20.04.2017, 17:43
Оқылды: 25

Елбасы жазушыға қымбат сағатын сыйға тартқан

Қадыр Мырза Әлі атындағы мəдениет жəне өнер орталығында  жазушы Энгельс Ғаббасовты еске алу кеші өтті.


- Қаламға адал болды. Мол еңбек қалдырды. Жаны таза жан еді. Туындыларын басқа тілде жазды, бірақ ұлтына қызмет етті. Қаламгер Отанды сүю, жеке адам бостандығы тақырыбын, сайып келгенде, ұлт бостандығы тақырыбын шығармашылығына алтын арқау етті. Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін, егемендігімізді нығайтуға үлес қосты. Елбасымызбен жақын араласты, - деді көрнекті ақын Ақұштап Бақтыгереева. 

«Еңбегі ерек жан еді...» атты еске алу кешінде жазушымен бірге еңбек еткен әріптестері, жерлестері және туған қарындасы Шолпан Набидоллина қаламгер жайында кеңінен сыр шертті.

Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің оқытушысы, тарихшы-ғалым Сайлау Сүлейменов жазушыға Елбасы өз қолындағы қымбат сағатын тарту еткенін әңгімеледі. Қаламгер көзі тірісінде құнды бұйымды Қазталов ауданындағы Көктерек ауылындағы мектеп музейіне табыстаған. Аталған жәдігерді енді облыстық тарихи-өлкетану музейінен көруге болады.

Айта кетелік, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, мемлекет және қоғам қайраткері, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Энгельс Ғаббасов 1937 жылы Қазталов ауданы Жалпақтал ауылында дүниеге келген. Кітаптарын орыс тілінде жарыққа шығарған. Екі мәрте ҚР Парламентінің депутаты болып сайланған.

       Нұртай Текебаев

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале