21.06.2019, 17:14
Оқылды: 521

Еңбегі еленіп, есімі ел жадында сақталса екен

Батыс Қазақстан облысындағы денсаулық сақтау саласының негізін қалаған Насихат Әлібаев 1912 жылы Бөкей ордасы ауданында дүниеге келіп, заманның қиындығына байланысты 1927 жылы 15 жасар бозбала шағында мектеп табалдырығын аттаған. Ауыл мектебінде үш жыл білім алғаннан кейін жоғары оқу орнына даярлайтын бір жылдық курста оқиды. 1931 жылы Насихат Төреғазыұлы алғаш ашылған медициналық білім ордасы – Қазақстан медициналық институтына оқуға қабылданып, оны тәмамда-ғаннан кейін 1936 жылы арнайы жолдамамен Бақсай ауданында дәрігер болып еңбек жолын бастайды.

alibaevtar

Білікті дәрігерлер саусақпен санарлық сол кезеңде мұндай мамандарға деген сұраныс жоғары болатын. Осылайша жас маман 1937 жылы Теңіз ауданына қызметке жолданады. Екі айдан кейін Қызыл әскер қатарына шақырылған дәрігер жігіт екі жыл Қиыр Шығыста әскери борышын өтеп, аман-есен елге оралды. Әскер қатарындағы жылдар Насихат Төреғазыұлының дәрігерлік тәжірибесін молайтып, біліктілігін шыңдауға мықты мүмкіндік берді. Әуелі ол әскерде полктік лазаретті басқарды, кейінірек жеке автотанк батальонының бас дәрігері қызметін атқарған. Әскерден оралған соң білікті маман Қазақ КСР Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен Жымпиты аудандық ауруханасының бас дәрігері қызметіне тағайындалады. 1939 жылы осы ауруханаға қызметке келген Қазақ мемлекеттік медициналық университетінің түлегі Күбира Тәржімановамен танысып, ақылды әрі сұлу қыз жас жігіттің жүрегін бірден жаулап алады. Екі жастың көңілі жарасым тауып, шаңырақ кө-тергенде бүкіл ел шаттанып, шынайы бақыт тілепті. Алайда жас жұбайлардың бас қосқанына бір айдай уақыт өтер-өтпестен, сұм соғыс туралы суық хабар жұртты дүрліктірді. Ел азаматтарымен бірге Отанын қорғауға аттанған Насихат аға Орта Азия округіндегі 16-шы атты полктің құрамына қабылданады. Төрт ай бойы аға дәрігер ретінде дайындықтан өткеннен кейін майдан даласына аттанып, батальонның аға дәрігері, госпитальдарда хирург қызметін атқарып, Калинин және Солтүстік-Батыс майдандарының құрамында болған. От пен оқтың ортасынан жаралы жауынгерлерді қалайда аман алып шығу қажет болған қым-қуыт шақта табандылық танытып, күн сайын өмір үшін арпалысқан майдан дәрігерлерінің жанкештілігі аңызға татырлық ерлік еді. Өз жанын шүберекке түйіп, өзгенің өмірі үшін арпалысқан майдан даласындағы ерлігі ескерусіз қалмай, Н. Әлібаев «Ұлы Отан соғысы», Қызыл Жұлдыз ордендерімен және бірнеше медальмен марапатталды.

Азаматы соғысқа аттанған сәтте зайыбы Күбира отбасының отын сөндірмеуге күш салды, сонымен қатар аудандық денсаулық сақтау бөліміне басшылық етті. Жан дүниесі мейірімге толы дәрігердің қиын кезеңде жетім-жесірлерге көрсеткен қамқорлығы жайлы ел арасында сақталған естелік өте көп. Күбира Дәулетқызының соғыс жылдарындағы ел-жұрттың мүддесі үшін атқарған жанкешті еңбегі еленіп, 1943 жылы «Құрмет белгісі» орденіне лайықты деп танылды.

Насихат Төреғазыұлы соғыстан аман-есен елге оралғаннан кейін оның отты жылдардағы ерлігі мен толымды тәжірибесі ескеріліп, облыстық аурухананың бас дәрігері қызметіне тағайындалады. Материалдық-техникалық әлеуеті өте мүшкіл, медициналық қызметкерлер қат кезеңде басшылыққа келген еңбекқор азамат бұл мекемені аз уақыттың ішінде аяққа тұрғызып, қалыпқа келтіреді. Өздері ауылдан көшіп кеткенімен, ауылдастарына бүйрегі бұрып тұратын ерлі-зайыпты Әлібаевтардың үйіне басы ауырып, балтыры сыздағанда Жымпиты мен Қаратөбенің тұрғындары именбей келіп, жандарына сая, сырқаттарына шипа тауып қайтады екен. Келген қонағын мүлдем танымаса да, құдасындай күтіп, төрінен орын ұсынатын жандардың жанашырлығы мен қарапа-йымдылығына таңдай қағып там-санбаған жан болмаған десек, артық айтқанымыз емес. Елдің ақ батасының арқасы шығар, Насихат ағамыз қандай істі қолға алып, қай саланы басқарса да, айы оңынан туып, жақсы ісімен, мақтаулы атымен таныла білді. Кадр жетіспеушілігі күйіп тұрған кезде облыс аумағындағы медициналық мекемелер, әсіресе, шалғай  аудан-ауылдардағы емдеу орындары үшін дәрігер мамандар даярлау қажеттілігі туындады. Дәл осы жауапты міндет Н. Әлібаевқа жүктеліп, ол 1952 жылы Орал медициналық техникумының директоры қызметіне тағайындалады.

Оған үш-төрт жыл көлемінде облысымыздың оңтүстік аудандарын мейірбикелермен толықтай қамту, медициналық білім алушылар қатарына қазақ қыздарын көптеп тарту қатаң тапсырылды.

Өзіне жүктелген сенім үдесінен шыға білген Насихат Төреғазыұлының ұйытқы болуымен сол кезеңде көптеген маман даярланып, олар аудандық ауруханалар мен шет ауылдардағы медициналық пункттерге жолданды. Уақыт өте  келе, негізгі мамандығынан тыс қалмау мақсатында Насихат Төреғазыұлы білім беру саласынан практикалық медицинаға, яғни емдеу ісіне қайта бет бұрып, Орал қалалық ауруханасының бас дәрігері қызметіне бекітіледі. Оның есімі осы кезеңде әріптестері арасында ғана емес, бүкіл республикаға мәлім болып, мақтаулы маман, білікті басшы ретінде аталып жүрді. 1965 жылы денсаулық саласына сіңірген зор еңбегінің лайықты өтеуі ретінде Насихат Әлібаевқа «Қазақстанның құрметті дәрігері» атағы берілді.

Күбира Дәулетқызы да 1946 жылдан бастап зейнет демалысына шыққанға дейін дәрігерлік қызметті адал атқарып, 1961 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері атанады. Насихат ағамыз 1970 жылы 57 жасында, ал асыл жары 88 жасында өмірден өтті.

Адам жанына арашашы, айналасына жанашыр жандардың шаңырағында көрінген ұл-қыз ата-ана жолынан алыстамай, іздерін басты, жолдарын қуды. Әлібаевтар әулетінің ел ішінде дәрігерлер династиясы деп аталуы тегін емес, осы шаңырақта біраз адам, өздеріне қоса ет жақын тума-туыста-рының қатарында да денсаулық саласында еңбек етіп, жақсы атымен танылғандар өте көп. Насихат ағамыз бен Күбира апамыздың қыздары Саида мен Бақыт, туған іні-келіні Саясат пен Фарзана, сондай-ақ ұлдары Сапардың зайыбы Гауһар дәрігерлікті таңдап, бұл бағытта біраз биікті бағындырды. Ұлдары Сапар ғана инженер мамандығын қалап, Батыс Қазақстан аумағындағы біраз жол құрылысына үлес қосты.

Ұл-қызына лайықты әке, өз саласында сыйлы маман, білікті басшы бола білген Насихат Төреғазыұлының есімін ұлықтау, ел жадында жаңғырту мақсатында, сондай-ақ біздің облысымызда денсаулық саласының нық қалыптасып, қарышты дамуына зор үлес қосқан тұңғыш кәсіби білімді дәрігер ретінде Орал қаласындағы жоғары медициналық колледжге және аудан немесе Орал қаласының орталығындағы көшеге аты берілсе, азаматқа ең лайықты құрмет болар еді. Ел ішінде аталмыш медициналық колледжге басқа тұлғаның атын беру туралы ұсыныстар айтылып жүргендігінен хабардармыз, дегенмен денсаулық сақтау саласына сіңірген еңбегі мен төккен терін таразылай келсек, Насихат Төреғазыұлының үлесі ерекше екендігі шүбәсіз.

Бақтығали Ахметов,

ҚР еңбек сіңірген дәрігері,

Қозыкеш Омаров,

БҚО медицина ардагерлері

қоғамдық бірлестігінің төрағасы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале