11.06.2017, 0:05
Оқылды: 19

ЭКСПО - 2017: Ақжайықтықтар Астанаға аттанды  

Маусымның 10-ында Орал темір жол бекетінен Ақжайық ауданының делегациясы Астанаға аттанды. Олардың арасында мемлекеттік қызметкерлер, мәдениет және спорт саласының өкілдері, мұғалімдер мен оқушылар бар.

«Кеше Ақжайық ауданынан алғаш лек, 38 адам, Астанаға – жол тартты. Оның 35-і – студенттер. Бүгін біздің ауданнан 150-ден астам жолаушы пойызға мінеді. Маусымның 12-14-і күндері халықаралық көрме туындылары қойылған ғимараттарды аралаймыз», – деді сапар алдында Ақжайық аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Орынша Бақтығалиева.

Темір жол бекетінде жүздері бал-бұл жанған жасөспірімдерді ата-аналары мен туысқандары шығарып салды. Астанаға жол тартқандардың арасында 102 оқушы бар.

– Баламалы қуат көздері қойылатын көрме жетістіктеріне куә болатынымыз қуантады. Мемлекетіміз сол арқылы экономикасы әлеуетті екенін барша әлемге паш етпек. Шетелдіктер еліміз туралы кеңінен білгісі келетіні анық. «ЭКСПО - 2017» көрмесінің ашылуын теледидардан  тамашаладық. Алған әсеріміз – керемет. Мектепте математика пәнін оқуға құмармын. Еліміздің ғылыми салада табысқа кенелуіне үлес қосқым келеді,  – деді М. Абдулов атындағы мектептің оқушысы Айым Төлеген.

Маусым айында Ақжайық ауданынан 400-ден астам тұрғын халықаралық көрмені тамашалауға барады. Көрме ашылған апта ішінде 5000-ға тарта батысқазақстандық Астанаға барады деп жоспарланған.

Нұртай Текебаев

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале