13.02.2020, 17:10
Оқылды: 107

«ENBEK - QOLDAU» порталы мүмкіндігі шектеулі жандарға тиімді

Бүгін облыс әкімінің орынбасары Бибігүл Қонысбаеваның төрағалығымен өткен жиында мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамтамасыз ету мақсатында жасақталған «ENBEK - QOLDAU» порталының таныстырылымы өтті.

bibigul (1)

Жиналғандарды аталған тың жобаның мүмкіндіктерімен облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Алтай Құлқаев таныстырды. Оның айтуынша, бүгінде өңірде 24 401 мүмкіндігі шектеулі адам тұрады. Бұл көрсеткіш аймақ халқының жалпы санының 3,7%-ын құрайды. Олардың ішінде сегіз мыңнан астамы еңбекке жарамды азаматтар екен. Өткен жылдың қорытындысы бойынша бұл санаттағы мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған. Сондай-ақ қазіргі уақытта мүмкіндігі шектеулі 3 652 тұрғын ғана қызметтің түрлі салаларында жұмыспен қамтылған. Жұмыс беруші мүмкіндігі шектеулі адамдарды жұмысқа қабылдағысы келсе де, арнайы мамандарды табу қиындық туғызып отырған көрінеді.

bibigul (2)

Айта кетелік, тыңнан іске қосылған «ENBEK - QOLDAU» порталында аудандар мен қала бойынша мүмкіндігі шектеулі еңбекке жарамды азаматтар (жасы, білімі, кәсібі, мүгедектік тобы, мекенжайы, байланыс телефоны және т.б.) туралы толық ақпарат орналастырылған. Ендігі жерде кез келген жұмыс берушінің аталған портал арқылы өзіне қажетті һәм біліктілігі сәйкес келетін мүмкіндігі шектеулі азаматты еңбекке тартуға мол мүмкіндігі бар. Бұл ақпарат бір мезгілде жұмыспен қамту орталығына ескерту ретінде келіп, аталмыш орган мүгедектерді жұмысқа орналастыру бойынша шаралар қабылдайтын болады. Яғни, "ENBEK - QOLDAU" порталының арқасында екі тарап өзара тиімді ынтымақтастық орната алады.

bibigul (6)

-Бүгінгі таңда елімізде мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік тұрғыдан қорғау, оларды қоғамға етене араластыру, жұмыспен қамту секілді шаралар қолға алынуда. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, еңбекке қаблетті  мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамтамасыз ету мақсатында біздің тарапымыздан «ENBEK - QOLDAU» порталы жасақталып, іске қосылды.

bibigul (5)

Бұл жобаны тұрғындар арасында кеңінен насихаттау қажет. Облыстағы барлық мекеме-кәсіпорындар мен жеке кәсіп иелері жаңа жобаны тиімді пайдаланып, мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа орналастыру мақсатында белсенді жұмыс жасау керек, - деп түйіндеді сөзін Бибігүл Қонысбаева.

Нұрбек Оразаев

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале