9.07.2018, 14:28
Оқылды: 30

Еңбек шартын жасадыңыз ба?

Оралдағы Достық үйінде 2018-2019 жылдарға аталған «Еңбек шартын жасаңыз» республикалық акциясы шеңберінде форум өтті.


 

Батыс Қазақстан облысының Кәсіподақтар орталығының әлеуметтік әріптестермен бірге ұйымдастырған  форумына ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты С.Имашева, мемлекеттік құрылымдар мен жұмыс берушілер қатысты. Басқосуды облыстық кәсіподақтар орталығының  төрағасы Ербол Салықов жүргізді.

- Кәсіподақтардың негізгі міндеті - жұмысшы мен жұмыс берушілер арасында туындайтын мәселелерді дер кезінде шешу. Ол үшін кәсіпорындардағы кәсіподақ ұйымдары барлық тараптан ынтымақтастықта болуға тиіс. Мемлекетті дамытатын бірден бір фактор еңбек екені сөзсіз. Ал еңбекті жүзеге асырушылар - жұмысшы мамандар мен еңбекке жарамды қызметкерлер. Дегенмен көп жағдайда жұмыс беруші мен жұмысшының арасында көптеген кикілжіңдер мен келіспеушіліктер туындап отырады. Олардың  алдын алудың бірден бір жолы – еңбек шарты, - деген Ербол Ғұмарұлы жұмысшыларды еңбек шартынсыз жұмысқа алу әлі күнге өзектілігін жоймаған мәселе екенін атап өтті.

Еңбек шартысыз жұмыс жасайтындардың дені құрылыс, сауда, қоғамдық тамақтану орындары мен ауыл шаруашылығы саласында еңбектенетіндер болып отыр. «Елімізде 9 миллионға жуық жұмысқа жарамды адам бар болса, оның шамамен 500 мыңы - жұмыссыздар. Ал миллионнан астамы заңды түрде еңбек шартын жасасып, жұмыс жасауда. Өзін өзі жұмыспен қамтыған екі миллион  адам  жұмыс жасап, жалақы алғанымен,  ресми түрде тіркелмеген. Ірі кәсіпорындар жұмысшымен  еңбек шартын жасасады. Ал дүкендер, шаруа қожалықтары, құрылыс секілді шағын бизнес секторларында жалақыны конвертпен бергенді  ыңғайлы деп есептейтіндер бар. Мысалы, жұмысшылар ешқандай жарна аудармай-ақ жалақыларын толық алғысы келеді. Еңбек заңнамасының сақталуына жұмыс беруші мен жұмысшының  жауапкершілігі бірдей. Елімізде  «Еңбек шартын жасаңыз» деген акция өткізудеміз. Алайда нәтиже жоқ. Еңбек шартынсыз жұмыс жасайтындар әлі бар. Бұл – акция, жазалайтын шара емес. Еңбек инспекциясының мұндай жауапсыз жұмыс берушілерді жазалап, шаралар қолданатын құқығы бар. Бірақ елімізде шағын бизнеске  жан-жақты қолдау білдірілуде. Сондықтан да осындай түсіндіру-ақпараттық  шаралары жүріп жатыр. Алайда жұмысшы тарапынан жұмыс берушінің еңбек шартын жасамайтыны жөнінде шағым түсетін болса, ол жұмыс беруші тексерілетін болады. Ал қазір екі тараптан да шағым жоқ», - деді ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, заңнама және сот құқықтық реформа комитетінің мүшесі Снежанна Имашева.

Шара барысында сондай-ақ БҚО Еңбек инспекциясы бойынша басқарма басшысы Азамат Айтуев, «Атамекен» БҚО кәсіпкерлер палатасының директоры Сәкен Карин, БҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Нұрболат Абдуллов, «Әлеуметтік сақтандыру қоры» КЕАҚ БҚО филиалының бөлім басшысы Қуаныш Сансызбаев, облыстық салалық кәсіподақ ұйымының төрағасы Марат Даупаевтар баяндама жасап, әр салада атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, аталмыш мәселені шешу жөніндегі ойларымен бөлісті.

Жалпы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, ҚР Кәсіподақтар федерациясы және «Атамекен» ҰКП ұйымдастырған «Еңбек шартын жасаңыз» республикалық акциясы еліміздегі бейресми еңбек қатынастарына жол бермеу мен оларды анықтауды, азаматтардың еңбек саласындағы өз құқықтарынан хабардар болу деңгейін арттыруды мақсат етті.

Ясипа РАБАЕВА,

«Орал өңірі»

Суретке түсірген Рафхат Халелов

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале