18.04.2018, 12:59
Оқылды: 22

Екі инвестициялық жоба іске асырылады

Altay kulginovБҚО әкімі Алтай Көлгіновтің төрағалығымен облысқа инвестиция тарту және инвестициялық ахуалын жақсарту жөніндегі өңірлік кеңес отырысы өтті. Жиында екі инвестициялық жоба талқыланып, мақұлданды.

Алдымен Орал қаласында қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару жүйесі бойынша кешен құрылысы жобасы таныстырылды. Жобаны іске асыруға бел шешкен Baltic tade hose басқармасының мүшесі, «Green Servise Company» ЖШС-ның өкілі, Финляндия мемлекетінің азаматы Калвер Каппердің айтуынша, жоба бойынша қатты тұрмыстық қалдықтарды жинауға заманауи контейнерлер орнату көзделген. Тұрғындар қалдықтарды түрлеріне қарай бөліп салу үшін  түрлі қоқыс жәшіктері қойылмақ. Осы көктемде қалдықтарды іріктейтін желі құрылысы басталады. Онда 80 адамға жұмыс беріледі.  Орал қаласының бір тұрғыны жылына 300 келі шамасында қалдық тастайды. Бұл жоба бойынша қалдықтардың 60 пайызы өңдеп, кәдеге жаратуға болады. Қазіргі уақытта қоқыс полигонының пайдалану мерзімін ұзарту мақсатында электр және жылу қуатын өндірілетін биогаз стансасының құрылысы жобалануда.

Қалдықтарды іріктеу желісінен шыққан қалдық түрлері одан әрі  өңделеді. Қағаздан қаптама материалдар, жұмыртқаға ұяшық қағаз, әжетхана қағазы, пластиктен пластик түйіршіктері, халық тұтынатын тауарлар, пакеттер жасалады.  «Қазір жергілікті билік орындарымен, мектептермен байланысып, жұмыстануымыз керек. Балаларды қалдықтарды жәшіктерге  түрлеріне қарай бөлектеп салуға үйреткеніміз жөн. Оқу бағдарламасына енгізу керек. Қалдықтарды іріктеу желісі қуатты, сондықтан қаланың қалдықтары бізге аздық етеді. Ауыл-аймақтан да тұрмыстық қалдықтарды қабылдаймыз», - деген  Калвер Каппер жер телімі бөлінсе, аталмыш желінің биыл салынатынын жеткізді.

IMG-20180417-WA0063-Бірінші кезеңде полигондағы инфрақұрылымды жақсартасыз. Қазір онда инфрақұрылым атымен жоқ. Қалдықтарды іріктеу желісін саласыз. Екінші кезеңде қалдықтар өңделеді. Ал үшінші кезеңде - биогаз стансасы құрылысы. Осының барлығы үш жыл уақыт аралығында іске асырылады. Полигонды зерттедік, онда биогаз жанып кеткен. Сондықтан мамандарымыз газ жиналғанша  оны жауып қояды, - деп Калвер Каппер облыс басшысының сауалына орай  биогаз стансасы құрылысының кейін іске қосылатынын түсіндірді.

Жобаны жүзеге асырушылар қалдықтарды іріктеу желісіне 1,5 млн. еуро, биогаз стансасы құрылысына  3 млн. еуро инвестиция құймақ.  Бұл финдік компанияның еліміздегі алғашқы жобасы, көршілес Ресейде бірнеше қалада жоба табысты жүзеге асырылған. Облыс әкімінің пікірінше, бұл жоба еуропалық стандартқа сай әрі «Жасыл экономика» тұжырымдамасы бойынша алғашқы жоба болып отыр.

Screenshot_2018-04-17-21-56-54-1Кеңес отырысында қаралған екінші жоба – Орал қаласындағы Құрманғазы көшесі 84 мекен жайында халықаралық франшиза бойынша қонақүй құрылысы. Жобамен «Grand Hotel Service» ЖШС-ның директоры Жақсылық Саматов таныстырды. Оның айтуынша, аталмыш компания Оралдағы «Eldivino» ойын-сауық орталығын және Ақсайда «Марко Поло» қонақүйі жобаларын  жүзеге асырған. Енді «Ақжайық» қонақүйінің орнына екі жыл ішінде жаңа халықаралық деңгейдегі 8200 шаршы метрлік қонақүй бой көтермек.  Оның жанында ауданы 4200 шаршы метр бизнес орталық ғимараты болады. Жаңа қонақүй халықаралық франшиза бойынша іске қосылмақ. Қазіргі уақытта қонақүй бизнесі бойынша әлемдік франшиза өкілдерімен келіссөздер жүргізілуде. Халықаралық франшиза бойынша ашылатын қонақүй ондағы көрсетілетін қызмет сапасының тұрақты және қатаң бақылауда болатындығымен, сервистің жоғары деңгейімен, қала және облыс мәртебесін көтеруімен, бөлмелердің әлемдік стандартқа сай болуымен ерекшеленеді. Шетелдік мамандармен қонақүй қызметкерлерін оқыту жоспарланған. Төрт жұлдызды қонақүйде 125 бөлме, оның ішінде 92 стандартты, 10 люкс класс, бір президенттік, 20 апартамент және өзгесі болады. Ғимарат сегіз қабатты. Онда 70 орындық мейрамхана, үш конференц-залы, кофе-брейк залы, орыс моншасы, түрік хамамы, фитнес-зал, екі қауыз, жер асты және жер үсті паркинг және өзге де қажетті қызмет көрсету орындарынан тұрады.

Screenshot_2018-04-17-21-56-47-1- Жобаға жергілікті құрылысшылар тартылады. Құрылыс жұмыстарына тек жергілікті құрылыс материалдарын пайдалану көзделген. Құрылыс барысында 300 адамға жұмыс беріледі.  Құрылыс жұмыстары аяқталған соң 200 адамға жұмыс орны ашылады, -деді баяндамашы.

Бұл жобаға 12 млн. АҚШ доллары шамасында инвестиция жұмсалады.  Ескі қонақүй 2-3 ай ішінде бұзылып, құрылыс жұмыстары басталады.

Жоба өкілдер жиынға қатысушы инженерлердің, кәсіпкерлердің, ірі компания басшыларының түрлі сұрақтарына жауап берді.  Кеңес отырысына екі  инвестициялық жоба да инвестициялық жағынан тартымды жобалар деп мақұлданды.

Сондай-ақ кеңес отырысында 2018 жылға арналған облысқа инвестиция тарту және инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі өңірлік кеңесінің жұмыс жоспары қарастырылып бекітілді.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале