7.12.2017, 14:44
Оқылды: 58

Есен Елеукен: «Жайдарман ойыншыларының тілі таза емес деп жатады...»

 

Батыс Қазақстан облысы әкімі жүлдесіне арналған республикалық Жайдарман фестивалі өтті.

Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-нің акт залына жиналған студенттердің қарасы мол болды. Фестивальде «Қазақстан КВН Одағы» РЖҚБ Ақжайық КВН лигасы «Ақжайық жастары»,  М.Өтемісұлы атындағы БҚМУ-нің «Сіздер үшін», БҚО инновациялық технологиялық университеті, педагогикалық факультетінің  «Жаңа толқын» жергілікті командалар, «Сыр елі» Қызылорда құрамасы, биылғы жылғы республикалық жоғары  лига сайыстарының күміс жүлдегері, М.Әуезов атындағы ОҚМУ-нің «Байдың балалары» (Шымкент), ақтөбелік «Фемида», республикалық жоғары лига сайыстарының финалдық бәсекесінде өнер көрсетіп, көрермен көзайымы атанған Атырау облысының «Сағыз» құрамасы өнер көрсетті.

Ойын алдында «Қазақстан КВН Одағы» РЖҚБ президенті Есен Елеукенмен аз-кем сөйлесудің сәті түскен еді.

- Есен  Баймұханбетұлы, әр өңірдің ойыншыларын білесіз. Оралдықтардың өнеріне көңіліңіз тола ма?

- Жайдарманның Орал қаласындағы ұйымдастырылуына көңілім толады. Жаңадан командалар өсіп келе жатыр. Балалардың ойынға деген қызығушылығы жаман емес. Тәжірибе жинақтау керек. Бұл шараны елімізде ең бір қасиетті, басқа мерекелерге қарағанда ерекше мейрам - Тәуелсіздік күні алдындағы мерекелік іс-шара деп айтуға болады.

– Елімізде жастарға ұлттық құндылықтарды насихаттау кең белең алуда. Сіз көп жылдан бері жастармен бірге жұмыс жасайсыз. Жастардың рухани жаңғыруға қосатын үлесі қандай деп ойлайсыз?

- Рухани жаңғыру дегенде бірінші кезекте тілді айтар едім. Ал енді тіл мәселесін шешіп алмай, мемлекеттік тілді ұлықтамай басқа әңгіме айту ұят сияқты. Өткен тарихты білген дұрыс. Сонымен қатар жаңалыққа, жаңа нәрсеге, әлемдік деңгейдегі дүниелерге ұмтылғанымыз дұрыс. Жастар тіл үйренсін. Кейде ағылшын тілін үйренсе, ағылшын немесе американдық болып кетеді деген түсінік кездеседі. Тіл дегеніміз - құрал. Әлемдік дүниеге шығу үшін міндетті түрде тіл керек. Сондықтан да жастар көп оқу керек, көп іздену керек, Ахмет Байтұрсынов «Басқадан кем болмау үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болу үшін оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Ал күшті болуға бірлік керек» деп айтқан екен. Саналы дүниеде біз бірігуіміз керек.

- Ал жайдарманшылардың тілге деген көзқарасы қандай?

- Бұрын біздің кезіміздегі жастар басқа тілді білмесе ұялып, кішкене қысылатын. Қазір олай емес. Кейде Жайдарман ойыншыларының тілі таза емес деп жатады. Жергілікті диалекті бар, көшенің әңгімесі бар. Бұлар кәсіби адамдар емес, олар әуесқой ойыншылар. Жайдарманға бар болғаны 5-6 жыл уақытын ғана бөледі, сосын әрі қарай өзінің жұмысы бойынша кетеді. Сондай-ақ олар театрда жүрген адамдар емес. Бірақ жастарды барынша үйретіп, тілін барынша «тазалап» шығарып жатырмыз.

Жайдарманның жастары бұл жолы да көрермендерінің ыстық ықыласына бөленді. Жастардың өнерін тамашалаған облыс әкімі Алтай Көлгінов марапаттарды өзі табыстады. Жеті топтың ішінен үздік шыққан «Қызылорда құрамасы» 1-орын алып, сары алтындай кубокқа иелік етті. Ақтөбелік «Фемида» 2-орыннан көрініп, үздік үштікті оралдық «Жаңа толқын» командасы түйіндеді. Ал Шымкенттен келген «Байдың балаларының» ойыншысы Ұлан Мықтыбек «Үздік ойыншы» атанды.

Ясипа РАБАЕВА,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале