда ауыл жаңалықтары, ересектер мен балалардың аудан, облыс, республика көлеміндегі жетістіктері орын алмақ.

"Бейнебөлім" атты үшінші бөлімде ауылдың тарихы туралы қазақ, орыс, ағылшын тіліндегі "Дешті-қыпшақ даласы" бейнеролик жəне Гүлзира Сергазиеваның өлеңіне жазылған Егіндікөл туралы əннің бейнеклипі орналастырылған.

"Ауыл жанашыры" деп аталатын төртінші бөлімде ауылға ең қажет деген тауар, қызмет, жұмыс түрі жəне оған қажет қаражат көрсетіледі. Сондай-ақ бұл жерде көмектесуге ниетті егіндікөлдіктің қай жерде жүрсе де төлем карточкасы арқылы тез қаржы аударуына мүмкіндік берген тетік қарастырылған.

Бесінші бөлім - "Егіндікөл орта мектебі". Бұл жерде мектептің тарихы, ұжым, түлектер, музей, мəлімет ұсыну батырмалары бар. Түлектер батырмасындағы жылдардың тізімін əркім өз сыныптастары туралы мəліметтермен, фотосуреттермен толықтыра алады.

Қорыта айтқанда, сайттың құрылымы қарапайым, қолдануға жеңіл. Жиынға қатысып, естеліктерімен бөлісіп, ой-пікірлерін ортаға салған осы топырақтан түлеп ұшқан ғалым, ауылшаруашылық ғылымдарының докторы, профессор Мəлік Шəлменов, ұзақ жылдар ауданның білім саласын басқарған Абай Мұхитов, Егіндікөл мектебінің директоры, аудандық мəслихаттың депутаты болған Махуза Құрманғалиева, "Өрлеу" облыстық мұғалімдердің біліктілігін арттыру институты директорының орынбасары Елдос Сафуллиндердің берген бағасы осындай болды.

Алматыда тұрса да, өзі оқыған мектептің үздік оқушыларын ынталандыру мақсатында арнайы шəкіртақы тағайындап, ұзақ жылдар бойы қаржылай қолдау білдіріп келген жазушы Құрманғазы Қараманұлының шынайы жанашырлығы көпке үлгі боларлықтай-ақ бастама. Жақсы бастаманы іліп əкеткен оралдық ғалым Мəлік Шəлменов күні бүгінге дейін алты жыл бойы осы мақсатқа жылына 120 000 теңге қаржы бөліп келеді екен. Осындай ауыл тағдырына жанашыр аға буынның болуы тамаша үрдіс емес пе?

Жанашырлықтың үлгісі жиында да көрініс тапқандығын айта кетейік. Атап айтсақ, Елдос Сафуллин "Ауылға көмек" айдарына арнайы тетік арқылы 5 мың теңге көлеміндегі алғашқы жарнасын салса, Абай Мұхитов ағамыз өз сыныптастарымен түскен екі фотосуретін "Түлектер" айдарына қосу үшін ала келіпті.

Ендеше жаңа сайттың жұмысына сəттілік тілейік! Егіндікөлдіктер, сайттарыңыз құтты болсын!

Айгүл Ахметова

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале