4.04.2018, 15:24
Оқылды: 51

Екі айда 55 нысанның қауіпсіздік жағдайы тексеріледі

DSC_0335Ресейдің Кемерово қаласындағы 60-тан астам адамның өмірін жалмаған өрттен кейін Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев жауапты органдарға еліміздегі сауда орталықтарына тексеріс жүргізуді тапсырған болатын. Бүгін төтеншеліктер Орал қаласындағы «City Center» сауда орталығының қауіпсіздік жағдайын тексерді.

Қаннен қаперсіз сауда орынын аралап жүрген келушілер аяқ астынан қараңғылық құрсауында қалып, дабыл қағылдық. Әр қабатта орнатылған дыбыс күшейіткіштер арқылы сауда орынында өрт шыққандығы, сабыр сақтап, көрсетілген бағытқа қарай жүріп, ғимараттан шығу керектігін ескертіп жатты. Сонымен қатар сауда орынының қызметкерлері келушілер арасында кептеліс тудырмай, олардың сыртқа шығуына көмек көрсетті. Жедел сатылар мен жылжымалы сатылар тоқтатылып, жоғарғы қабаттағы адамдар қосымша баспалдақтар арқылы төменгі қабатқа түсірілді. Өрт шыққан жағдайда адам денсаулығына қауіп төндіретін түтін немесе улы газды сыртқа қарай шығаратын сорғылар автоматты түрде іске қосылды. Азғантай уақыттың ішінде келушілерге толы болатын көп қабатты ғимарат қаңырап бос қалды.

Құрамына төтенше жағдайлар комитеті қызметкерлерімен қатар өкілетті орган және үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері енгізілген комиссия сауда орталығының барлық қабаттарын аралап, қауіпсіздік жағдайына көз жеткізді.

DSC_0371-«Сити центр» сауда орталығына өткен жылдың соңында тексеріс жүргізіп, бірқатар олқылықтарды анықтап, соларды жоюға ескерту берілген еді. Алдыңғы тексерісте кейбір қабаттардағы қосымша есіктердің жабық тұруы, төтенше жағдай орын алғанда халықты құлақтандыру құрылғыларының дұрыс жұмыс жасамауы, электр көздерінің ақаулары секілді кемшін тұстар анықталған болатын. Бүгін сол жұмыстардың орындалуын қадағаладық. Сын ескертпелердің бірқатары қалыпқа келтірілген. Дегенмен толықтай талапқа сай келеді деп айта алмаймыз. Тексеріс бір күнмен бітіп қалмай, әрдайым бақылауда болады. Біз анықтаған кемшіліктер дер кезінде орындалмағаны анықталған жағдайда сауда орталықтарының иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жеке кәсіпкерлік деңдейіне қарай 500 айлық есептік көрсеткіш көлеміне дейін айыппұл салынатын болады,-дейді БҚО ТЖД Өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және профилактикалық қызмет басқармасы бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Ерлан Төрегелдиев.

ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің БҚО бойынша департаментінің басқарма басшысы Біржан Хайруллиннің айтуынша, екі ай мерзімнің ішінде өңірдегі 55 нысан тексерістен өтпек.

-Бұндай шараларға қатысуымыздың басты мақсаты – тексерістердің әділ әрі шынайы өтуін қадағалау. Сонымен қатар бизнес өкілдеріне талаптан тыс қысым көрсетілмеуіне де мүдделіміз. Өңірдің барлық аумағында жүргізілетін жоспарлардан тыс бақылауларға тұтас қоғам болып ат салысуға шақырамын,-дейді Біржан Марданұлы.

Нұрбек ОРАЗАЕВ

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале