17.03.2017, 18:29
Оқылды: 33

Елеусіз қалған ерлер  

Бүгін “Тәжік-Ауған шекарасындағы жауынгерлік қимылдарға және әскери қақтығыстарға қатысушылардың Ардагерлер одағы” қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен ауқымды шара өтті.


ҚР Қарулы Күштерінің 25 жылдық мерейтойы аясында жастарға патриоттық тәрбие беруді мақсат еткен шараға жауынгер- интернационалистер, қоғамдық ұйым мүшелері мен студент жастар қатысты.

Шара барысында республикалық қоғамдық бірлестіктің төрағасы Мұрат Мұхамеджанов еліміздегі тәжік-ауған шекарасындағы жауынгерлік қимылдарға және әскери қақтығыстарға қатысушылар, оларға мемлекет тарапынан жасалып жатқан жағдайлар туралы баяндап берді.

Мұрат Нұрахметұлы біздің облыс бойынша бірлестік филиалының төрағасы болып сайланған Дамир Желмұхановты көпшілікке таныстырды. Сонымен қатар тәжік-ауған соғысы ардагері, жерлесіміз Юрий Полунинге «Ерекше қызметі үшін» төсбелгісін табыс етті.

-1995 жылдың 27-ші ақпанында шыққан Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен мүгедектерді қорғау және жеңілдіктер туралы заңы бар. Ауған соғысына қатысушылар, Чернобыль апатының салдарын жоюға қатысқандар Ұлы Отан соғысына қатысушылармен теңестірілгендіктен мемлекеттік жеңілдік алып отыр. Олар өз кезегінде баспана салу үшін жер алып, сапалы медициналық қызметті пайдалануда. Ал еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген тұста  тәжік-ауған шекарасында борышын өтегендер мұндай мүмкіндіктерден әлі күнге дейін тыс қалып келді. Дегенмен, бұл олқылықтардың да біртіндеп өз шешімін тауып келеді,- дейді республикалық бірлестік төрағасы Мұрат Мұхамеджанов.

Еске сала кетейік, ТМД елдерінің 1992 жылдың 15 мамырында қабылданған «Ұжымдық қауіпсіздік туралы» халықаралық келісім шартына сәйкес, Қазақ елінің бітімгерлік батальоны 1992-2001 жылдар аралығында Тәжік-Ауған шекарасында қауіпті топтарға батыл тосқауыл қоюға жұмылдырылды. Қазақ батальонының жауынгерлері өз азаматтық борыштарын абыроймен атқарған болатын.

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале