6.12.2019, 15:49
Оқылды: 120

Есімі ел есінде

Әкем Сатқали Сапарұлы тірі жүрсе, осы күндері 91 жасқа толар еді. Өкінішке орай, сұм ажал оны 1976 жылы желтоқсанның аязды 5 жұлдызында 48 жасында өмірден алып кетті. Сол күнге дейін жауған күзгі жаңбырлардың ылғалы жерге сіңіп үлгере алмай, бір күнде қатып қалды. Марқұмның жерге түскен желтоқсанның 8-і күні ызғырық аязға айналды. Табиғаттың өзі тулағандай болды. Амал нешік, Жаңақала елі, жан-жақтан келген кісілер әкемізді соңғы сапарына шығарып салды. Міне, содан бері 43 жыл өтті.

сапаров

Сапаровтар әулеті атынан Жаңақаланың халқына, сол қиын уақыттарда қайғымызға ортақтасып, қасымыздан табылып, осы күнге дейін әкемізді есте сақтап жүргені үшін үлкен алғысымызды білдіргім келеді. Елдің азаматтарына, әкемізбен бірге қызметтес болған, ауданның шаңырағын бірге көтерген аға буын өкілдеріне, ауданның бұрынғы және бүгінгі басшыларына да алғысымыз шексіз. 18 жыл аудан басқарған марқұм Төлеген Мерғалиев әкеміздің шәкірті екенін мақтан тұтатын, «Сәкеңнің тәрбиелеген кадрымын» –  деп айтып жүретін. Сонымен бірге «Сәкеңнің қолынан партбилет алып келдік», «Сәке бізге жас болсақ та сеніп, жауапты жұмыс тапсырып еді» –  деп жүрген азамат-азаматшаларға мың сан рақмет.

Әке деген әр адамға ыстық. Кешегі бала ер жеткен соң өзі де шаңырақ құрады, әке болады. Қашық жүрсе, әкесіне келіп сәлемдесіп, көріп кетуге асығады. Содан да болар, «Әкеңнің қадірін балалы болғанда білерсің» деген халықта дана сөз бар.

Ал әкең  өмірден  өтіп кетсе не істейсің? Әкеңді естен шығармайсың. Бүкіл өміріңді, еңбек жолыңды әкеңнің көзқарасымен ұштайсың. «Не дер еді?», «Қандай баға берер еді?», «Дұрыс дер ме еді?». Оның сыртында әкенің аты мен абыройына ұят, дақ келтірмейін, беделін түсірмейін, себебі ол енді келіп ақтала алмайды деген оймен өмір бойы жүресің, өмірің мен еңбек жолыңды бағыттайсың. Бұл – жеңіл емес, бірақ әкеңнің алдында балалық парызыңды өтейтін бір-ақ жол. Сондықтан әкемді есімнен ешқашан шығармаймын.

Әкем еңбекқор, патриот, досқа адал, үлкенді де, кішіні де үлкен адамдай сыйлайтын. Ол жастарға ұдайы қамқорлық жасап, болашақтарын бағыттап берген тәлімгер де, ақыл-ойы терең, салиқалы жан еді. Әкеміз елуге жетпесе де, біздің қазіргі жасымыздан кіші болса да, көреген әрі қазына адам болды, болашаққа үлкен үмітпен қараған. Бір мысал. Сол суық мезгілде әкеміздің қызмет бөлмесіндегі сейфті ашу үшін әулеттің атынан бір кісі болуы керек деп айтқасын, анам мені жіберді. Сейфтің ішінде көп ештеңе болған жоқ, бірақ Жаңақала ауылының бас жоспарының жобасы жатыр екен. Арасында жеке заттары, қағаздары жоқ па екен деп қарадық. Сол кезде көзіме түскені – жоба бойынша ауылдың Соркөлге дейін салынатыны, мектептердің, балабақшалардың, аутобекет, тағы басқа ғимарат орындарының жобалары болды. Міне, соның бәрі бүгінде жүзеге асып отыр. Қазірде Жаңақала ауданының даму жолы одан әрі жалғасуда. Осының бәрі аудан халқы мен іс басында жүрген азаматтардың бірігіп, қоян-қолтық жұмыс істеп, қиын уақыттарда бір-біріне бәйтеректей пана, қарағайдай сая бола білгендігінің нәтижесі деп есептеймін. Сондай бауырмалдық қасиеттердің бәрін әкеміз орнықтырып кетті ме деп ойлаймын.

Олай болса, әке, енді армансыз жатқан боларсың. Жаңақалаң алдыңғы қатарлы ел болды, халқыңның ауызбіршілігі жоғары. Өзіңмен қатар жүрген азаматтар бүгінде қазына қарияларға айналды. Шәкірттерің ел басқарды, ұрпақтарың өзіңді естен шы-ғармайды. Балаларымның біреуі жолымды қуғай деп едің, ол мақсатың да орындалды. Өзіңді әрдайым үлгі тұтатын немерелерің мен шөберелерің өсіп келе жатыр.

Жан әкеміздің жатқан жері жайлы, топырағы торқа, иманы жолдас болсын.

Табылғали Сапаров

зейнеткер,

Жаңақала және Тасқала аудандарының Құрметті азаматы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале