30.10.2019, 11:52
Оқылды: 330

Еркебұланның ерлігі

Қазанның  27-сі  күні  Орал  қаласы  аумағында  Шаған  өзені  көпірінен  секірген  қызды  полиция қызметкері  құтқарып  қалды. Арнайы  жасақ  құрамында  қызмет  ететін сардар  ұзын  бойлы, шымыр  денелі, өңі  қара  торы  келген жігіт  екен.  Жексенбі  күні  көптің  назарын  аударған  оқиға түс  әлетінде  болған.

– Түнгі кезекшілік ауысымын сәтті табыстап, таңнан бері қалада шаруамды ыңғайластырдым. Отбасыммен бірге Шаған өзенінің үстіндегі көпір арқылы автокөлікпен келе жатыр едім. Көліктің айнасынан көпір жақтауынан секіргелі тұрған қыздың оғаш қимылын байқап қалдым, – деді журналистерге сұхбат берген Еркебұлан.

Көпірдің екінші бетіне тоқтап, автокөліктен түскенше, қыз көпірден секіріп үлгерген. Бір топ балықшы өзен бойында дәрменсіз күйде тұр екен. Кейбірі ұялы телефон камерасына түсірумен ғана шектелген. Өзен жағасына жүгірген жауынгер лезде киімін шешіп, суға қойып кетеді.

DSC_0064

– Қыздың шашы мен қолдары жайылған күйі су бетінде қалқып тұрды. Су бетінде шалқасынан жатқан соң, құтқару әдісіне байланысты шашынан тарта отырып, көпір астындағы бағана тұсына алып келдім. Тіреудің жанындағы бетонның ернеуі жалпақ, кісі сиярлық орын бар. Бетон үстіне қызды алып шығып, алғашқы медициналық көмек көрсеттім. Қыздың киімдеріне су сіңіп үлгеріпті. Жасанды тыныс алдырған соң, жұтып құйған суын құсты. Есін жиған соң «Мен өлдім бе? Қайда жатырмын?» – деп күбірлеумен болды. Аяқ-қолын уқалап, бойына қан жүгіртуге тырыстым, – дейді жігіт.

Балықшылардың жедел желілерге қоңырау шалуымен төтенше жағдай қызметкерлері мен «Жедел жәрдем» көлігі санаулы минутта келген. Олар қызға көмек көрсетіп, арнайы құрал-жабдықпен жағаға жеткізген. «Қыздың өмірін құтқарғанымды ерлік деп санамаймын. Азаматтық борышына адал әрбір жанның қолынан жақсылық жасау келеді. Ел-жұртыма қызмет ету – Отан алдындағы парызым», – деді жауынгер.

БҚО полиция департаментінің оқу-жаттығу взводының командирі, полиция подполковнигі Жақсылық Қазмағамбетовтің айтуынша, арнайы бөлініс құрамында Еркебұлан бұған дейін де үлгілі қызметімен көзге түскен.

– Жауынгердің лезде шешім қабылдап, 1999 жылғы бойжеткеннің өмірін сақтап қалғаны – біз үшін үлкен мерей. Қызметкерлерімізге адам өміріне қауіп төнгенде жедел жәрдем берудің тәсілдерін үйретеміз. Еркебұлан қауіпсіздік нұсқаулығының талаптарын іс жүзінде сауатты қолданды. Кәсіби тұрғыда жедел қимылдап, суға жүзер алдында киімдерін шешіп үлгерді. Суға батқан адам тырмысам деп, жанталасқа түскенде құтқарушының киіміне жабысып, кедергі келтіруі мүмкін еді. Өзеннің орта тұсына құлаштап жүзіп келгенде кез келген адам шаршайды. Оның үстіне күз маусымында өзен суы өте салқын болатыны түсінікті. Дені сау адамның да аяққолы құрысып қалады. Сондықтан жақын маңдағы бетон алаңқайға шығып, екеуінің де өміріне төнген қауіпті азайтқан. Одан кейін алғашқы медициналық жәрдем көрсетіп, ес-түссіз жатқан қызды ажалдан аман алып қалғаны қуантты, – деді взод командирі.

Көпірден секірген қыз бетон тіреуге соқтығысып, жарақат алудан аман қалған. Көпір тұсындағы Шаған өзенінің тереңдігі үш метрге жуықтайды. Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, облыс бойынша жыл басынан бері 130 суицидтік факт тіркелген. Оның 47-сі өліммен аяқталған. Биыл өмірімен қош айтысуға шешім қабылдаған үш тұрғынды полицей қызметкерлері ажалдан  арашалап  қалған.

Нұртай Текебаев

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале